Оқиға • 29 Қазан, 2020

Өскеменде «өрттен 49 тонна өнім құтқарылды»

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында құтқарушылар элеваторда өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын өткізді. Алдын ала белгіленген сценарий бойынша кептіру және тазарту мұна­расының төртінші қабатында майлы дақылдар мен жанғыш құрылымдар өртенген.

Өскеменде «өрттен 49 тонна өнім құтқарылды»

Шыққан өрт сүрлемге және қоймаларға  қауіп төндірді. Объект кезекшісі өрт туралы ха­барлама алғаннан кейін бір­ден «101» қызметін және эле­ватордың мем­лекеттік емес өрт­ке қарсы қыз­метін шақырды. Со­дан кейін дауыс зорайтқыш бай­­ланысымен жұмысшыларды құлақ­тандырды.

Бірінші кезекте элеватор жұ­мысшыларын эвакуациялау және бүкіл ғимаратты электр желі­сінен ажырату жұмыстары ұйым­дастырылды. Хабар ала сала қиқулатып, шартты өрт шық­қан жерге құтқару жасақтары келіп жетті. Төтенше жағдай орын алған жерде жедел штаб құры­лып, құрамына нысанның мамандары кірді. Ұрыста тұрыс жоқ. Өрт сөндірушілер тез ара­да өртті сөндіруге кірісті. Тіл­сіз жаумен арпалыс кезінде өрт сөн­діру бөлмесінде мұнара қызмет­керлерінен «зардап шеккен» адам табылды. Оны құтқарушылар түтін аймағынан эвакуациялап, апаттық медицина орталығының дәрігерлеріне жеткізді. Ол жерде ақ халаттылар «түтінге уланған» адамға алғашқы көмек көрсетіп, жанын аман алып қалды.

«Оқиға» болған жерге барлығы 10 бірлік арнайы техника және 40-тан астам құтқарушы мамандар тартылды. «Қызыл жалынның» бетін қайтару үшін 4 бірлік техника және элеватордың мемлекеттік емес өртке қарсы қызметі жұмыл­дырылды.

Кәсіби мамандардың үйлесімді іс-қимылдарының арқасында «өрт» жедел сөндірілді. Құтқарушылар кептіру мұнарасының галерея­сына «өртті» жібермей ұстап қал­­ды. Сөйтіп дайындықтары са­қа­дай сай мамандар 49 мың тонна ауылшаруашылық өнімін аман сақтап қалды.

– Элеваторлардағы өрт бола қалса, технологиялық ойық­тар­дың, тасымалдау таспасы және желдетудің тармақталған желі­лерінің көптігінен оттың тез таралуы мүмкін. Оқу-жаттығуда өз­ара жедел қимылдау, зар­дап шеккендерге көмек көрсету пы­сық­талды, – деп түсіндірді об­лыстық Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің «Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі» меке­месі бастығының орынбасары Аза­мат Мұқашев.

Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының дайындық деңгейі, нысанның әкімшілігі мен қыз­мет көрсету персоналының іс-қи­мылдары «жақсы» деп бағаланды.

 

Өскемен