Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Өңірде індет өршіп тұр

138 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әу баста сенер-сенбесі­мізді білмей, күмәнмен қараған короновирус індеті сәл саябырсып барып, қайта күш ала бастады. Әсіресе, Шығыста. Соңғы тәуліктегі мәліметтерге көз жүгіртсек, облыста 252 жағдай тіркелген. Індет ушығып бара жатқан­дықтан шектеу шаралары күшейтіліп, облыс шекараларына санитарлық бекеттер орнатылды.

Өңірде індет өршіп тұр

ustinka.kz

Жалпы Шығыс Қазақстандағы коронавирус инфекциясының жағдайы туралы Ор­та­лық коммуникациялар қыз­меті алаңында баспасөз жиыны өтіп, жауапты басшылар мәлі­мет­термен бөлісті.

Еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекет­тік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов облыстағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақ­сатында 2 қарашадан бас­тап Өс­кемен қаласынан әуе қа­ты­настарын қысқарту жөнінде тапсырмалар берді. Нақтыласақ, Өскемен – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша аптасына 17-ден 7 рейс­ке дейін, Өскемен – Алматы бағыты бойынша 14-тен 7 рейс­ке дейін, Өскемен – Шымкент бағыты бойынша 2-ден 1 рейс­ке дейін қысқартылады. Соны­мен қатар 2 қарашадан бастап темір жол қатынастары да қыс­қарады. Бұдан былай Өскемен – Нұр­сұлтан бағыты бойынша ап­тасына пойыз аптасына бір-ақ рет жүрсе, Өскеменнен Алма­ты­ға үш рет ғана жүретін бола­ды. Ал жолаушыларда мер­зімі 30 күн­нен аспаған COVID-19 ви­русы бойынша ПТР арқылы тек­серіл­гендігі жөнінде анық­тама қа­ғазы міндетті түрде болуы шарт. Оларды шығарып салушылар мен қарсы алушылардың вокзалға, әуежайға келулеріне болмайды.

Сондай-ақ бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің тапсырмасына сәйкес, облыстағы қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Жиналыстардың өтуіне тиым салынды. Халық көп жиналатын жерлерге дезинфекция жасау тапсырылды. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге толық ПТР тестілеуден өту міндеттелді. Адам көп шоғырланатын орындарда санитарлық режімді сақтау үшін мониторингтік топтардың жұмысы күшейеді. Бұдан былай Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық жағдай үкіметтің үнемі қадаға­лауында болады.

– Құрметті тұрғындар, эпиде­мия­лық жағдайға, енгізілг­ен сани­тар­лық шектеулер­ге жауап­керші­лікпен қараула­ры­­ңызды сұрай­мын. Шығыс Қазақ­стан обл­ысында коронавирус инфекция­с­ы­ның көбеюі тұрғын­дардың кө­ші-қонымен де байланысты. Көп­шілік санитарлық талаптарды сақ­тамаған. Шекара асып, өзге мем­лекеттерге ұшып жүргендер өздерін ғана емес, жа­қындарын да ой­лауы керек. ПТР-тест тап­сыр­­­мағандар да ұшып жатты. Он­­дайда әуе компаниялары тест нәти­же­сі жоқ жолаушылар­ды өт­кізбеуі керек еді, – деді Е.Қиясов.

Облыстағы шектеу шара­лары құзырлы органдардың қатаң бақылауына алынды. Енді қоғам­дық көлікте маска тағумен қа­тар, екі метр арақашықтықтың сақ­тал­ғаны жөн. Масканы ел көп шо­ғыр­ланатын жерде ғана емес, көшеде де кез келген тұрғын тағуы керек.

Шығыс Қазақстан облысы әкі­мі­нің орынбасары Шәкәрім Бұқ­­тұғытовтың айтуынша, ін­дет­­тің алдын алуға бағытталған ша­ра­лар тыңғылықты жүргізіліп жатыр.

