№47 үйдің дәретхана, ваннасынан шығатын кәріз жүйесі де дұрыс істемейді. Тұрғындардың айтуынша, үйді тұрғызған құрылысшылар сыртқа шыққан кәріз құбырлары құйылатын есік алдындағы 4 құдықты құрылыс қоқыстарымен толтырып тастаған. Былтыр қысқы аязда қоқыс толы тайыз құбырдың іші қатып қалғандықтан, кәрізден құйылған жуындының, зәр мен кірдің суы құдықтың аузынан шыға сыртқа ағып, үйдің алдына жайылып, бүкіл аула жып-жылтыр мұзға айналған. Өкінішке қарай, бұл жағдай биыл да қайталанып жатыр. Ал «Қостанай су» мекемесі құбырдың ішіндегі қоқысты тазартудан бас тартып отыр. Өйткені бұл үй әлі күнге дейін қаланың балансында жоқ екен. Есепте жоқ үйдің тұрғындары енді не істерін білмей дал болуда.
– Міне, бір жеті болды, үйге жаман сасық суды кешіп кіреміз. Есіктің алдында балаларымыз осыны басып ойнайды. Бүйте берсе, кәріз мүлде бітеліп, үйдің ішін зәрдің суы алып кетуі мүмкін. Құдықтың ішін тездетіп тазаламаса болмайды, аяз ұрса мүлде қиын болайын деп тұр. Қыс түсіп кете ме деп жанымыз шығып барады. Бір апта бойы әр жерге қоңырау шалып, айтып жатырмыз. Оған құлақ асып жатқан адам жоқ, – деді №61 пәтердің тұрғыны Сабаш Есенова.
Сабаш әжейдің пәтерінің желдеткіш құбыры бітеліп, сыртқа ауа тартпайды екен.
– Үш бөлмелі пәтерде 9 жан тұрып жатырмыз. Ұлымның 4 баласы, өзім, жолдасым, келінім бар, күні бойы бір адам бір рет кіргеннің өзінде дәретхананың иісі аңқып кетеді. Біріміздің артымыздан біріміз әтірсу ұстап жүреміз. Біздің ойымызша, желдеткіш құбырдың іші де қоқысқа толып, ауа шығатын қуыстың бәрі бітеліп қалған, – деді ашынған әжей.
Пәтер иелерінің қоныстанғанына 1 жыл толған үйдің қала әкімдігінің есебіне қалай кірмей қалғаны түсініксіз. Тұрғындармен кездесу барысында мұның себебін анықтамақ болып ПИК төрағасы Владимир Васильевке қоңырау шалдық. Ол кісінің айтуынша, үйді тіркеуге қоятын қалалық әкімдік бөлімі тиісті құжаттарды әлі күнге дейін реттестірмеген. ПИК төрағасы мен тұрғындардың сөзіне сенбеген құрылыс бөлімінің мамандары №47 үйдің ауласына келіп, қоқыс толы құдықты ашып көріп, бас шайқап кетіпті. Бірақ ешқандай уәде бермеген.
– Қалалық құрылыс бөлімі бұл үйді қашан балансқа енгізетіні белгісіз. Ең бастысы, құдықтан шыққан құсықтың жертөлеге кіріп кетпеуін қадағалау керек. Есіктің алдына кете берсін, оның жарасы жеңіл. Мен, расын айтсам, не істерімді білмей қалдым. Барлық пәтер тұрғындарының басын қосып, әкімдікке, «109» нөміріне күн сайын қоңырау шаламыз. «Қостанай су» мен қалалық әкімдік ешбір шара қолданбай отыр деп жаппай шағым түсіріп жатырмыз. Бізге көмектессе, сол ғана көмектеседі, – деді ПИК төрағасы.
Бірінші қабаттағы №44 пәтерде тұратын көпбалалы ана Гаухар Елеуованың ваннасы мен дәретханасындағы кәріз жолы бітеліп қалғандықтан, су бірден ағып кетпей, қалқып тұрып қалады.
– Біреуіміз 15, енді біреуіміз 19 жылға ипотека төлеп отырмыз. Қала әкімдігі бұл үйді қалай қабылдап алғанын білмейміз. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаның 10%-ын жинап, әзер дегенде қол жеткен баспанамыздың түрі осы. Жолдасым 80 мың теңге айлық алады. Өзім үйде бала бағып отырмын. Әкімдік көпбалалы ана ретінде берілетін 45 мың теңгемен жолдасымның 80 мың теңгесін қосып санап, атаулы әлеуметтік көмектен қақты. Балалардың аузынан жырып айына 48 мың теңге несие төлеп отырмыз. Ипотека мерзімі – 18 жыл. Осылай алған үйіміздің кәріз құбыры дұрыс жүрмейді. Дәретхананың суын ағыза алмай әуре болып күн өткізіп жатырмын, – дейді төрт баланың анасы.
Өткен жұмада №47 үйдің әлі күнге дейін балансқа қойылмау себебі мен кәрізден шыққан зәрдің суына батқан тұрғындарға қашан көмек көрсетілетінін білмек болып, қала әкімдігіне қарасты құрылыс бөліміне хабарластық. Бөлім басшысының хатшысы «Күте тұрыңыз» деп бастығына кіріп кетті де, сәлден соң «Бастық дүйсенбіде сағат 11.00-де босайды. Сол кезде келіңіз» деді. Дүйсенбі күні сағат 11-ге таман бара жатқанымызды хабарлап едік, басшысы жиналыста екенін айтып, нендей мәселемен келе жатқанымды қайта сұрап, сәлден соң өзі хабарласатынын айтты. Содан кейін хатшы да жоқ болды, басшы да жоқ болды. Бірнеше рет соққан қоңырау жауапсыз қалды.
Осы күні кешке таман үй басқарушысы Қамажай Қасеновамен сөйлестік. Ол: «ПИК төрағасына ең болмаса сантехник жібер, 10-15 мың теңге сыйақы төлеп, құбырға түсіріп, кәріз құбырының бітеліп тұрған жерін тазалап көрсін дедім. Сантехник басында бұл менің жұмысым емес деп бас тартып еді, кейін келіскендей болды. Құбырдан 4-5 шелек қоқыс алып шықты. Қазір су жүре бастаған сияқты. Бірақ бұл уақытша нәрсе. Біраздан соң қайта бітеледі», деді.
Осылайша аталған үйдің тұрғындарының жанайқайы қала шенеуніктерінің құлағына жетер емес. Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Қостанайда осылай жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан еститін мемлекет құру үшін әуелі «тас керең» шенеуніктерді «емдеп» алған дұрыс сияқты.
Қостанай облысы