Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметтеріне қарағанда, тұрғындардың көмірге қажеттілігі 732,3 мың тонна болса, тасымалданғаны – 414,8 мың тонна (57%). Яғни өңір тұрғындарының арасында көмір түсірмегендері әлі де көп. Тағы да ресми мәліметке жүгінсек, облыс тұрғындарына Шұбаркөл көмір бағасы тұйығы бар елді мекендерде 14 000-16 500 теңге аралығында сатылуда. Алайда тұрғындар айтып отырған баға басқа.
Көмір бағасының жоғары болуы көктемнен бастап карантиннен титықтаған халықтың қалтасына салмақ салып жатқанға ұқсайды. Мәселен, Шардара қаласы тұрғындарының айтуынша, cексеуіл жағуға тыйым салынған. Сондықтан үйлерін көмірмен ғана жылытады. Яғни жыл сайын бір отбасы кемінде 5-6 тонна түсіреді. Биыл «қара отынның» тоннасы тұрғындарға 28 мың теңгеге түскен. Көп балалы отбасылар үшін бұл қымбат. Сарыағаш пен Арыстан көмір тасымалдап сататын жеке кәсіпкерлер бағаны, әрине өздері белгілейді. Ал Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында үш көмір түсіретін тұйық бар. Соған қарамастан көмірдің тоннасы 22 мың теңге шамасында болып отыр. Күн суытқан кезде бағаның одан да қымбаттауы әбден мүмкін. Осы орайда тұрғындар табысы аз халықтың қыс мезгілінде тоңып қалмауы үшін көмір бағасына жергілікті атқарушы билік бақылау жасауы тиіс деп есептейді. Шекті баға қойып, одан жоғары бағада сатқандарға шара қолданылған жөн санайды.
Отырар ауданы Темір ауылына теміржолмен әкелінген көмір екі жерге түсіріледі екен. Соған қарамастан баға жоғары – 16 800 теңге. Тұрғындар таразыдан алданып жүргендерін, оны бақылап, шара көріп жатқан ешкім жоғын айтады. Көрші Арыс қаласынан көмірдің тоннасын 13 500 теңгеден әкеліп жатқандар бар екен. Бірақ бұл мүмкіндікті көпшілігі пайдалана алмайды. Ол үшін жеке жүк көлігіңіз болуы қажет. Көмір келгенде Темір ауылына басқа ауданның көліктері толып кетеді екен. Сол себепті кейде кезек күтуге тура келеді. Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының тұрғындары көмірдің тоннасын 17-20 мың теңгеден түсіріп жатыр екен. Соған қарағанда «Богатырь» көмірі – 17 мың, «Шұбаркөл» көмірі 20 мың теңге болса керек. Яғни көмірдің бағасына арадағы делдалдар мен тасымалдаушылар елеулі әсер етуде.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, облыстағы бюджеттік мекемелердің, жылу беретін кәсіпорындардың және тұрғындардың тұрмыстық-шаруашылық жағдайлардағы көмір отынына жалпы қажеттігі – 1 003,3 мың тонна, тасымалданғаны 605,5 мың тонна (60%), оның ішінде бюджеттік мекемелер толық қамтамасыз етілген. Ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың көмірге қажеттілігі – 103,4 мың тонна, тасымалданғаны – 23,3 мың тонна (22,5%). Облыс бойынша 586 көп қабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Оның 442-сі қысқы маусымға дайындалған. Ал алдағы жылу маусымына дайындау жоспарланған 2 623 бюджеттік мекеменің бүгінде 2253-інде дайындық жұмыстары жүргізілген.
Қыстыгүні қатынастың үзілмеуі де маңызды. Бұл орайда, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына дайын. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Шерзат Сүттібаевтың айтуынша, жалпы 4152,34 шақырым жолдың 1943,3 шақырымы – бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар. Оның ішінде 434 шақырымы – таулы өңірлердегі қар қатты басып қалуы қаупі жоғары аймақтар. Ал облыстық маңыздағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 69 млн теңге қаралған, 354 жұмысшы мен 124 техниканы жұмылдыру жоспарланған. Қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шұғыл әрекеттерді жасауға жол мекемелерімен жедел хабарландыру сызбасы бекітілген.
«Сонымен қатар күн райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында, «Қошқарата-Жарықбас-Бірлік» автомобиль жолының 28-ші шақырымында «Шыбықбел» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 605-ші шақырымында «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері бар. Сондай-ақ Созақ ауданында «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Кентау» автомобиль жолының 63-ші шақырымында «Ащысай» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 593-ші шақырымында «Таскөмірсай» жылыту бекеттері ораналасқан. Барлық жылыту бекетін жылы күйде ұстау мақсатында кезекші қойылып, 60 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілді», дейді Шерзат Анарқұлұлы.
Сондай-ақ жолдардың жай-күйін күнделікті бақылау және төтенше жағдайлар департаментімен дер кезінде ақпарат алмасу үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған.
Түркістан облысы