– Өңірде 15 компьютерлік томограф тәулігіне 24 сағат, демалыссыз жұмыс істеп тұр. Әр құрылғы белгілі бір ауданға немесе қалаға бекітілген. Үржар ауданына, Өскеменнің Жедел медициналық жәрдем ауруханасына, Семей жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша 3 компьютерлік томограф алынды. Оларды осы айда орнату жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет есебінен Өскемен мен Семейде, Күршім, Үржар аудандарында тағы 5 ПТР зертхана ашу жос­парланған. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер жеткілікті, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Соңғы тәулікте Шығыс Қазақ­­стан облысы бойынша коро­на­­вирус инфекциясымен 252 нау­қас тіркелген. Өзге облыстар­мен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Ал қазан айында коронавирус инфекциясының салдарынан өлім-жітім көрсеткіштері өскен.

– Қайтыс болғандардың 60 пайызы – 60 жастан асқандар. Ал қалғаны кеш келгендіктен, жан сақтау бөліміне түскен, – деп түсіндірді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы Райфа Сафиол­лақызы.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы жағдайы ал­ғаш орын алғаннан бері об­лыс­та науқастардың төсектік ор­ны 12 есеге, жансақтау бөлім­деріндегі төсектік орын 11 есе көбейген. Жалпы облыста 124 реа­нимациялық төсектік орын бар. Коронавирус инфек­ция­сы­ның екінші толқыны кезеңін­де уа­қ­тылы әрі сапа­лы меди­­ци­на­лық көмек көрсету үшін Шығыс Қазақ­станда 40 инфекциялық ста­цио­нар әзірленіп, толық меди­циналық жабдықталған 6 010 төсектік орын дайындалып отыр. Облыстың медициналық ұйым­дарында дәрілік заттардың қоры екі айға жетеді. Облыста ауыр науқастар үшін түрлі қан топ­тарындағы иммундық плаз­маның 2 985 дозасы әзірленген. COVID-19 коронавирус инфекциясы бар 50 ауыр науқасқа им­мун­дық плазманың 107 доза­сы құйылды. Бүгінде инфек­ция­лық статционарда ауыр жағ­дай­дағы 35 науқас ем алуда. Оның екеуінің жағдайы аса ауыр халде. Аурухана төсегінде жат­қан­дар денсаулық сақтау минситр­лігімен бекітілген хаттама бойынша ем алады.

Күн санап көбейіп келе жатқан науқастардың санын азайту үшін 1 қарашадан бастап облыс шекараларына санитарлық блок бекеттер қойылды. Оның жетеуі Өскеменнің кіреберіс жолдарына орнатылды. Енді облыс азаматтарының кіруіне және шығуына тыйым салынады. Қиын сәтте халыққа той-томалақты, басқосуларды да доғара тұрғандары жөн. Осыған орай облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Тұрғын­дар­ға корпоративті, салтанатты, отбасылық және басқа да іс-ша­раларды өткізуге жеке үй мен ғимараттарды жалға алу­ға тыйым салып отыр. Ал білім беру мекемелеріне келер бол­сақ, 1-4 сынып оқушылары ата-ана­лардың өтініші бойынша 15 баладан аспайтын кезекші сынып­тардағы оқу жалғасады», деді.

Аймақта стационарлық дәрі­лік көмекке барлығы 8,9 млрд теңге, оның ішінде коронавирус инфек­циясы бар науқастарды емдеуге қосымша 2,6 млрд теңге өтінім қарастырылған. I және II деңгейдегі инфекциялық стационарларда тасымалдауға келмей­тін ауыр науқастар үшін көш­пелі шұғыл әрекет ету бригада­лары ұйымдастырылған. Олардың құра­мында анестезиолог-реа­ни­матолог, инфекционист, пуль­­монолог сияқты мамандар бар. Ем-домның уақтылы қолда­нылуының арқасында тәулігіне 64 па­циент стационарлардан ем­деліп шығарылып отыр. Оның ішінде ковидті пневмониясы бар науқастар да бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы