Қоғам • 29 Қазан, 2020

Кентаулық азаматтар Президентке арызданды (Ал қала әкімі олардың уәжімен келіспей отыр)

599 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда ел Президентіне жол­данған кентаулық азаматтар ары­зының көшірмесі «Egemen Qazaqstan» газеті Түркістан облы­сындағы меншікті тілшісінің элок­тронды поштасына да келіп түс­кен болатын. Әрине, әрбір арыз­дың арғы жағында адам тағ­дыры немесе жергілікті азамат­тардың белгілі бір мәселеге на­разылығы мен көзқарасы тұра­тыны мәлім. Сол сияқты әрқилы мүдделердің тұратыны да белгілі. Тұрғындардың арызымен танысып, Кентау қаласы әкімінің жауабын да алған болатынбыз.

Кентаулық азаматтар Президентке арызданды (Ал қала әкімі олардың уәжімен келіспей отыр)

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Екі тараптың уәжін саралай отырып, қаладағы мәселелер жергілікті әкімдік пен тұрғындар арасында талқыланбаған, яғни қоғамдық диалог, ашықтық, адам­дардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару сынды мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары тиісті деңгейде орындалмаған ба деген ойда қалдық. Ретімен баяндасақ.

Кентау қаласының тұрғындары: Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ө.Пукашевтің, еңбек мүге­дегі, қалалық Ардагерлер кеңесі, қала­лық Қоғамдық кеңестің мүшесі Р.Нұ­рыл­ланың, қаланың құрметті азаматы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ме­тал­лургі С.Қамбаровтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған арызын оқып шыққанда алғашында Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов қыз­метіне келгелі елдің пікірімен са­нас­пай, заңды белден басып, сыбайлас жемқорлыққа жол беруде ме деген пікір де туындайды. Мәселенің мән-жа­йына қарағанда, былтыр арызданушы­лар Дәурен Махажановтың жеке қа­былдауына кіріп, өтініш айтқан. Олар цереб­ралды сал ауруымен (ДЦП) ауыратын балалар мен жасөспірімдерге арнап оңалту орталығын ашу жөнінде ­жос­пар жасалғанын айтып, оған қаладағы бос ғимараттардың бірін сенімгерлік басқаруға, кейінірек өтеусіз беруді сұ­ранған. Өтініш хат тапсырған. Әкім орынбасары Б.Алимбетов пен қаржы бө­лімінің басшысы И.Азизбаевқа Пуш­кин көшесі №28 мекенжайдағы ғима­раттың құжаттарын дайындауды жүк­теген. Арызданушылардың жазуынша, кейінірек «Парыз» мүгедектер қоғамына беріледі деген ғимаратты Д. Махажанов басқа кәсіпкерге сатып жіберген.

Арыздың жазылуына негізгі себеп болған осы жайт екендігі айдан анық. Бірақ шағымданушылар өзде­рі­нің Президентке жазған хатында қала­дағы басқа да мәселелерге кеңінен тоқ­талыпты. Соған сүйенсек, әкім болып келген Д.Махажанов «Тәуелсіз Қазақ­станның 20 жылдығына» қойылған ес­керткішті демонтаж жасап, Төле би кө­шесін Әл-Фараби көшесіне дейін ашуға уәде берген. Бұл мәселе Қоғамдық ке­ңес­те, Ардагерлер кеңесінде, мәслихатта бірнеше рет қаралыпты. Алайда әкім бүгінге дейін кеңестер мен де­пу­таттар ұсынысын орындамай жал­тарып келе жатқанға ұқсайды. Мы­на бір фактіге назар аударалық. Арыз­дану­шылардың жазуынша, әкім 75 млн теңгені сыбайластық жолмен A.Жар­болов деген азаматқа аударып, ісі сотта қаралып жатқанына қарамастан өзі­­нің нағашы туысы Д.Мұхамедиевті жер қа­тынастары бөліміне басшы етіп таға­йындапты. Д. Махажанов ешкіммен ақыл­даспай өзімбілермендікпен «Алтын адам» монументін бұздырып, соның дайын тұрған бетондалған тұғырына Абайдың ескерткішін қойыпты. Себебі әкімге құрылыстан «ақша жеу» үшін «Алтын адам» астындағы дайын темір-бетон тұғыр керек болғанға ұқсайды. Махажанов қызметіне келе салысымен «Тазалық-Кентау» мекемесін талқандап, тендер өткізіп, барлық қаржыны өзімен ілесе келген фирмаларға беріп жіберіпті. Қаланың негізгі тірек кәсіпорны болған, 2012 жылы модернизацияланған кен байыту фабрикасы әкімнің құпия қол­дауымен талан-таражға түсіп, металлалом болып сатылып жатыр екен. «Бұл өзекті мәселені көтеріп кәсіби мамандар, комбинат ардагерлері, мәслихат депутаттары қала әкімі Д.Махажановқа бірнеше рет кірдік, бірақ нәтиже кері­сінше болып шықты. Қала әкімі Д.Ма­хажановқа қаланың мәселесін айтып кіру деген ақыреттің ісі, орысша әрі барынша дөрекі адам», деп жазған арызданушылар Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Өмірбек Пукашевтің әкімнің қабылдауына 9 айда 10 рет жазылып, бірақ кіре алмағанын алға тартыпты.

