Әлем • 29 Қазан, 2020

Індет қайта өршіп барады

598 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шартараптың түкпір-түкпірінде коронавирус індеті күннен-күнге қайта өршіп барады. Көктемде пандемия салдарынан шекарасын жауып, локдаун енгізген Еуропа елдері күзден бастап қайтадан етек-жеңін қымтай бастады. Өйткені қатерлі дертті жұқтырғандар көбейіп, індеттің екінші толқыны оңай тимей тұр. Қазірге дейін 45 миллионға жуық адам COVID-19 жұқтырса, соның 1 миллион 174 мыңы қайтыс болды.

Әлемнің 8 елінде сырқаттанғандар саны миллионнан асып үлгерді. Ұлыбритания да осы межеден асуға жақын қалған. Кейінгі бір апта ішінде жер-жаһандағы тіркелген науқастар саны 400 мыңнан азаймай тұр. Осыған байланысты көптеген мемлекет карантиндік шараларды қатаңдатып, көшеде де, жабық ғимараттарда да маска тағуды міндеттеді. Тіпті қайтадан локдаун жариялаған елдер де бар.

Сарапшылардың айтуынша, мұның бәрі тұрғындардың шектеу шараларына мән бермеуінен болып отыр. Өйткені індеттің бірінші толқыны бәсеңдеген соң адамдар бейқамдыққа түсіп, арақашықтық сақтау, қорғау мәселелерін назардан шығарып алған.


Індет қайта өршіп барады

 

Францияда өткен дүйсенбіде 52 мыңнан астам науқас анық­талды. Осыған байланысты ел билігі дабыл қағып, шектеу шараларын күшейтуге кіріспек. Ел президенті Эммануэль Макрон министрлер кабинетімен кез­де­сіп, пандемиямен күресу мәселелерін талқылады.

Премьер-министр Жан Кас­тенің айтуынша, жиын барысында денсаулық саласындағы қиындықтарды еңсеру мәселесі қаралған. Дегенмен билік өкілдері көктемдегідей локдаун енгізу бизнес­ке зор соққы әкеледі деп есептейді. Осыған байланысты, вирус­тың екінші толқынымен күресте мұн­дай шектеулерді енгізбеуге мүдделі.

Індет жұқтырғандар саны қайта көбейген Париж бастаған бірнеше үлкен қалада 17 қазаннан бастап коменданттық сағат ен­гізілді. Ден­сау­лық саласына жауапты мекеме өкіл­дерінің сөзіне сүйенсек, вирустың қайта өршуіне адамдардың әлеуметтік қашықтықты сақтамауы, каран­тиндік талаптарды орындамауы әсер етіп отыр.

Қазіргі таңда Францияда қатерлі дертті жұқтырғандар саны 1 мил­лион 138 мың адамнан асып, 35 мыңға жуық нау­қас ажал құшты. Әсіресе күз бас­талғалы бері COVID-19-дың құры­ғына шалдыққандар саны күрт артты.

Испанияда да вирус жұқ­тыр­ғандар саны миллионнан асты. Пире­ней түбегінде індет бірден күрт көбей­месе де, науқастар саны күн са­нап артып келеді. Бұл елде де бақи­лық болғандар саны 35 мыңға жуықтаған.

Осыған байланысты Испания билігі өткен жексенбіде төтенше жағдай жариялап, бүкіл ел аумағында карантин жариялады. Пандемия қатты тарамаған Канар аралдары ғана әзірге мұндай шектеуден ада.

Италия үкіметі тұрғындарға Еуропаның басқа мемлекеттеріне бармауға кеңес береді. Бұған құр­лықтағы ахуалдың нашар­лауы себеп. Сыртқы істер министрінің хабарлауынша, карантиндік шаралар қатаңдатылса, шетелге барған италиялықтардың сонда қалып қою ықтималдығы жоғары.

Сондай-ақ сыртқы істер ми­нистрлігі Апеннин түбегі тұрғын­дарының Еуропадан алысқа бармауын сұрап отыр. Өйткені әлемнің басқа түкпірлеріндегі жағдай да тұрақсыз.

Ел билігінің мұндай ескерту жасауы бекер емес. Көктемде індет күшейгенде 100 мыңнан астам италиялық шетелдерде қалып кеткен еді. Үкімет оларды елге әкелу үшін қыруар қаржы мен күш жұмсады.

