Елорда • 29 Қазан, 2020

Ақылды қала қадамдары

696 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Байтақ даламыздың басты ордасы жыл сайын жаңарып келе жатыр. Құлпырған құтты қаламыздың қарыштап қадам басуына түрлі қызметтер түрткі болуда. Соның бірі – Smart Astana жобасы. Бағдарлама тұрғындардың өмір сапасын және әл-ауқатын арттыру, елорданың инфрақұрылымын, қоғамдық қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға, жаңғыртуға бағытталған.

Ақылды қала қадамдары

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ

 

Smart Astana қосымшасы 80-нен аса қызметті қамтиды

Бүгінде әлем халқының саны 7,6 млрд-қа жетіп жығылды. Соның 55 па­йызы қалаларда тұрады. БҰҰ-ның болжамы бойынша 2050 жылы жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 па­йызды құрайды. Мұның салдарынан қалалық қызметтерге деген сұраныс одан сайын артады, кедергілер мен қысымдар ұлғая түседі. Экономистер қала­ларда әлемдік экономиканың 70 пайы­зы шоғырланғанын айтып отыр. Бұл көрсеткіш неғұрлым артатын болса, ірі салаларды басқару соғұрлым қиындайды. Осы кезде ақылды қалалар дамыған елдерге әкімшілік істерін басқаруға жәрдемдеспек.

Smart қалаларға тоқталмас бұрын «ақылды қала деп нені айтамыз? деген сауалға тоқталып өтейік. Әдетте ақылды қалалардың экономика­сы жоғары, басқару жүйесі жүйеленген, инфра­құрылымы жетілген, барлық талапқа сай болады. Тұрғындары да цифрлы тұрғыдан сауатты әрі жаңашылдыққа бейім келеді. Критерийлері – 4G мобиль­ді байланысы, Wi-Fi-ға кіретін нүк­те­лер, ақылды паркинг, жол қоз­ға­лысы­ның оңтайландырылған жүйесі, мем­лекеттік қызметтердің онлайн форматта қолжетімділігі, тұрғын­дардың азамат­тық позициясы, қоқыс қалдық­тарын өңдейтін аппараттар сияқты игіліктер.

«Ақылды» қалалардың жаһандық рейтингіне Қазақстан қалаларынан 2 мегаполис еніп отыр. Бұл – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Нұр-Сұлтан қаласы 2018 жылы «IDC Smart City» деп аталатын әлемдік ақылды қаланың жетілуін бағалайтын модельде 2,48 балды алды. Бұл көрсеткіш бойынша ең цифр­­лы мемлекет саналатын Син­гапурдың өзі 4,4 балды алған. Әлемдегі ең жайлы әрі әдемі қала – Дубай, 3,6 балды иемденген. Ал көршілес Мәскеу 3,6 балға ие болған.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жет­кізудің негізгі құралы ретінде цифр­ландырудың өзекті мәселелерін уақ­тылы қозғады. Бұл ретте елорда әкімдігі цифрлы сервистер мен инновацияларды өмірдің барлық саласында пайдалануға, сондай-ақ «Ақылды қала» жүйесін ен­гізуге назар аударып келеді.

«Біз қала басшылығының, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі­нің жақсы қолдауын көріп отырмыз. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­­ла­масын іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаланы цифр­лан­дырудың 6 негізгі бағыты бойын­ша жұмыс жүргізуде. Бұл қала тірші­лі­гі­нің негізгі аспектілері – әкімдік, тұр­ғын­­дар және жеке бизнес арасындағы тығыз ынтымақтастықты қамтиды. Оның ішін­де қауіпсіздік, ТКШ, білім, денсау­лық сақтау, көлік, тұрғындар үшін мем­лекеттік қызметтерді автоматтандыру бар», деді Нұр-Сұлтан қаласы Цифрлан­дыру және мемлекеттік қызмет басқар­масының басшысы Ботагөз Қасабек.

Бүгінде елорданың инновациялық жобаларын жүзеге асыруды қала әкім­дігі цифрландыру басқармасы және «Астана Innovations» АҚ, мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке сектор жүзеге асырады. «Астана Innovations» – қала билігінің, ғылыми және бизнес қоғам­дастығының күш-жігерін біріктіре отырып, инновациялық экожүйенің интеграторы болып отыр.

