Руханият • 02 Қараша, 2020

Шет тілін білуді ана тілінен бастау керек

2367 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көп тілде сөйлесе алатын бәсекеге қабілетті еліміздің ұл-қыздарының қатары күн санап артып келе жатқаны қуантады. Көп тіл білу – көптік етпейтіндігі де рас. Десек те, шет тілдерін меңгеруде және үш тұғырлы тіл саясатын іске асыруда басты назарда болуы тиіс ұстанымдар туралы сөз еткенді жөн көрдік.

Шет тілін білуді ана тілінен бастау керек

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдар­лама­сының мақсат-міндеті ретінде елімізде тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, Қазақ­стандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты ая­сында ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену, оқыту­дың үштілді моделін дамыту көзделгені белгілі.

Бүгінгі күні еліміздің әлемдік өр­ке­ниеттен қалыс қалмай, дүние ­жү­зінің дамыған отыз елінің қатарына қо­сы­лу мақсатында елдің бәсекеге қабі­лет­тілікке ұм­­­ты­луының ұтымды жолда­ры­ның бірі ретінде «Үш тұғыр­лы тіл» бағдарламасының қабыл­дануының орны ерекше екені түсінікті.

Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қал­майды. Үш тілдің біріншісі, негіз­гісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тілі. Оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады» деп нақты айқындап берген еді. Ендеше, көп тілді меңгертуде негізгі екпін мемлекеттік тілге түсетінін әр кез естен шығармағанымыз абзал. Бағдарламада басым­дыққа ие болуға тиіс мемлекеттік тілді мең­­гертуде мән берілетін мәсе­лелер жеткілікті.

Жоғарыда атап өткен «жеті жұрттың тілін білген» кейбір аза­маттардың қазақ тілінде жазбақ түгілі, ауызша пікір ал­масуға шамасы келмейтінін көріп, келешекте бағдарламада көзделген мақсат­тар мен міндеттер және оны іске асыру нәти­желерінің көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша атқарылар іс-шараларға тоқтал­ғымыз келеді.

Бірінші кезекте бұл бағдар­ламаны іске асыруда қазақтың біртуар азаматы Халел Досмұха­медовтың: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деген ұстанымын басшылыққа алуымыз керек. Жастарға орыс, ағылшын және басқа шет тілдерін үйретуде осы міндет тұрғысынан қарастыратын болсақ, бірнеше шет тілін мең­герген қандастарымыз ана тілінде де еркін сөйлеп сүйіндірер еді...

Әрине, әлемдік білім-ғы­лым кеңіс­тігіне еркін ену үшін, шет тілін білу қажеттігі дәлел­деуді қажет етпейтіндігі бел­­гілі. Өйткені тіл тек қарым-қа­ты­нас құралы ғана емес, сондай-ақ ел ара­лық әлеуметтік, экономи­калық, мәде­ниет, тарих, білім-ғы­лымнан хабар берер үлкен достық көпіріне айналып отыр. Қазақстандық білім жүйесін әлем­дік деңгейге көтеріп, халық­аралық стан­дарт­тарға сай қимыл жасай отырып, төрт­кіл дүние төрінен табылайық десек, қазірден бастап әлем тілдерін меңгерген мамандарға деген біліктілік талаптарына көптеген өзгерістер енгізу күн тәртібіне көтерілуі тиіс.

Басқа ұлт өкілдерімен қатар, орыс тілінде білім беретін мектептерде оқитын қазақ жастарына мемлекеттік тілді меңгертуде орыс тілді аудиторияларда қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздар алдына қойылатын талаптарды да арттыра түскен абзал. Өйткені білім беру жүйесінің үш тілділік бағдарламасын іске асыру өте күрделі, әрі өте маңызды екенін айта келіп, Мемлекет басшысы: «Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», деп өз ойын білдірген болатын. Сөз жоқ, қазіргі кезде әдіскер-ғалымдардан еліміздегі тіл саясатын іс жүзінде жүзеге асы­ру барысында қазақ тілін үй­ретуді жоғары дәрежеде сапалы түрде қамтамасыз ету талап етіледі.

