Білім • 03 Қараша, 2020

Диплом қайтсе кәдеге жарайды?

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқу бітірген жастардың мамандығы бойынша жұмыс табуы машақат. Бұл мәселенің бірқатар себебі бар. Соның бірі университет түлектерге берген білімін тәжірибемен ұштастырмай, теориямен шектеліп жатады. Оның үстіне маман даярлауда жұмыс берушілердің де талабы ескеріле бермейді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының соңғы мәліметіне сүйенсек, жұмыс берушілердің 68%-ы қазіргі оқу бағдарламасына көңілдері толмайды. Елімізде 60-тан аса жоғары оқу орнында оқыған түлектердің жартысы – жұмыссыздар қатарында.

Диплом қайтсе кәдеге жарайды?

Аталған мәселе Білім және ғылым минис­тр­лі­гіне қарасты ADAL BILIM жобалық кең­­се­сі­нің алаңындағы кеңінен талқы­лан­­ды. Онлайн форматта өткен іс-шараны М.Нәрікбаев атын­дағы KAZGUU университеті Бас­қарма төра­ғасының орынбасары Ерболат Мұха­мед­жан жүргізіп отырды.

Шараға «Атамекен» ҰКП басқарма төра­ғасының орынбасары Олжас Ордабаев қаты­сып, «Түлектері жұмыссыз жүрген ЖОО-ларды жабу қажет пе?» «Пандемия әсерінен 2021 жылы Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі қалай өзгереді?» деген сауалдарға жауап берді. Ол ма­ман­дықтардың 90%-ның рейтингі анық­тал­ғанын айтып, университет түлектерінің жұмыс­қа орналасу көрсеткіші төмендеп кетке­нін жеткізді. Бірақ бұған індеттің де әсер етуі әбден мүмкін.

«Білім бағдарламаларының 32%-ы ғана жұ­мыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6%-ы іске жарамсыз, қалған 52%-ы күрделі өзгер­туді қажет етеді. 29 университеттің білім бағ­дар­ла­ма­сының 80%-ы өзекті емес. Бір қызығы, дәл осы ЖОО түлектерінің жұ­мыс­қа ор­наласу деңгейі де төмен. «Мобильді жұ­мыспен қамту орталықтары» жобасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 220 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеттік. Олардың арасында жоғары және орта білімі бар 25-46 жастағы еңбекке қабілетті адамдар бар. Бірақ дипломдары жұмыс табуға көмектеспей отыр. Өйткені 45%-ында қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қабілеті сияқты еңбек дағдылары жоқ. Жұмыс берушілердің айтуынша, оларға оқу барысында ақпаратпен жұмыс істеуді үйретпеген, ресми хат жазып, құжатты дұрыс толтыра да алмайды», дейді О.Ордабаев.

Осы шара барысында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарушы директоры Әділ Нұрғожин жұмыс беруші ретінде университеттердің беріп жатқан біліміне риза емес екенін жеткізді. Жұмысқа маман алғанда дипломына емес, қолынан не іс келетініне мән берілетінін алға тартты.

«Жұмысқа тұрған жас маманды тренингтерге қатыстырып, бәрін өзің үйретесің. Оған 1-2 жыл күш-жігеріңді жұмсайсың. Маман ре­тін­де қа­лыптасу үшін тағы 3 жылдай жұмыс іс­теуі ке­рек деген тұжырымға келдім. Әсіресе, IT мамандығына байланысты беріліп жатқан бі­лім­нің керексіз тұстары көп. Менің тәжірибем бо­йынша қазіргі IT-мамандардың алып жатқан білімі жұмысқа келгенде мамандыққа тікелей қа­тысы жоқ болып қалады. 4 жыл бойы университетте оқығаны нарықтағы жұмысына әсері болмайды. Сондықтан техникалық мамандық бо­йынша білім беріп жатқан университеттердің бағ­дарламаларының өзектілігін бақылау қа­жет», дейді Ә.Нұрғожин.

Сонымен қатар М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің провосты Сергей Пен ұлттық университеттердің контингентіне бай­ланысты жақсы мысал келтірді. Ол өзі бас­­қарып отырған оқу орнының профессоры, Экономика Жоғары Мектебінің дирек­торы Сәуле Кемелбаеваның докторлық дис­сер­та­ция­сындағы мәліметпен бөлісті.

«Ұлттық университеттер грантпен өте көп студент қабылдайды. Мемлекет әр студенттің оқу ақысын ұлттық университетке төлеп отыр. Демек ҰБТ-дан жоғары балл алған талапкерлер ақылы бөлімге түскендерге қарағанда әлде­қай­да білімді. Ұлттық университеттің мәр­тебесі бар. Сәуле Кемелбаеваның сараптама қор­тын­ды­сы бойынша осындай оқу орнын бітір­ген студенттің жеке меншік университетте ақылы бөлімде оқыған маманнан еш артық­шы­лы­ғы жоқ, кей жағдайда айлықтары төмен болып шық­қан. Сонда 4 жыл бойы ол студент­тің қа­рым-қабілеті өспеген. Ұлттық универ­ситет­тер нарыққа сапалы маман дайындап отырған жоқ», дейді С.Пен.

Расында, маман даярлайтын жоғары оқу орын­дары бәсекеге қабілеттігін арттырғысы келсе, түлектерінің қазіргі күннің талаптарына дағдылануына, алған білімінің білігімен сәй­кес келуіне басымдық берілуі керек. Бі­лік­ті маманның өз жұмысын игеріп кетері сөз­сіз. Бұл ретте азаматтың қоғам өкілдерінің пі­кі­­ріне құлақ асып, жұмыс берушілердің де талап-тілегін ескерген жөн.