Басылымды таныстыра отырып, жоба жетекшісі Нұргүл Қарағойшина қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300 сот актілерінен және көлемі 700 беттен тұратын жинақты әзірлеуге бір жылға жуық уақыт кеткенін хабарлады. "Жинақ материалдарын ғылыми талдау үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң және филология факультеттерінің ғалымдарына жүгіндік. Заң сараптамасын аумақтық органдардың және Жоғарғы Соттың судьялары жүргізді", деді Н.Қарағойшина.
Көп сатылы тексеруден кейін ЮСАИД қолдауымен кітаптың 1 мың данасы шығарылды.
"Сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілері" жұмыс барысында пайдалану үшін аумақтық органдарға жіберілді. Н.Қарағойшина жинақтың редакциялық алқасы – Ж.Асанов, Д.Әміров, Н.Шәріпов, А.Мерғалиев, Ө.Ыбыраев, Е.Боранбаев, Н.Қайыпжан, Г.Дүйсенбаев және А.Жүкеновке заңгерлік сараптама жүргізуге көмектескендері үшін ризашылығын білдірді. Б.Мұхитденова мен Г.Сәбитованың жинақты шығаруға қосқан үлестері атап өтілді.
Н.Қарағойшинаның айтуынша, судьялар мен сот қызметкерлері үшін қосымша көмекші құрал шығару іс жүргізу тілін жетілдіруге және сот актілерінің сапасын арттыруға ықпал етеді.