Екі күнге созылған іс шара барысында Қостанай қаласында интернет арқылы бес мәрте алаяқтық жасаған 26 жастағы күдікті ұсталды. Қаскүнем қала тұрғындарының жеке басына қатысты құжат мәліметтерін пайдаланып, өзіне бейтаныс адамдардың атынан онлайн несие рәсімдеп, шағын несие ұйымдарының бірінен оңай олжа тауып отырған. Алаяқтың құрығына түскендерге келген жалпы шығын көлемі 1 миллион теңгеден асады. Мысалы, күдікті жәбірленушілердің біріне 900 мың теңгеге жуық несие рәсімдеген.
Қостанай қаласының келесі бір тұрғыны короновирус індеті өршіп кеткен кезде алдау жолымен пайда таппақ болып, әлеуметтік желіге резеңке қолғап сатылатыны туралы хабарландыру орналастырған. Алматы облысының тұрғыны күдіктіге 36 мың резеңке қолғапқа тапсырыс беріп, бір жарым миллион теңгеден астам ақша жібереді. Алайда тапсырыс беруші тауарды да, ақшаны да қайтарып ала алмаған. Осылайша, қаскүнем Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының тұрғындарын алдау жолымен, 1 млн теңгеден астам пайда тапқан.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аталмыш алаяқтарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қостанай облысы