Таным • 29 Қазан, 2020

Бақытхан қылқаламындағы «Қорқыт»

745 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық музей – көне тарих көшінің бай керуені сияқты. Оның қорындағы құнды жәдігерлер біздің кешегіміз бен бүгінімізді жалғап жатқан алтын көпір деуге болады. Жалпы, музейге жиі барып тұру мәдениетін қалыптастырған жөн. Алайда қазіргі жаһандық жағдайға байланысты көпшілік жиналатын жерлерге жиі бас сұғу аса қауіпті екенін де ескерген дұрыс.

Бақытхан қылқаламындағы «Қорқыт»

Бұл ретте Ұлттық музей еліміздегі карантинге байланысты жаңа жобаларды қолға алғандықтарын айтады. Тарихи жәдігерлерге құмар жандар, көркем кескіндемелерді, ерекше мүсіндерді іздеп жүретін көзіқарақты қауым ендігі жерде қашықтан отырып та түрлі өнер туындыларын онлайн тамашалау мүмкіндігіне ие. Айталық аталған мұражайдың «Бір туынды тарихы» жобасы көпшіліктің көңілінен шыққан тың бастама.

Жуырда музей сайты жұрт назарына қазақстандық суретші-плакатшы Бақытхан Мырзахметовтің «Қорқыт» суретін ұсынды. Бұл жоба сондай-ақ өнері өзгеше, таланты ешкімнен кем болмаса да танымалдылығы төмен нағыз өнер адамдарын көпшілікке танытуға таптырмас алаң деуге болады. Жаңа жобаны айрықша атап өтуіміздің себебі де сол, біздің көп оқырман елордадан алыс шалғай ауылдарда жатыр. Көп оқырман Ұлттық музейдің атына жақсы қанық болғанымен ішін аралап, онда қандай құнды жәдігерлер жатқанынан бейхабар. Біз бір жағы осынау өнер туындыларын, оларды тудырушы талант иелерін газетіміз арқылы көпшілікке таныстыруды мақсат етеміз.

Картина туралы айтпас бұрын автор жайлы азғантай ақпарат бере кеткен жөн. Бақытхан Мырзахметов Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің (1970-1976)  және В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтының (1978-1984) түлегі екен. Бақытхан негізгі мамандығы бойынша суретші-плакатшы. Оның шығар­машылық жолы театр қойылымдарының афишалары мен плакаттарын салудан басталған сияқты. Содан кейін суретші кітап иллюстрациялаумен айналысады. Алайда тоқсаныншы жылдары көркемсуретке біржола бет бұрады. Суретшінің кейінгі он жылдықтағы шығармашылығы, атап айтсақ, «Көш», «Жеті жарғы», «Қорқыт» және т.б. бар тарихи тақырыптағы үлкен көркемсуреттері көпшіліктің назарын өзіне бірден аударады.

Ал енді бүгінгі жарияланып отырған «Қорқыт» суретіне келер болсақ, суретші бұл жұмысында түркі халықтарының эпостарында жырланатын Қорқыт атаның аңыз тұлғасына айрықша мән береді.

Жалпы Коркуд, Қорқыт немесе Горгут ата – Х ғасырдағы түркі халықтарына ортақ жырау, қобызшы. Сырдария бойында дүниеге келген аңыз тұлға туралы қазақ даласында да небір әпсана көп. Ол – қобыздың атасы, ақын, бақсы, абыз ретінде біздің әдебиетімізде де, тарихымызда да күрделі образға ие. Қорқыт туралы аңыздар түркі халықтарының қыпшақ бұта­ғында (қазақ, қарақалпақ) және әсіресе оңтүстік оғыз бұтағынан тараған халықтарда (түрікмен, әзербайжан, түрік) көп кездеседі.

Бақытхан суретшінің қиялындағы Қорқыт бейнесі адамға бір көргеннен ерекше әсер етеді. Вертикаль пішінді картинадан түйенің үстінде қобыз тартып отырған қарияны көреміз. Мамандардың айтуынша, сурет бояуларының қанық болуы, ұсақ детальдардың көп қолданылмауы, түс палитрасының бейтараптығы негізгі нысанды бүркемелемейді. Суреттің басты бөлігі сұр аспаннан тұрады. Төменгі жағынан дүниені көшіріп әкетердей азынауық желдің құмды қалай суырып жатқанын көреміз. Көкжиектің төменде болуы түйе мен оның үстіндегі қарияға бірден назар аудартады.

Бәріміз білетіндей, аңыз бойынша өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт ата дүниенің төрт бұрышын аралайды. Сазгер қобыздан халық пен елдің тағдырын жырлайтын әуен шығарады, олардың болашағына толғанады. Қорқыт пен Қобыз өмірдің мәні, бақыт туралы ой толғайды. Суретші дәл осы сәтті бейнелегені аталған картинадан анық байқалады.