Коронавирустың Еуропадағы алғашқы ошағы саналған Италияда бүгінде 550 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Ал қайтыс болғандар саны 38 мыңға таяп қалды. Қазан басталғалы бері Апеннин түбегіндегі эпиде­миялық ахуал күрт нашарлап, науқастар саны артып келеді.

Бельгияда да жағдай күрделі. Бір апта бойы күнделікті тіркел­ген науқастар саны 12 мыңнан азаймай тұр. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, тест тапсырғандардың әр бесіншісі вирус жұқтырғаны анықталып отыр. Өкінішке қарай, ажал құш­қан­д­ардың да саны көбейіп барады. Мәселен, өткен аптада күніне қырық шақты адам бақиға аттанған. Қазір елдегі ауруханаларда жатқан науқастар да көп.

Дүйсенбі күні ел билігі карантин талаптарын күшейтті. Шектеу шаралары 19 қарашаға дейін жалғаспақ. Уаллония аймағы мен Брюссельде комен­данттық сағат енгізілді. Адам­дар көшеде де, ғимаратта да мас­ка тағуға міндетті. Кинотеатрлар, театр­лар, спорт орталықтары жабыл­ды. Келесі аптадан бастап мек­теп оқу­шы­ларының демалысы ұзар­тылып, қашықтан оқытуға көшпек.

Германияда да вирус күшейіп келеді. Канцлер Ангела Меркель індетті бақылау қиындап бара жат­қанын айтып дабыл қағып отыр. Оның сөзіне сүйенсек, алда неміс хал­қын бірнеше ай бойы өте қиын ке­зең күтіп тұр. Гер­маниядағы ахуал күр­делі әрі әр күн вируспен күресуде маңызға ие.

Чехиядағы эпидемиялық жағ­дай да қиындап барады. Денсаулық сақтау министр­і Роман При­му­ланың сөзіне сүйенсек, корона­вирус жұқтырғандар саны көбе­юі­не жол бермес үшін елде комен­дант­тық сағат енгізілді. Соған сәйкес тұрғындарға 28 қазан мен 3 қараша аралығында 21.00-ден 05.00-ге дейін көшеге шығуға тыйым салу туралы шешім қабылданды.

Министрлер кабинеті барлық мемлекеттік және жеке ұйымдар мен компанияларға жұмысты қа­шықтан жалғастыруды ұсын­ды. Сондай-ақ 27 қазанда үкі­мет парламенттен төтенше жағдай режімін тағы 30 күнге ұзартуды сұраған. Қазіргі таңда Чехияда 162 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған, соның ішінде 2337 науқас қайтыс болған.

Португалияның кез келген тұр­ғыны көшеде маска тағуға мін­дет­телді. Ел парламенті осындай заң қабылдады. Оған бағынбаған­дар бір­ден жауапқа тартылмақ. Айып­пұл көлемі 500 еуроға дейін баруы мүмкін. Бұдан бөлек, Португа­лия үкіметі тұрғындарға Хэллоуин мерекесі кезінде сапарға шығуға тыйым салды. Бұл шектеу 30 қазан­нан 3 қарашаға дейін күшін жоймайды. Португалияда соңғы екі апта бойы күн сайын шамамен 2 мың науқас тіркеліп келеді. Вирус жұқ­тырғандардың жалпы саны 110 мың­нан асып кеткен.

АҚШ-та 23 қазанда пандемия басталғалы бері бір тәулік­те коронавирус жұқтырған нау­қас саны бойынша антирекорд тіркелді. Джонс Хопкинс атын­дағы университет дерегіне сүйенсек, бір күнде 81521 адамның вирус жұқтыр­ғаны анықталған. Сондай-ақ қайтыс болғандар саны да өсе түсті.

Сарапшылардың айтуынша, қиын жағдай әлі алда. Қазір­гі таңда ауруханаға жатқы­зыл­ғандар саны 75 пайызға өскен. Осыған байланыс­ты қайтыс болғандардың да саны күрт ұлғаюы мүмкін деген қауіп бар. Денсаулық саласына жауапты қызметкерлер науқастар саны күн санап артып бара жатқанына алаңдап, карантиндік шараларды күшейтуге шақырды. Бүгінге дейін мұхиттың арғы бетінде 8,9 миллион адам қатерлі дертке шалдығып, 231 мыңнан астам адам бақиға аттанды.