«Астана Innovations» АҚ қызметін реттейтін маңызды құжаттардың бірі – ақылды қалалардың еуропалық моделі негізінде әзірленген және Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымы мен басқару әдістерін жетілдіру арқылы оны «ақылды қалаға» айналдыруға бағыт­талған Нұр-Сұлтан қаласы әкімді­гі­нің қаулысымен бекітілген Smart Astana тұжырымдамасы.

Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бірыңғай бренді болып табы­латын Smart Astana мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Smart Astana мобильді қосымшасы 10 санат бойынша қалалық қызметтер, медицина, білім беру, белсенді тұрғын, көлік сияқты 80-нен аса сервис пен қызметті қамтиды. Бұл қосымша 10 мың­нан аса рет жүктеліп, белсенді пай­да­ланушылардың саны айына 25 мың­нан асып, 9,3 млн-нан аса push-хабар­лама таратты. Бұл – аттестациядан және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруден сәтті өткен жал­ғыз қалалық мобильді қосымша. Өт­кен жылы мобильді қосымша өнер­кәсіп­тік пайдалануға берілді.

Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік көрсеткіштерін арттыру бөлігінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2017 жылы өз бетінше бастама көтеріп, қазіргі уақытта МЖӘ-нің «Сергек» фото және бейнетіркеу кешенінің жобасын толық көлемде іске асырды. «Сергек» жобасы енгізілгелі бері қылмыс санының тіркелуі айтарлықтай төмендегені бай­қалады. Осы жылдың 9 айының қоры­тын­дысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқи­ғасы саны 32%-ға (421-ден 285-ке дейін), оның салдарынан жарақат алу 41%-ға (543-тен 320-ға дейін) азайды.

 

ІТ-стартаптарға қолдау көрсетіледі

Әкімдік елорданың инновациялық экожүйесін дамытуға ерекше назар аудару­да. Жүйелі түрде қаланың стартап-жобалары мен кәсіпкерлердің қалалық шешімдерін қолдау шаралары өткізіледі.

Жыл сайын 2 мыңға жуық қатысушы жаңа стартап жобаларын ұсынады. Бұл бастамалар білім беру бағдарламаларын, инвестициялық және қанатқақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Стартаптар – инновация қозғалтқы­шы. Енді алдымызда экожүйені дамыту және белсенді жастарға өз идеяларын жүзе­ге асыруға көмектесу міндеті тұр. Бір ғана ойдың тұтас бизнес құра ала­тын­­ды­ғын көрсетуіміз керек», дейді Б.Қасабек.

Сондай стартаперлердің бірі Дін­мұхамед Жүнісов осы мүмкіндікті пайдаланып, өз идеясын іске асырды. Оның командасы «Astana Innovations Challenge» марафонының Okoo (Оқу) Seedstars инновациялық платформасы негізінде бірқатар жеделдету бағдарламасын сәтті өткізіп, идеясын Нұр-Сұлтан қала­сы­ның мектептерімен бірге жүзеге асы­руға мүмкіндік алды. Бүгінде Okoo жо­басы бағдарламалауды үйренуге ар­нал­ған онлайн-білім беру платформасын ұсынады. Бұл Қазақстанның басқа қала­ларында да қолға алына бастады.

Жақында елордада қала әкімінің төрағалығымен ІТ кеңес құрылды, оның барысында қатысушылар өздерінің ІТ-жобаларын ұсынады. ІТ қоғамдастық шеңберінде қала тұрғындарының, бизнес қауымдастықтың және ғылыми ор­та­ның пікірін ескере отырып, қаланы цифр­ландырудың бірыңғай саясаты қалыптасады.

1

 

iKomek орталығына 1 млн-нан аса өтініш түскен

Елімізде карантин енгізілгеннен кейін елордалық iKomek орталығы­на 1 млн-нан аса өтініш келіп түскен. Елордалықтарды көбіне коронавирусқа, Денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамдық көлік жұмысына қатысты мәселелер толғандырды.

«Карантин кезеңінде iKOMEK орталығына 1 073 094 өтініш келіп түсті, оның ішінде кеңес алу үшін – 902 171, алғыс білдіргендер – 2 159, ұсы­ныс­тар – 2 626. Өтініштердің ең көп саны коронавирусқа қатысты – 334 672 (31,19%), денсаулық сақтау бойынша – 231 979 (21,62%), қоғамдық көлік жұмысы мәселелері бойынша – 145 873 (13,59%), қаланы электрмен жабдықтау жөнінде – 52 956 (4,93%), бірыңғай төлем құжаты бойынша 38 858 (3,62%) өтініш тіркелген», делінген iKomek орталығының хабарламасында.