Мемлекеттік тілді меңгертуді қамта­масыз етудің тиімді тәсілде­ріне қол жеткізуде оқулықтардың алар орны ерекше. Әрине, бұл жерде жаңа тұрпаттағы оқу­лық­­тарды айтып отырмыз. Жа­ңартылған білім мазмұнында оқушыларымыз ұлттық сипатта дайындалған отандық төл оқулықтарымыздың негізінде білім алуды жалғастыруда. Оқу­лықтар мен оқу-әдістемелік ке­шендерді дайындаудың жүйесі де бір қалыпқа түсіп келеді. Талай сарапшылардың талқылауынан өткен тақырыптың мазмұны бе­кі­тіліп, қолданысқа енгізілуде. Осының ар­қасында қазіргі оқу­лықтар тек ақпарат берумен ғана шектелмей, оқушылардың өз бе­тінше ізденуіне жол аша бастады. Білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертудің түпкі мақсаты – оқушы білімді тек алып қана қоймай, өз пайдасына жарата білу керек. Ендеше, жастарымыздың мемлекеттік тілді білуі ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы қарым-қатынаста қолдана алу дағдысына машықтануды мықтап қолға алу арқылы мемлекеттік маңызы мол үштілділік саясатын іске асыруда нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Елбасы ұсынған Ұлт жоспарында да даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру сек­торының экс­порттық әлеуетін көтеру мақ­сатында білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу міндеттелген болатын. Осынау ауқымды істерді абыроймен атқаруда шетел тілдерін оқыту мәселесі мемлекеттік тілді терең меңгерту нәтижесінде қолға алынуы керек деп есептейміз. Еліміздің жоғары оқу орындарында барлық мамандықтар бойынша орыстілді ауди­торияларда қазақ тілі оқылатыны бе­л­гілі. Тәуелсіздік алған ал­ғаш­қы жылдары студенттерге күнделікті тұрмыстағы жиі қол­данатын сөздерге, алғашқы кезеңнен бас­тап ауыз екі сөйлеуге дағ­дыланатын болса, қазіргі таңда ғалым-әдіскерлер қазақ тілін мамандықпен байланыстыра оқытуға мән беріп отыр. Осыған байланысты экономикалық, гуманитарлық, жаратылыс­тану және техникалық мамандықтарды терең игеруге бағытталған оқу­лық­тар мен оқу құралдары көп­теп жарық көре бастады. Бұл бағыттағы әдістемелік еңбектерде мамандыққа сәйкес терминдерді мең­геруге, болашақ қызметіне қажет болатын сөздік қорды молайтуға мүмкіндік беру жолдары жіті қарастырылған. Сала бойынша студенттер меңгеруге тиісті лексикалық минимумдар мемлекеттік тілді барлық салаларда еркін қолдануына жол ашады. Жоғары оқу орындарының бәрі қазақ тілін екінші тіл ретін­де оқыт­қанда, студентті тек қазақ­ша сөйлетіп қана қоймай, қазақ халқының бай ұлттық ерек­шеліктерін, мәдениетін, салт-дәстүрін де үйретуге мән бергені дұрыс болар еді. Өз ұлтының терең тарихы мен өнерін үлгі етіп үйренген білім алушыға ана тілі арқылы басқа да шет тілдерін меңгеру қиыншылық тудырмайтыны анық. Бұл жерде, астын сызып айтатын мәселе – білім ошақтарын орыс тілінде оқитын өзіміздің қаракөздерімізге қатысты екенін көзі қарақты оқыр­ман аңғарған болар дейміз. Өйткені ана тілінің құдіретін те­рең сезіну арқылы, шет тілін еркін мең­гер­­ген жастарымыздың бойында елге де­ген сүйіспеншілік, тілге деген құрмет ар­тары анық.

Мемлекеттік тілді терең түсініп, оның қыр-сырын жете ұғыну үшін салыстырмалы зерт­теулерді одан әрі жетілдіру керек деп санаймыз. Еліміздің жетекші оқу орындарының жанынан ашылған «Салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы-типоло­гия­лық тіл білімі, аударма теория­сы» мамандықтары бойынша қорғалатын диссертациялық ке­ңестерде, негізінен, мемле­кет­тік тілмен салыстыра зерт­теліп, қос тілді, көп тілді ілес­пе аудармалардың теориясы мен практикасына арналған дис­­сертациялық жұмыстардың көптеп қорғалуына қол жеткізу – тілдерге ортақ құбылыстар мен ерекшеліктерді айқындауда, тұжырымдама жасауда, туған тілді терең тануға жол ашары анық. Ұлы Гетенің: «Шетел тілін білмеген адам, өз тілінде де еш­нәрсе білмейді» деген қанатты сөзін қаперімізге алып, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруда да игі істер қолға алынар еді.

Елімізде әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өткізу үрдісі де қарқын алып келеді. Халықаралық форумдарда, конференция мен жиындарда табан астында қазақшадан шет тіліне, шет тілінен қазақ тіліне тәржімелеуде ілеспе аудар­машылардың атқарар рөлі айрықша екенін көріп жүрміз. Ана тілі мен шет тілін тел емген тілшілерге деген сұраныс күн санап арта түсері сөзсіз. Осы­ған байланысты ілеспе аударма тәсілдерін терең меңгерген аудармашылар дайындау ісіне де мықтап көңіл бөлетін кез келді.

