Қысқа мерзімдік медициналық курстан өтіп жатқан «Регион-10» волонтер жасағы біраз жылдан бері із-түзсіз кеткендерді іздестіру, құтқару шараларына белсенді атсалысып келеді. Жасақтың облыс аумағында бірнеше филиалы жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан, Қызылорда волонтерлерімен де тығыз байланыс орнатқан.
– Біздің жұмысымыз із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарды іздеуге, қиын жағдайға түскен жандарды құтқаруға бағытталған. Жұмыс барысында әртүрлі тосын оқиғаларға тап болып жатамыз. Кейбір сәттерде алғашқы медициналық көмет көрсетуге тура келеді. Адам қысылып жатқанда тосылып қалуға болмайды, қас-қағым сәт қымбат. Мұндай кезде аз да болса медициналық білім керек. Ойласа келе, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, біз үшін медициналық сауат ашу курстарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды өтіндік. Өтінішіміз бірден қолдау тауып, Қостанайдағы жоғары медициналық колледжінде курстан өтуге мүмкіндік алдық, – дейді «Регион-10» волонтерлер жасағының нұсқаушысы Владимир Шауфлер.
Денсаулық сақтау басқармасының ұсынысын медициналық колледж ұжымы да қолдапты. Оқу орны волонтерлер үшін он екі сағаттық тәжірибелік курс ұйымдастырған. Пандемияға байланысты еріктілерді шағын топтарға бөліп оқыту жоспарланыпты. Колледж оқытушылары алғашқы күні ашық және жабық жарақаттарды таңуды, сондай-ақ өкпе-жүрек реанимациясының әдістерін үйретті. Оқытушылар алғашқы медициналық көмек көрсету барысында мұндай қарапайым әдіс-тәсілдерді білудің маңызы зор дейді.
Қостанай облысы