Кеңес мүшелері бірнеше жұмыс тобына бөлініп, әрқайсысы өзі жауапты бағытта ұсыныстар дайындап, бірқатар реформаға сеп болды. 10 қаңтарға белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы да жаңа форматта өтпек. Бұл да Ұлттық сенім кеңесі шеңберінде қолға алынған бастамалар негізінде іске асып отыр. Осы орайда «Қазақстан Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов сайлау форматын өзгерту бойынша өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, елдегі саяси жүйені ескере келе, аралас сайлау жүйесіне көшу керек.
«Өзім мүше болған Саяси мәселелер бойынша жұмыс тобының құрамында бір мәселенің басы-қасында болдым. Яғни сайлауды толықтай пропорционалды жүйеде өткізбей, аралас жүйеге қайтып келуді ұсындым. Әріптестерім біздегі саяси жүйенің дамығанын ескере келе, мажоритарлық жүйенің жарамайтынын алға тартады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біздің Парламентте небәрі 3 партия орын алған. Одан бөлек көрініп жүрген тағы 3 партия ғана бар. Бұл өте аз. Сондықтан пропорционалды жүйеге негіз беру дұрыс емес.
Партиялар саны аз болғанымен, азаматтық қоғам институттары көп. Ал пропорционалды сайлау жүйесіне азаматтық қоғам араласа алмайды. Оны ескерсек, шет қалатын институттар қаншама. Сондықтан Мәжіліс пен мәслихат сайлауына олардың да қатыса алуына жағдай жасау керек. Сол кезде ғана мемлекет пен халық арасында байланыс тереңдей түседі. Ал азаматтық қоғам бұл ретте билік пен халықты байланыстырушы көпірге айналмақ.
Әу баста диалог алаңына айналуы мақсат етілген Ұлттық сенім кеңесі аясында азаматтық қоғам мәселесін көтеріп жүрген Асылбек Қожахметов бұл ретте азаматтық қоғам партияларға қарағанда билікке ұмтылмайды деген ойды алға тартады.
«Азаматтық қоғам биліктің жұмысына бақылау жасай алатын болса, халықтың белсенділігі, өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы артар еді», деді ол. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңестің жұмысындағы негізгі мәселелердің бірі – азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу. Сонымен бірге қоғамдық кеңестер де азаматтық қоғамның айнымас бөлшегі екеніне тоқталып өтті.
«Шын мәнінде, азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер бірін-бірі толықтырып тұруға негізделген құрылымдар. Сол уақытта қазақстандық қоғам әлдеқайда белсенді бола түседі. Мәселен, қазіргі уақытта министрліктер мен облыстық, аудандық әкімдіктер жанында 226 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 75 пайызы азаматтық қоғам өкілдері. Өкініштісі, министрліктер мен әкімдіктерде құрылған қоғамдық кеңестер қызметінің мазмұны оларға жүктелген міндеттерге сай келе бермейді. Қоғамдық кеңестер өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмай жатыр», деді ол.
Асылбек Қожахметов өз сөзінде Ұлттық кеңес қоғамдық кеңестерді шоғырландырушы әрі ынталандырушы құрылым болғандықтан, оның құрылымын әлі де дамыта түсу керек деген пікір білдірді.
«Жергілікті және аймақтық Қоғамдық кеңестерден сол өңірдегі әлеуметтік хал-ахуалды біліп отыру үшін Ұлттық кеңеске қоғамдық сараптамалар керек. Осындай әрекеттер Қоғамдық кеңес жұмысын жақсартудың бір жолы болар еді. Аймақтың және салалық Қоғамдық кеңестің өкілдерін Ұлттық кеңестің жұмысына және жұмысшы топтарына тарту керек деп ойлаймын», деді ол.
Сайлау мәселесіне қайтып оралсақ, биыл елімізде алғаш рет партияішілік сайлау, яғни праймериз өткізілді. Сонымен қатар биыл Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, нәтижесінде партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота ұсынылды.