Медицина • 03 Қараша, 2020

Инфекциялық аурухана пайдалануға берілді

539 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда Covid-19 жұқтырған науқастарды емдеуге арналған жаңа инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Қаланың шетіндегі ашық алаңда бір жаздың ішінде бой көтерген жаңа заманауи стационар қазір науқастарды қабылдай бастады.

Инфекциялық аурухана пайдалануға берілді

Коронавирусқа қарсы күрес шара­­лары барысында салынған жаңа ауру­ха­­наның ерекшелігі сол – сырттай қа­рағанда шағын ғана емдеу ме­ке­ме­­сі сияқты. Алайда стацио­нар­дың жо­ғары технологиялық заманауи құ­­рыл­­ғылармен қамтылған ар­найы зерт­­ха­насы, диагностика орта­лы­ғы, ота жа­сайтын бөлімі бар. Инфек­ция­лық ор­талықтың басты ерек­шелігі – мұнда дәрігерлер науқасқа арнайы қон­ды­рыл­ған планшет арқылы қашық­тан ба­қы­лау жүргізе алады.

Инфекциялық стационар об­лыс­тық ауруханаға қарайды. Мұнда нау­қас­тарды оттегімен қамтамасыз ету­дің орталықтандырылған жүйесі бар. Яғни 8 тонна сұйық оттегі арнайы цистернаға құйылып, қажет болған жағдайда әр төсекке орнатылған құ­рыл­ғы арқылы науқасқа қосылады. Ста­ционардағы қалдықтарды жоюдың тиім­ді жолын қарастыру да ескерілген. Қал­дықтарды ұнтақтап, зарарсыздандырып, қоршаған ортаға зиян келтірмеуін қамтамасыз ететін арнайы жүйе жұмыс істеп тұр. Созылмалы гемодиа­лизі бар және коронавирус­пен ауыр­ған науқастардың қанын та­зар­ту қажет болған жағдайда, гемодиализ­ден өткізу үшін су тазартатын, су дайын­дайтын бірегей жүйе бар. Ол жан­­сақтау төсектеріне қосулы тұр­ған­дық­тан, нау­қас­ты мазалап басқа жаққа ауыс­ты­ру­дың керегі жоқ.

Қабылдау бөлімінің ерекшелігі туралы да айта кеткен жөн. Мұнда КТ құрылғысы мен рентген аппараты тұр. Бұл құрылғылардың көмегімен ауруханаға түскен науқас бірден негізгі диагностикалық зерттеулерден өтеді. Барлығы заманауи жеңіл пластик материалдардан жасалған. Сондықтан тез жуылып, тез зарарсызданады. Әр палатада 2-3 төсек қойылған. Өте қолайлы, жарық әрі жылы. Науқастар дә­ретхана, арнайы тазартудан өткен ауыз­­­сумен қамтамасыз етілген. Бұл ін­дет жұқтырған науқасқа да, оны ем­дей­тін дәрігерге де психологиялық тұр­ғы­дан қолайлы жағдай туғызады.

«Қазір науқастардың көбі амбу­ла­то­риялық жағдайда емделіп жатыр. Сондықтан әзірше жаңа инфекциялық стационарда медициналық қыз­мет­керлері жеткілікті. Алайда алда­ғы уа­қыт­та 200 науқасқа дейін қабыл­дайтын болсақ, бізге қосымша меди­циналық қызметкерлер мен параме­дик­терді жұ­мысқа алуға тура келеді», дейді Айдан Нарымбаев.

Инфекциялық орталық 200 нау­қас­қа шақталған. 20 орындық жан сақтау бөлімі, эндоскопиялық және ультрадыбыспен емдеу бөлімі тағы бар. Жаңа аурухананы таза және лас аймаққа бөліп тұратын 8 модуль қарастырылған. Орталық ғимараттарының қос қапта­лын­­да бір-біріне қарама-қарсы орна­лас­­қан екі есік бар. Коронавирус жұқ­­тырып, ауруханаға жеткізілген нау­­қастар бірінші есіктен кіреді. Ал дер­тінен айыққан адамдар ғимараттың екін­ші жағындағы басқа есіктен шы­ға­ды.

Бір қабатты аурухана ғимаратының жалпы ауданы 6800 шаршы метр болады. А.Нарымбаевтың айтуынша, мұнда ауаны тазартып отыратын кері желдеткіш орнатылған. Яғни пала­та­дағы лас ауа дәлізге шықпайды. Ауру­ха­надағы барлық ауа арнайы зарарсыздандыру құрылғысы арқылы сүзгіден өтіп, тазартылған күйде далаға бөлініп шығады.

 

Қостанай облысы