Руханият • 02 Қараша, 2020

Қаракөлдің күзі

712 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мизамшуақ шақта Мұзтаудың бөктеріндегі Қаракөлге сапар­лағанбыз. Алтайдың алтын түске малшынып, өзгеше құлпырып тұрған уақыты. Баяғы тоғыз жолдың торабындағы Берелден ұлттық парктің қорықшылары жол бастады.

Қаракөлдің күзі

Суреттерді түсірген автор

 

Ақбұлқақ өзенінің арғы жа­ғасы мен бергі жағасын жалғап жатқан ағаш көпірді сықырлатып өте шықтық та, Қарайырық ауылының арғы басында көл­денең тұрған шлагбаумға тұмсы­ғымызды тіредік. Ауыл деген аты ғана, терезелері үңірейген қа­ра­ша үйлердің маңайын сойдиып-сойдиып ошаған басып кет­кен. Қашалары қаусап тұр. Кей­бір үйлердің оғыр-шоғыр бо­лып, іргетасы ғана қалған. Тамыл­жы­ған табиғат аясындағы бұл ауылда бүгінде екі-үш-ақ отбасы тұрады. Басқалары ертеректе Берелге, Катонға, кейбіреуі қала жақ­қа көшіп кеткен. Әйтпесе 90-жылдарға дейін ауылдың ауыл кейпі бар-тұғын. Төр жақ­тағы шоғыр зираттар да осы ауыл­дың тарихынан хабар беріп тұр­ғандай көрінеді.

Кеңес өкіметі тұсында бұл ауыл Язевая деп аталатын. Жер­гілікті жұрт «Езөпкө» десіп кеткен. Кейін ауыл әбден азып-тозып, жетімсіреп қалғанда, Қарайырық болып қазақшаланған. Бұрын­дары дүркіреген орман шаруа­шылығының «пилорамы» болған. 2000 жылдарға дейін бастауыш мектеп жұмыс істеген. Ал 2009 жылдан бастап Берел ауылының бір көшесі болып қана саналады.

1

Елдің әл-ауқаты артқаны шы­ғар, ағылып жатқан турист көп мұнда. Өңкиген джип мінгендер де, жаяу-жалпысы да жаздай сабылысты, мынау шлагбаумда әлі тыным жоқ. Қаракөлді, одан әрі Мұзтауды бетке алғандардың бәрі-бәрі осы ауылды басып өте­ді. Биылғыдай қарқынмен турис­тер легі көбейе берсе, Қа­райы­рықтың тіршілігі ертең-ақ қай­найды.

«Мына үйлер бос тұрғанымен, бәрінің иелері бар. Олар сатуға да құлшынып отырған жоқ. Өйткені бұл ауыл қолайлы жерде тұр», деген инспектор Эрнст Оралғазин қаңырап тұрған үйлерді көзімен шолып шықты.

Инспектордың айтайын де­генін бірден түсіндік. Қарайырық ауыл санатында болмағанымен, елсіз мекеннің жарқын бола­ша­ғынан жылт еткен үміт бардай көрінді. Себебі қаңыраған Қа­райырық жарты әлем білетін Мұзтаудың, Қаракөлдің жолында тұр. Аяқасты ауданның экономикасы қарыштап дамып, Қаракөлге дейін асфальт түссе, саяхатшылар қысы-жазы тоқтамаушы еді. Мынау шайтан аяғын сындыратындай жолдың өзінде туристер толастамай тұр, жолы түзелсе тіптен... Ал бос тұрған үйлерді қонақүй ретінде жөндеп қойса, жолаушылар тоқтап, ауқаттанып, бір тынығып алар еді. Тау-тасқа қажетті асай-мүсей, азық-түлік дүкенін ашып қойса да артықтық етпейді. Әйтпесе Қаракөлге де­йінгі жолдың әуресі көп. Бар-жоғы 25 шақырымды жүріп өтуі үшін екі сағаттай уақыт ке­теді. Оның өзінде ол жаққа жол таңдамайтын көліктер ғана жете алады.

Қыңыр-қисық қоршауға сүйеніп, ойға шомып тұрғанда «Сәлеметсіздер ме?!» деп саңқ еткен жіңішке дауыс ойды бөліп жіберді. Ол осы шлагбаум­ның тұт­қасын ұстап отырған Ұлт­тық парк инспекторы Лаура Ес­жанқызы еді. Бізден куәлі­гімізді алып, аты-жөнімізді жур­налға тіркеді. Содан кейін ғана барып шлагбаумды ашып, сәт-сапар тілеген.

