Қоғам • 29 Қазан, 2020

Сырғи басқан сілеусін

1361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тау-тасты тасалап, жыңғыл-жыңғылдың арасында жүретін сілеусінді күре жолдың бо­йын­да кездестіріп қалу мүмкін емес-тұ­ғын. Қасқыр-қарсақ арагідік адам кө­зі­не түсіп қалғанымен, мысық тұқым­дас бұл аң орманда саяқ жүреді.

Сырғи басқан сілеусін

 

Күздің қара суығы. Қырбақ қар бір жауып еріп жатқан өлара мезгіл. Түс қайта Евгений Домашев Тайынты ауылынан Өскеменге қарай жолға шыққан. Жүз шақырым болар-болмас екі ара қойын-қолатты, орман-тоғайлы аң-құсы шулаған көрікті жер.

Бұралаң жолда зулап келе жатқан Е.Домашев бір белестен асқанда жолға қарай жортқан қоңырқай аңды байқайды. Алғашында ит пе деп те ойлаған. Жақындай келе сілеусіннің баласы екенін байқайды. Фотоаппаратын әрқашан сайлап жүретін ол жол жиегіне тоқтай қалып, түз тағысын үш-төрт рет фотоға түсіріп үлгерген. Қоңыр аң асықпай-саспай қара жолдан сырғи басып өтіп, қалың жынысқа еніп жоғалған. Жанкешті фотограф артынан тұра жүгіргенімен, қарасын қайтіп байқамаған.

– Ол кезде қауіптің барын естен шығарып алыппын. Қуып барып, тағы бір-екі кадр жасаймын ба деп ойлағам. Сонда күшігін қорғаймын деп, алдымнан енесі шықса, біткен жерім сол еді, – дейді өзіндік қолтаңбасы бар кәсіби фотограф Евгений Домашев.

Әлбетте, сілеусін – жыртқыш аң. Бетпе-бет келіп қалған аңның өзі одан оңай құтыла қоймас. Мысық тұқымдас болғанымен, бітімі шомбал, мықты келеді. Тұрқы 90-105 см, салмағы 15-20 кило болады. Көбінесе ұсақ аң-құстармен қоректенеді. Құлағында қылшықты шашағы, екі ұртында сәнді сақалы бар бұл жыртқыштың саны жер бетінде аз. Сондықтан да Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның Қызыл кітабына тіркеліп, аулауға қатаң тыйым салынған.

Сілеусінді жол-жөнекей суретке түсірген Евгений Домашевтың ізіне Зайсан өңірінде қасқыр да түскен екен. Айтуынша, бұрындары аңшылармен бірге Сауыр-Сайқан тауын аралап жүрген. Қаруланған аңшылар сәл ұзап кеткені сол, соңынан ілесе сыбдыр естіледі. Дала жануарының келе жатқанын сезіп, жүрісін жылдамдатады. Абырой болғанда, қаруланған аңшыларға белгі беріп үлгерген. Аңшылар да кәсіби. Көп ұзамай орманның сұр жендетін сұлатып түсіріпті. Сөйтсе есік пен төрдей арлан екен.

Фотограф әу баста анималистік жанрда сурет түсірумен әуестеніп көрген. Бірақ сәтті суреттер шықпаған соң пейзаж жанрына көшкен. Ал бүгінде қаланың құрылысына қатысты фото түсірумен шұғылданып жүр.

 

Шығыс Қазақстан облысы