Қоғамдағы мәселелер бойынша өті­ніштердің 71,3%-ы коммуналдық қыз­меттер мен қалалық басқармалардың барлық Caal-орталықтарына 109 қысқа нөмірмен біріктіретін iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы келіп түседі. Бұл сервис – 24/7 режімде халықпен байланысатын оңтайлы құрал. Оның көмегімен тұрғындар сұрақ­тарының 85,3%-ы бірінші қоңыраудан кейін шешіледі, қалғандары жеті күн ішінде пысықталады.

«Күн сайын бізге 7 мыңнан 29 мыңға дейін өтініш түседі. Оның көп бөлі­гі қайталанады. Жұмыстың 99%-ы өң­деледі. Күн сайын коммунал­дық кәсіп­орындар мен әкімдік басқар­маларының жұмысында 6 мыңға жуық өтініш бар. Бұл ретте 1 800-ден аса қызмет бойынша оператор бірінші қоңыраудан бас­тап 16 секунд ішінде жауап бере алады. Егер өтініш әлеуметтік желілерге түссе, онда реакция 10 минут ішінде беріледі. Мәселені қарауға және жауап беруге жеті күнге дейін уақыт кетеді», деп нақтылады орталықта.

ББО қызметіне әртүрлі тәсілдермен жүгінуге болады. Бүгінде өтініштерді берудің тоғыз арнасы жұмыс істейді. Олар – ұялы және қалалық телефондар арқылы тегін 109 нөмірі арқылы, тelegram-бот, қала әкімдігінің сайты, iKOMEK109 мобильді қосымшасы, Smart Astana мобильді қосымшасы, сайт, электронды мекенжай арқылы, Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілер.

Айта кету керек, iKOMEK109 мобиль­­ді қосымшасы жылына 50 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеу­ге мүмкіндік берді. Бұл – қала басшылы­ғы­ның инциденттер туралы СМС-хабар­­ламалардан бас тартып, осы сервис арқылы push-хабарламаларға ауысуы­ның нәтижесі.

Сондай-ақ iKomek орталығында мониторингтің Ахуалдық орталығы жұмыс істейді, онда 16 530 бейнебақылау камерасы бар. Олардың көмегімен елорда көшелеріндегі және халық көп жиналатын орындардағы жағдай қадағаланады.

Сонымен қатар барлық ақпарат iKOMEK талдау орталығына жібе­ріледі. Бұл бөлімде қаланың ең өзекті және жүйелі мәселелерін көруге мүм­кіндік беретін мәліметтер базасы құры­лады. Осы арқылы әртүрлі оқи­ғалар­дың түпкі себептері анықталады. Бұл жүйелі және қайталанатын мәсе­лелер­ді шешудің ең сенімді шешімдерін қабыл­дауға мүмкіндік береді.

 

Аулаларға ақылды шлагбаумдар орнатылып жатыр

Ақылды қалаға айналуды мақсат тұтқан астанада тағы бір жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауладағы қауіпсіз көлік қозғалысына жағдай жасайтын ақылды шлагбаум жобасы.

Індет қос бүйірден қысқан қысыл­таяң кезеңде ақылды шлагбаумдар жедел жәрдем көліктерінің аулаларда кедер­гісіз жүруіне мүмкіндік берді. Жаңа технологиялар арқылы тұрғын үй ке­шен­дерінің аулалары айтарлықтай реттеліп қалды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында осындай ақжолтай хабар таратып, тұрғындарды қуантып қойды.

«Елорданың тұрғын үй кешендерінде smart шлагбаумдарды енгізу жобасы мен автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін анықтау жүйесі қолға алынды. Бұл технология жедел жәрдем көліктерінің үйлердің аулаларына кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді. Арнайы мәліметтер базасына енгізілген көліктер smart технологияның көмегімен шлагбаумнан өтіп, аулаға кіре алады. Сонымен қатар тізімді қажет болған жағдайда толықтыруға болады. Бұған қоса бар­лық кіріп-шыққан автокөлік тізімі жур­налға тіркеледі. Жыл соңына дейін біз тұрғын үйлердің 30%-на дейін smart шлагбаумдармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз», деді А.Көлгінов.

Сондай-ақ «Қауіпсіз аула» бағдар­ламасы бойынша аулалардың аумағында камералар орнату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Айталық осы игіліктің нәтижесінде ұрлық жасау, бөтеннің мүлкіне зиян келтіру және басқа құқықбұзушылықтар саны азаяды деген үміт бар.