Қытайда да вирус қайта күшіне мінуі мүмкін. Кейінгі дерек­терге сүйенсек, Шыңжаң-ұйғыр автоно­миялық аймағының тұрғындары коронавирустың бар-жоғын анық­тайтын тесті­ден өтіп жатыр. Таяуда ғана осы өңірде 137 адамның симп­том­сыз ауырғаны белгілі болды.

Қазірдің өзінде аймақтағы 2,8 миллионнан астам тұрғын тесті­леуден өтті. Жалпы, барлығы 4,7 млн адам тест тапсыруы тиіс. Өңір­дің мұндай қадамға баруына таяу­да бір адамның вирус жұқ­тыр­ға­ны себеп болып отыр. Ол жер­гілік­ті тоқыма кәсіпорнында жұмыс істейді екен. Әрі аймақтан тыс жер­лерге шықпаған. Осыған байланысты ең әуелі бүкіл тігін фабри­касы қызметкерлерінен анализ алынған. Әйтсе де, Қытайда жыл басындағыдай күрделі жағдай жоқ. Бүгінге дейін осы елде 86 мыңға жуық адам Covid-19 жұқтырып, 4634 адам о дүниеге аттанды.

Иран коронавирус індетіне бай­ланысты қабылданған шек­теулердің мерзімін қараша­ның жиырмасына дейін ұзартты. Атап айтқанда, ел астанасы Тегеранда мектептер, мешіттер, дүкендер мен мейрамханалар жұмыс істемейді.

Індеттің өршуіне байланысты кейбір өңірлердің ауруханаларында орын жетіспей жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ел аумағында әр төрт минут сайын бір адам осы дерттің салдарынан жарық дүниемен қоштасады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері егер халық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтамаса, күн сайынғы өлім саны 600-ге дейін өсуі мүмкін деп ескертті. Кейінгі бір аптада Иранда күн сайын 6 мың­ға жуық адамның науқастанғаны анық­талады. Ел бойынша бұл ауруды жұқтырғандардың саны 574 мыңнан асып, 33 мың адам ажал құшты.

Ресейде COVID-19 жұқтыру бойын­ша антирекорд тіркелді. Осы елдің шұғыл штабының мәліметіне сүйенсек, кейінгі тәулікте 17 347 адамн­ың коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Науқастардың көбі Мәс­кеуде (5224), Санкт-Петер­бург­те (715) және Мәскеу маңында (499) тіркелді. Вирус жұқтыр­ғандардың ішінде төрттен бір бөлігінен аса адамда аурудың симп­томдары болмаған. Кейінгі тәулікте 219 адам қайтыс болып, 7 574 науқас жазылды.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус коронавирустың таралуы­на байланысты әлемде қиын жағдай туындағанын хабарлады.

«Әлем, әсіресе Солтүстік жарты шар бұл пандемияның күрделі кезеңінде тұр. Алдағы бірнеше ай өте қиын болады. Кей елдердегі ахуал мүлдем күрделенуі мүмкін. Қазіргі таңда сырқаттанған адамдар саны күрт өсіп жатыр», деп мәлімдеді Т.Гебрейесус.

ДДҰ басшысы әлем елдерін өлім-жітім көбейіп, денсаулық сақтау саласы дағдарысқа тап келіп, мектептер қайта жабылмау үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.

Қыркүйектің ортасында науқас­тар саны күрт көбейген Үндістанда жағдай тұрақталып келе жатқандай. Қазір елде вирус жұқтырғандар біртіндеп азайып келеді. Әйтсе де, көрсеткіш әлі күнге жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, қыркүйекте бір күнде 98 мыңға жуық адамның дерт тырнағына шалдыққаны белгілі болған еді. Бүгінде сырқаттанғандар саны 35-40 мыңның айналасында. Дегенмен індет басталғалы бері Үндістанда 8 миллионға жуық адам науқастанып, 119 мыңнан астамы ажал құшты.

Жалпы, әлемде коронавирус науқастары саны 43 миллионнан асып, 1 миллион 156 мың адам бұл өмірмен қоштасты. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының хабарлауынша, Еуропа індеттің ошағына айнал­ған. Қазіргі таңда күн сайын тіркелетін жарты миллион оқиғаның 200 мыңы осы қарт құрлыққа тиесілі.