1

Ендігі жолдың соқпағы көп. Көлік пен жүргізушінің сыналар тұсы да осы. Жеткенше өр. Қос қапталдан тау төніп тұрады. Өзендерден тараған бұлақтар жолдың кейбір тұсын жырым-жырым етіпті. Ыңыранып-ыш­қынған көліктер бір сағаттай жү­ріп, Қаракөл сарқырамасының тұсына келіп аялдады. Топырлай түсіп, жалғыз сүрлеумен сар­қы­рамаға қарай асықтық. Жа­қындаған сайын гүрілі қатая берді. Бұрын келіп көрмеген жігіттер жан-жақтарын суретке түсіріп әлек. Сарқыраманы көр­генде «ғажап, тамаша, керемет» десіп таңданыстарын жасыра алмады. Қаракөл су құламасы сонау біз бара жатқан Қаракөлден шыққан бір сағасы. Он метрден құлап ағады.

Суреттегідей көрініске таң­данысып, таңғалысып көлікке қай­та міндік. Шоқалақ-шоқалақ етіп жүріп келеміз. Мұндайда жол біте қоймайды емес пе?! Бір кезде инспекторлардың рациясы быж-быж ете қалды да, ар жағынан Қаракөлдің жолында базбіреулер қоқыс шашып кеткенін хабар­лады. Инспекторлар құп алып, Эрнст Оралғазин алдымызда дегендей иегін көтерді. Мөл­шер­легеніндей, жол жиегінде бө­телкелер жайрап жатыр. Инс­пекторлар бәрін жиып-теріп кө­лікке салып алды. Табиғатты қорғау деген осы емес пе?! Ар­мандағанымыздай, Қаракөлге дейін асфальт түссе, табиғат ана­ның қоқысқа толып кетпесіне кім кепіл? Табиғат табиғи қалпында сақталып тұрғаны да жөн дерсің мұндайда.

Иыққа шыққанда менмұн­далап Мұзтау көрінді. Басында шөкім бұлт жоқ. Етегіне дейін қар түскен. Бауырында мөлдіреп көл жатыр. Қаракөл. Көл жағасында көк шатырлы бірнеше үй бой көтерген, ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Оның бәрі туристер үшін. Жағалау құжынаған халық. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Қо­нақүйден орын таппағандар шатыр тігіп алған. Мұнда да турис­терге бас-көз болып, инспекторлар отыр.

Егер күн райы қолайлы бол­са, парк қызметкерлерінің жол бастауымен, Алтай тау сілем­дерінің ең биік шыңы – Мұзтауға дейін сапарлауға болады. Ол жақт­а соғыс уақытында вольфрам, молибден өндірген кен орны қаз-қалпында сақталған. Жол-жөнекей 80 метрден құлап аққан Көккөл сарқырамасы бар. Бірақ Қаракөлден әрі атқа ер сал­масаңыз, көліктің келген жері осы. Ат керек дегендер Ұлт­­тық парктен құнын төлеп, жал­­ға ала алады. Мұзтау қол созым жерде тұрғанымен, жолай «Сәр­­сенбайға» бір қонып жетпесе, жетпіс шақырымға тақым шы­дамайды. Төтесінен жол бол­­ғанымен, ол жерге соқыр ішек ұқсап Ресейдің территория­сы кіріп кеткен. Байқаусызда шекара сызығынан өтіп кетсе, заңға тартылады. Бұл жақта қа­да қағылып, тікенек сым тар­тылмаған. Сондықтан да бір қадам шалыс басса, Ресейден бірақ шығуы мүмкін.

Салқын самал жел есіп, Қара­көлдің бетін толқын тепкіледі. Әр-әр жерінен балығы шоршып, жылт етті. Саяхатшылардың кейбіреуі катамаранмен көлдің ортасына қарай барып, қармақ салып отыр. Бұл көлдің аққайран дейтін балығы да ерекше. Қар­маққа ілініп қалса, шиқылдап, дыбыс шығарады. Ал майға қуыр­саңыз, дәмі тіл үйіреді. Ба­лық­шылардың айтуынша, шыбын-шіркей азайған күздің осындай шағында аққайран жақсы қабады екен. Жақсы қабады деп аулай беруге болмайды, белгіленген мөлшері бар.

Жан-жағын қалың қарағай қоршаған көлді көрдік. Жаз­да­ғыдай емес, күздің жаймашуақ күнінде суретшінің палитрасындай сан алуан бояулармен құлпырып, құбылып, көз тоймастай сұлулана түскен. Күзгі Қаракөлдің табиғатына таңдай қағысып, түс ауа Берелге қайта беттедік...

 

Шығыс Қазақстан облысы

Катонқарағай ауданы