Елімізде суық қолды браконьерлерге қарсы күрес жүргізілмейді деуге болмайды. Жыл сайын «Бекіре» аталатын кең ауқымды акция өтеді. Дерекке жүгінер болсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі биылғы 31 наурыздан бері Каспий су айлағында браконьерлік әрекеттің жолын кесу, бекіре тұқымдас бағалы балықтар қорын күзету мақсатындағы шара кезінде 98 құқық бұзушыны ұстады. Оның ішінде мемлекеттік шекара режімін бұзған 14 азамат бар. Ал 71 адам аумақтық және ішкі су (теңіз) режімін бұзушылардың қатарында аталады. Сондай-ақ 65 жүзу, 42 қозғалтқыш, 4 көлік, браконьерлік аулау құралына жататын 236 шақырымнан астам ау, ілмегі бар арқан, 66 тұзақ, 55,1 мың ілмек тәркіленді.
Ел шебін міз бақпай күзететін шекарашылардың жедел әрекетінің нәтижесінде браконьерлердің заңсыз айналымынан 763 дана (3,8 мың кило) бекіре тұқымдас, 4947 дана (2,5 мың кило) ұсақ тұқымды балық, сондай-ақ 43 итбалық алынды. Браконьерлердің келтірген зияны 85,6 млн теңгеге бағаланып отыр. Ал табиғи тіршілік ортасына 3824 тірі балық (оның ішінде 695 бекіре тұқымдас) пен 43 итбалық жіберілді. Құқық бұзушыларға 1,88 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 1 млрд теңгеден астам экологиялық залалға жол берілмеді.
Шекарашылар биылғы 18 қыркүйекте Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан «Байда» және «Бударка» жүзу құралдарын тоқтатып, екі азаматты ұстады. Жүзу құралдарынан жалпы салмағы 245 килоны құраған 64 дана бекіре тұқымдас балықты тәркіледі. Браконьерлер теңіз түбіне тастаған ауларды тез әрі дәл табу үшін GPS навигаторын қолданатыны анықталды. Шекарашылар бұл құралды да тәркіледі. Ал екі адамның табиғатқа келтірген зияны 100 миллион теңгеден асуы мүмкін.
Мұндай табиғат байлығына суық қолын сұққандарды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де әлсін-әлсін анықтап отыр. Мәселен, маусым айында Жылыой ауданындағы «Құлсары-Сарықамыс» тас жолында тоқтатылған көліктен салмағы 600 килодан астам бекіре балығы тәркіленді. Бұдан соң қыркүйекте «Атырау-Орал» тас жолында тасымалдауға, заңсыз сатуға тыйым салынған бекіре балығы тиелген «Toyota Land Cruiser» көлігін тоқтатты.
– Көліктен 345 дана бекіре тұқымдас балық пен салмағы 200 грамм қара уылдырық табылды. Осыған байланысты көлікте болған Батыс Қазақстан облысының 28 және 29 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олар бағалы бекіре тұқымдас балықты заңсыз жолмен Атыраудан Орал қаласына жеткізбек болған. Тәркіленген бекіре балықтарының жалпы салмағы 1 тоннадан асады, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Исатай ауданының 48 жастағы тұрғынының «Lada Priora» көлігінен 75 кило 600 грамм бекіре тұқымдас балық табылды. Бағалы балық жүргізуші мен жолаушының қайсысына тиесілі екені белгісіз.
Тәртіп сақшылары 14 қазанға қараған түні Жайық өзенінің Дамба ауылы тұсында «Yamaha» аспалы моторы бар қайықты тоқтатты. Қайықтан жалпы салмағы 625 килоны құраған бекіре тұқымдас балықтардың 238 данасы тәркіленді. Осы дерекке байланысты Жаңаталап елді мекенінің 31 жастағы тұрғыны ұсталды.
Міне, Атырауда аулауға тыйым салынған бағалы балықты заңсыз тасымалдаумен ұсталғандардың әрекеті туралы деректер осылай өріледі. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілердің барлығына Қылмыстық кодекстің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бірақ құқық қорғау органдары осындай істердің немен аяқталғаны туралы деректі жария етуге құштар емес.
Ал облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының дерегіне жүгінсек, биылғы жыл басынан бері браконьерлікке қарсы пәрменді жұмыстардың нәтижесінде балық қорғау заңнамасын бұзған 1886 дерек анықталып отыр. Оның ішінде 1050 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 20 миллион 724 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салыныпты.
Браконьерлікпен күрес мәселесі тек биыл ғана қозғалып отырған жоқ. Жыл сайын бекіре тұқымдас балықтар қорына қол сұғатындардың ұсталғаны, тәркіленген балықтың көлемі жайлы ақпараттар желдей еседі. Алайда браконьерліктің тамырына балта шабылмай келеді. Бекірені заңсыз тасымалдаушылар ғана ұсталады. Ал бағалы балықты аулау үшін теңізге шығып, асау толқынмен арпалысып жүргендер кім? Заңсыз балық аулаушыларды жүрдек қайықтар мен GPS навигаторы секілді құралдармен қамтып, қолдау танытушыларды құрыққа түсіруге құқық қорғау органдарының қауқары жетпей ме, әлде олардың жолына кесе-көлденең тұратын құдіреті күшті топ бар ма?
Атырау облысы