Алайда Кентау қаласының әкімі Дәу­­рен Махажановтың осы арыз бо­йын­ша берген түсініктемесіне қара­саңыз, жағ­дай мүлдем басқаша сияқ­ты. Біріншіден, әкімдік Пушкин кө­шесіндегі ғимаратты «Парыз» мүге­дек­тер қоғамына берілуіне қарсы бол­­маған. Былтыр сәуірде атал­ған ғи­­ма­­ратқа сауда-саттық жарияла­нады. Мем­лекеттік мүлік тізілімі веб-пор­та­лында жарияланған сауда-сат­тық­қа екі қатысушы өтініш тастайды. Жеңім­паз болып Ержан Жұмашев деген кәсіпкер танылады. Ал арыз иелері кон­курсқа қатыспаған. Яғни әкімдіктің айт­­қан уәжінен түсінгеніміз, барлық мәселе заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс. «Ғимарат тауып бер» деп жүрген аза­­маттардың конкурсқа не себепті қа­тыс­­­пай қалғаны белгісіз күйде қалып отыр.

Әкімнің берген жауабына қарағанда, Кентау қаласындағы Төлеби көшесін Әл-Фараби көшесіне дейін қосу жөніндегі берілген ұсыныстарға сәйкес Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығына арналып қойылған ескерткіш демонтаж жасалынып, орнына арнайы құрылыс материалынан дайындалған брусчаткалар төселінген. Алайда жер астындағы инженерлік коммуникациялардың өтуі­не байланысты Төлеби көшесін Әл-Фараби көшесіне дейін ұзартып жол салуға мүмкіндік болмаған.

Әкім «нағашы туысы» Д.Мұхаме­диев­тің қызметке тағайындалуында еш­қандай заңсыздық жоқ екендігін алға тартып отыр. Бұған дейін Кентау қалалық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы А.Баубек Жер ко­дексінің талаптарын сақтамай және заң бұзушылықтарға жол беріп, өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәре­же­де орындамаған. Сол үшін оған қала әкімінің өкімімен «лауазымын тө­мендету түріндегі» тәртіптік жаза қол­данылып, Кентау қаласы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған. Ал оның орнына Д.Мұхамедиев заңды негізде, конкурстық комиссияның хаттамасы негізінде тағайындалған.

Кентау қаласындағы «Тәуелсіздікке 10 жыл» монументі 2001 жылы Абай даңғылы бойына орнатылған. Кентау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 26 наурыздағы кезектен тыс елу тоғы­зыншы сессиясының №43 хаттамасымен берілген ұсынысына сәйкес, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы «Тәуелсіздікке 10 жыл» мо­нументі алынып, даңғыл бойына дана Абайдың ескерткіші орнатылған. Яғни әкімнің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы да өзімбілермендікпен емес, қаланы абаттандыру жобасына сәйкес жүзеге асырылған. «Кентау қаласында санитарлық тазалық жұмыстары «Таза­лық Кентау» ЖШС, «Группа Интеко» ЖШС және «Jan Kentau» ЖШС-лері тарапынан жұмылдырылып, кестеге сәйкес жұмыстар атқарылуда», делін­ген әкімнің жауабында. Яғни «тал­қандалды», «өзге фирмаларға беріліп кет­ті» делінген «Тазалық Кентау» меке­месі өзіне тиесілі жұмысты атқарып жүр. Сонда арызданушылар мән-жайды біл­мегені ме?

Дәл осындай жағдай Кентау кен байыту фабрикасына да қатысты. Биыл «NATA» холдингі Кентау қаласында темір-бетон бұйымдары өндірісі бойынша жобаны жүзеге асыруды жоспарлап, Кентау кен байыту фабрикасын сатып алған. Тартылатын инвестициялардың көлемі 10 млн АҚШ долларын құрай­ды. Компания бірқатар өндірістік жобаларды жүзеге асыруды қолға алған. Жоба бойынша 100 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Осы жөнінде қалалық қо­ғамдық кеңес мүшелерінің алдында тыңдау өткізілген.

Енді Д.Махажановтың алдына кі­ру­­дің қиындығына тоқталсақ. Әкім ал­дын ала бекітілген тәртіп бойын­ша қала әкімдігінде апта сайын сәр­сенбіде, Nur Otan партиясы қалалық фи­лиалының жетекшісі ретінде әр жұма сайын қабылдау өткізетінін мә­лімдеп отыр. Жауап хатта Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төр­ағасы Ө.Пукашевтің тарапынан 2019-2020 жылдары және бүгінге дейін қала әкі­мінің жеке қабылдауына жазыл­маған­дығы да келтіріліпті. Сонда жалған айтып отырған кім? Арызды жазушылар ма, әлде жауап берушілер ме?

«Жақында Шорнақтағы орын ал­ған қақтығыс алдында ескертіп, шара қолдансын деген тақырыппен әкім­ге барып, жолыға алмай шықтық... Қазақ­стан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев айтып жүрген «еститін Үкі­мет» дегеніміздің сиқы Кентауда осы­лай болып тұр», депті арызданушы­лар Президентке жолдаған шағымының соңында. Мемлекет басшысы «Азамат­тардың барлық сындарлы өтініш-тілек­терін жедел әрі тиімді қарастыратын «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрі­мізге ортақ міндет» деген болатын. Бұл орайда елімізде, оның ішінде Түр­кістан облысында тұжырымдаманы іс­ке асыруға бағытталған бірқатар жұ­мыс­ жүзеге асырылып, халықпен ты­ғыз қарым-қатынас орнатудың түр­лі тетіктері іске қосылуда. Билік өкіл­дерінің халықпен кездесулері артып, аза­маттарды жеке мәселелері бойынша қабылдау үрдісі жетілдірілуде. Десек те, кентаулықтардың Президентке жүгінуі Кентау қаласында тұжырымдама шең­беріндегі жұмыстардың кемшін тұстары барын да аңғартады.

 

Түркістан облысы