Бұған дейін қабылданған «Үш тұ­ғырлы тіл» бағдарламасында шет тілін, атап айтқанда, ағыл­шын тілін оқы­туды бастау­ыш сыныптан бастау керек деген мәселеге көпшілік тара­пы­нан түсінбеушілік туындап, негізінен мемлекеттік тілді меңгертуден бастау керек деген қоғамдық пікір қалыптасқан болатын. Ағылшын тілінде оқытуды Кеңес Одағы кезеңіндегідей бесінші сыныптан бастасақ та, «көштен кеш қалмайтынымызды», шет тілдерін қазақ топтарына оқыту әдістемесін зерттеп жүрген ғалым ретінде бұл бастаманың әдіс-тәсілдерін қарастыруда ғылыми түрде әлі де зерделей түсетін, түпкі нәти­женің тиімді болу жағын қарастыруды ғылыми тұжы­рымдармен толықтыру қа­жет екенін, сондай-ақ мектептерде сабақ беріп жүрген ұс­таздардың ағылшын тілін ерте жастан оқыту әдістемесі бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткізу керектігін ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жеткізген болатынбыз. Сондай-ақ үштілділікті жүзеге асыруда Қазақстанда қанат жайған қазақ-түрік лицейлерінің тәжірибесіне сүйенсек жылдам оң нәтижеге қол жеткізетіндігімізді нақты мысалдармен айғақтаған едік. Бұл лицейлерге қабылдану – жоғары оқу орындарына түскендей абыройлы көрінетін. Балаларының шет тілдерін шебер меңгеріп, әлемнің айтулы универ­ситеттерінің сту­денттері атанатын да, еліміз­дегі мектептерді «Алтын белгі­мен» бітіретіндердің де үлес салмағы осы оқу орындарының түлек­терінің еншісінде болатын. Сонымен бірге шет тілін қар­қынды үйрету бұл ұйымдарда жетінші сыныптан басталатынын айта кеткеніміз артық болмас.

Енді міне, «халық үніне құлақ асатын үкімет» ұстанымын нық ұстаған Президентіміздің өзі бұл мәселеде ата-аналардың өті­ніш тілегін ескергені – сөз бен істің бірлігін көрсетіп отырғаны көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев үш тілді білім беру жүйе­сін енгізу өте өзек­ті мәселе екенін айта келіп: «Үш тілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының да­йын­дығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте, ғылыми-жара­тылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталық­та­рының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай, оқытушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс... Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау алуы орынды, әрі тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайын­дығына қарай жүргізу қажет», деген еді.

Реті келгенде айта кетейін, еліміздің азаматтарына әлемге аты әйгілі университеттерде білім алуға мүмкіндік тудыратын «Болашақ» бағдарламасының үміткерлеріне мемлекеттік тілді білу деңгейін айқындайтын тест тапсыру керектігі туралы қоғамдық пікірлер әлі күнге дейін толастар емес. Шет тілін терең меңгерген талапкерлерге мем­лекеттік тілді орта деңгейде болса да мең­геру міндеттелетін болса, олардың қазақ тілін тез игеріп алатынына еш күмәніміз жоқ. Бұл мәселеге ерекше мән беріп отырғанымыз – әлем тілдерін еркін мең­герген кейбір бауырларымыздың қазақ­шасы «сәлеметсіз бе?» дегеннен әрі аса алмайды. Сондай-ақ Қа­зақстанның шетелдік, халық­аралық ұйымдарымен бай­ла­­нысының артуына сәйкес әлем тілдерін меңгерген ма­ман­­­дарға сұраныс та көбейе түсетіні түсінікті. Сондықтан Сырт­­қы істер министрлігіндегі, елшіліктердегі мемлекеттік қыз­меткерлердің мемлекеттік тілді меңгеруінде мін болмауы тиіс. Өйт­кені тәуелсіз елімізді дүние жүзіне танытуда патриотизмнің озық үлгісі ана тіліне құрметтен бастау алғаны алдың­ғы қатарға шығуы керек. Сонда ғана жо­ғарыда айтылғандай, ана тілін жақсы бі­ліп тұрып, шетелше шешен сөй­лейтін жас­тарымыздың жүзі жарқын болары анық.

Ендеше, жастарымыз шетел тілдерін меңгеру – ана тілін білуден бастау алу керектігін тү­сінгенде ғана, үш тұғырлы тіл саясатының салтанат құратыны сөзсіз екенін айтқымыз келеді.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҰҒА академигі,

 филология ғылымдарының докторы,

Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті