Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Медет берген мейірімді мегаполис

142 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Арқаның төсіне керуенін тоқтатып, келешегін кеңінен ойлаған еліміздің ертеңі үшін елордамыздың ерекше рөл атқаратыны бесенеден белгілі. Мамыражай елі­міз­дің маңызды ордасына айналған қасиетті қара шаңырағымыз қала тұр­ғын­дарына қаншалықты қадірлі болса, оның өсіп-өркендеуі, құлпырып дамуы соншалықты маңызға ие. Материалдық тұрғыдан бөлек, рухани бай­лы­ғы да бас қаламыздың бағын еселеп тұратыны жасырын емес. Ендеше, ең­се­лі елордамыздың адами құндылықтарды айшықтаған іргелі істеріне көз жү­гір­тсек.

Медет берген мейірімді мегаполис

«Жанұя» отбасын қолдау орталығына 36 мыңнан аса адам жүгінді

Нұр-Сұлтандағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың тамызында ашылды. Мұнда отбасыларға құ­қықтық, психологиялық және әлеу­мет­тік көмек көрсетіледі. Мекеме мем­ле­кеттік қызметтерді біріктіреді және олар­ды «бір терезе» қағидаты бойынша ұсы­нады. Мамандар әр отбасымен жеке жұ­мыс жүргізеді. Ашық алаңда елорда тұрғындарына денсаулық сақтау, жұ­мыс­пен қамту, білім беру, тұрғын үймен қам­тамасыз ету және кәсіпкерлікті бас­тау бойынша жүйелі кеңестер мен көмек көр­сетіледі.

Ашылған күннен бастап орталыққа 64 636 сұрақ бойынша 36 169 адам хабарласқан. Оның ішінде 53 595 мәселеге жү­йелі кеңестер берілді, 11 041 мәселені ше­шуге шаралар қабылданды. Өтініш біл­діргендердің 60%-ы (35 175) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, 8%-ы (5 051)тұрғын үй, 5%-ы (2 652)кәсіпкерлік, 4%-ы (2 044) заң көмегі, қалғаны жұмыспен қам­ту және басқа мәселер бойынша жүгінген.

Мәселелердің басым көпшілігін ше­шу бойынша шаралар қабылданды. Со­ны­мен қатар атаулы әлеуметтік көмек та­­ғайындауға құжаттар қабылданды. Бір­­ың­ғай жинақтау қорының қызметтері көр­­сетілді, тұрғын үй мәселелеріне, жұ­мыс­қа орналасуға, құқықтық және пси­хо­­логиялық көмек көрсетілді.

Орталықта елорда тұрғындарына АӘК-ге өтінім беру, баспана кезегіне тұру және медициналық көмек алу бойын­ша кеңес беріледі. Тұрғындар мұнда заң­герлік және психологиялық көмек ала алады. «Жанұя» орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеу­меттік қолдау көрсетеді. Орталық ала­ңында «Кәсіпкер ана» атты қолдау көр­се­ту орталығы аналарға өз бизнесін да­мы­туға септігін тигізеді. Онда мамандар өз ­ісін ашуға көмек көрсетіп, кәсіпкерлер мотивациялық бизнес-тренингтер өткізеді.

Сонымен қатар орталық базасында Нұр-Сұлтан әкімінің ашық қоғамдық қа­былдауы жұмыс істейді. Ал аудан әкім­де­рінің, басқарма және басқа ұйымдар басшыларының азаматтарды қабылдауы кес­теге сәйкес жүзеге асырылады.

Мекемеде кедергісіз орта жасалған. Ерек­ше қажеттіліктері бар адамдарға ар­нал­ған лифтілер бар. Арнайы ойын алаңы ашылған, онда орталық қызметкерлері балаларға қарайды.

 

Еңбек даулары Татуластыру орталығы арқылы шешілуде

Қызметкерлер мен жұмыс берушілер ара­сындағы қарым-қатынасты құру тәсіл­дері тек қызметкерлер жұмысының тиім­ді­лігіне ғана емес, сонымен бірге компанияның еңбек өнімділігіне де тікелей әсер етеді. Бұл, сайып келгенде, бүкіл ел экономикасына әсер етеді. Нұр-Сұлтанда еңбек қатынастарын қалалық Кәсіподақтар орта­лығы қадағалайды. Бүгінде бұл 454 бастауыш кәсіподақ ұйымын және 102 919 кәсіподақ мүшелерін, яғни әртүрлі саланың жұмысшыларын біріктіреді.

«Көбінесе бізге жалақыны кешіктіріп төлеу, еңбек келісімшартын бұзу және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша хабарласады. Өткен жылы Кәсіподақтар Федерациясы Жоғарғы Сотпен мемо­ран­думға қол қойды және оның аясында біздің Кәсіподақтар үйінде Татуластыру орталығы ашылды. Бұл орталық тек еңбек сипатындағы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық, отбасылық және әкім­шілік кеңес береді. Онда медиаторлар, заңгерлер, психологтар жұмыс істей­ді», дейді Нұр-Сұлтан қалалық кәсіп­одақ орта­лы­ғының төрағасы міндетін атқа­ру­шы Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, екі жыл ішінде Татуластыру орталығына 5 мыңға жуық өтініш түскен. Олардың тек 5%-ы шешім таба алмады, қалған жағдайларда даулар сотқа дейінгі келіссөздер барысында ше­шіл­ді.

«Кәсіподақтар кәсіподақ комитет­те­рі­нің төрағалары мен жұмыс берушілер кадр қызметі, заңгерлер, экономистерге арналған семинар-тренингтер өткізеді. Себебі даулы мәселелер жұмыс берушінің біл­местігінен туындайды», деп түсіндірді Т.Күнәділов.

Өткен жылы қалалық Кәсіподақтар орталығы 80 мыңнан аса семинар мен тренинг өткізіп, 1,5 мыңнан аса адамды қамтыды. Биыл пандемияға байланысты орталық жедел хабарламалар, интернет-платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы тәулік бойы кеңес берді.

«Кәсіподақтардың қазіргі жұмысы тек жұмысшыны қорғау ғана емес, сонымен бірге жұмыс берушімен жұмыс жасау. Өйткені жұмыс берушіге жағдай жасамай, қызметкерге жағдай жасау мүм­кін емес. Яғни, кәсіподақ бұл тұр­ғы­да әлеуметтік серіктес ретінде әрекет етеді. Пандемия кезінде елордалық кәсіп­одақтар өздерін нағыз серіктестер ре­т­інде көрсетті. Мысалы, көптеген меди­циналық ұйымда және мемлекеттік мекемеде бюро­кратиялық сатып алу процедураларына байланысты санитайзерлермен және жеке қорғаныс құралдарымен уақытылы қамтамасыз ету мәселесі туындады. Кә­сіпо­дақтар сол сәтте көмекшілер ретін­де әре­кет етті», деді елордалық Кәсіподақ­тар орта­лығы басшысы.

Сонымен қатар ұйым әлеуметтік серік­тес­тік жөніндегі қалалық комиссияда қыз­мет­керлер мүддесін қорғайды. Жақын күндері елордада ДДҰ жұмысшылардың денсаулығын сақтауға және жақсартуға бағытталған «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасын жүзеге асыру жос­парланып отыр. Нұр-Сұлтандағы қанат­қақ­ты жоба өндірістегі гимнастиканы, дене шынықтыру минуттарын және жұмысшылардың барлық санаттары үшін жұмыс күніндегі дене шынықтыру үзіліс­те­рін енгізуді көздейді.

 

Көп балалы отбасылардың балаларын тегін оқытады

Елордалық көп балалы аналар тарапынан көптеген әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – оқушыларға арналған тегін оқыту курстары. Көп балалы отбасылар үшін күрделі мәселенің бірі – балаларға қосымша білім беру ақысын төлеуге ақшаның жетіспеуі. Мектеп пән­де­рі бойынша репетиторлық, шет тілі курс­тарына қатысу – көбінесе көп балалы отба­сылар үшін қолжетімсіз. Бұл мәселені шешу үшін Strong mothers қоғамдық қоры тегін білім беру курстарын ашқан.

Қор көп балалы аналар – Райгүл Серікбаева, Жанар Исанова және Ұлжан Мыр­за­гелдиева бастамасымен құрылған.

«Жұмысты 1 маусымда бастадық. Өзім ағылшын тілінің мұғалімімін, шет тілінде сабақ жүргіземін. Маған екі ерікті студент көмектесуде. Сондай-ақ бізде көп балалы ана жүргізетін араб тілі курстары бар. Ол елшіліктердің бірінің аудармашысы және демалыс күндері сабақ береді. Ол Мысырдағы бакалавриат және Мароккодағы магистратураны бітірді. Көп балалы отбасылардың балалары ағыл­шын және араб тілі сабақтарына тегін қатысады. Бүгінгі таңда көп балалы отба­сылардан әр отбасында он адамнан тұра­тын төрт оқушылар тобы құрылды», деп атап өтті Р.Серікбаева.

Орталықта 100-ден аса бала оқытылып, 10-нан аса адам жұмыс істейді. Strong mothers қоғамдық қорының екінші бағыты – еріктілік.

Алдағы уақытта қоғамдық қор көп балалы аналарды цифрлық сауат­ты­лыққа оқытумен айналысуды жос­пар­лап отыр. Бұл олардың электронды мем­­лекеттік қызметтерді алуы, қажет­ті жәр­­демақыларды ресімдеуі үшін қа­жет. Сондай-ақ қоғамдық қор көп балалы әйел­дер­­ге арналған бос жұмыс орын­да­ры­ның мә­лі­меттер базасын жүргізуге ниетті. Со­ны­­мен қатар қор көп балалы аналарға заң қызметтерін алуға жәрдемдеседі.

«Жалғызбасты аналар көп. Олар бала­ларын күтіп-бағу үшін алимент таға­йын­дай алмайды. Мұндай аналарға білікті заң көмегі қажет», деп атап өтті қор өкілі. Көп балалы аналармен құрылған тағы бір әлеуметтік кәсіпорын – «Алтын шаңырақ» тігін шеберханасы. Осы жылдың наурыз айында іске қосылған жобаның не­гізін қалаушы және жетекшісі – Әсия Оспанқұлова.

Сегіз баланың анасы өткен жылы қала әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болып, елордалық аналардың басын қо­сып, өз ісін бастау идеясын айтқан. Нәти­жесінде қала әкімдігі қолайлы орын бөліп, демеушілер тігін жабдықтарын сатып алуға көмектесті, тігін шеберханасы өз жұ­мысын бастады. Алғашында тігін шеберханасында 8 ана жұмыс бастаған. Қазақтың ұлттық киімдері, көрпе-төсегі, киіз басу, басқа да ұлттық өнімдерін заманауи үлгіде дайындайтын тігін шеберханасы жұмыс ауқымын кеңейтіп, алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығы арқы­лы тағы да 5-6 ананы жұмысқа алуды жоспарлап отыр.

«Басқа аналарымызға үлгі көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар өзіміз жұмыс істеп қана қоймай, жұмыс орында­рын құруға да ниеттіміз. Бастапқы кезең­де жобаға көрсеткен қолдауы үшін қала әкімдігіне, Алтай Көлгіновке алғы­сы­мызды білдіреміз. Алда үлкен жоспарлар бар. Бізге билік көмек қолын созды, енді өзіміз де басқа көп балалы аналар­ға көмектесе аламыз. Алдағы уақыт­та жас аналарымызға арнап оқу орта­лы­ғын ашсақ деген ойымыз бар. 20-ға жуық анаға арналған оқу орталығында қолөнер­дің қыр-сыры үйретіледі», дейді Ә.Оспанқұлова.

Тігін шеберханасы басшысы кәсіпорын өзінің әлеуметтік мәртебесін көп балалы аналарды жұмысқа орналастырумен ғана емес, сонымен қатар халық үшін қолжетімді қызмет ұсынумен де дәлелдеп отырғанын айтады.

Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін «Бақытты шаңырақ» әлеуметтік жобасы іске қосылды.

«Біз мүгедек баласы бар бүкіл отбасын, яғни ата-аналарды, дені сау балаларды және ерекше балаларды қолдаумен айналысамыз. Біз оларға үй-жайлар мен жұмыс орындар ұсынамыз, олардың жұмыс істеуіне арналған жабдықтар тауып береміз. Бұл аналар өздері үшін жұмыс істейді және бизнестің қыр-сырын үйренеді, болашақта олар өздері кәсіп аша алатын болады. Ерекше бала тәрбиеленетін ата-аналарға ыңғайлы жұмыс кестесі қажет. Өйткені олар уақытылы баласын оңалтуға бейімдейді. Біздің қордың мақсаты – осындай отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту», деді орталық басшысы Ботагөз Сұлтанова.

Орталық маусым айында ашылды. Бүгінгі таңда онда 13 ана жұмыспен қам­тыл­ған. Жақында ұйымда жаңа жұмыс түрі – ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасыларына барып, оларға көмек немесе қолдау көрсететін үй көмекшісі қызметі ашылды.

 

«Кәсіпкер ана» кәсіп бастауға баулиды

Табысты компанияның дөңгеленуі көбіне бизнес иелері кәсібіне қажетті мамандықты игерген соң басталады. Кәсіпкер ретінде қалыптасу үшін жұмысты жүргізу тәжірибесіне қажетті ерекше ойлау қабілеті керек. Нұр-Сұл­тан­дағы «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасы халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы әйелдерге үйде жұмыс іс­теуді бастау және өз ісін дамыту үшін түрлі мамандықтар бойынша шеберлік пен дағдыларды меңгеруге көмектеседі.

«Біз әйелдерге кәсіпкерлік ойлауды дамытуды үйретеміз. Сол арқылы олар болашақта кәсіпкер бола алады. Бірақ жеке кәсіпкер болу үшін алдымен адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, өз еңбегінің арқасында алғашқы ақшасын табуды үйрену керек», деді «Кәсіпкер ана» жобасының негізін қалаушы Айнұр Әмірхан.

Бүгінде елорда тұрғындары IT-бағ­дар­лау, әлеуметтік желілерді ілге­рі­лету, фото және бейнография, аспаздық, қол­өнер, графикалық дизайнер, копирайтер, SMM маманы, коуч-психолог, тігінші, массажист, Монтессори әдістемесі бойын­ша күтуші және басқа да бағыттар бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын мең­ге­руде. Барлығы 20-ға жуық бағыт бар. Сонымен қатар ұйымдастырушылар еңбек на­ры­ғын­дағы өзекті кәсіптерді қадағалап, оларды бағдарламалар тізіміне қосады.

«Мен 2019 жылы татуировка жасауды үйрендім. Қазір жұмыс істеймін, ақша табамын және адамдарды оқытамын. Сондай-ақ 555 мың теңге көлемінде грант алдым», дейді жобаға қатысушылардың бірі Гүлнар Есенова.

Еңбектенем деген адамға түрлі тетіктер табылатыны айдан анық. Тек жұмыс пен табысқа, мақсат пен мұратқа жетем деген ынта керек екенін айтады жобаға қатысушылар.

«Мен бір жыл бұрын жалғыз басты ана санатында оқыдым, мұнда жақсы сабақ алдым. Кейіннен өз біліктілігімді арттырдым және қазір осы орталықта сабақ беремін. Бұл – пайда табатын мамандықты алуға және болашақта ешкімге тәуелді болмай, жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік», дейді маникюр шебері Альбина Досымова.

Жобада жаңа мамандық үйретуден басқа, қатысушыларды өздерін маман ретінде бағалауға үйретеді. Олармен психологтар да жұмыс істейді.

«Біз жұмыс істейтін санаттардағы әйелдерге психологиялық қолдау қажет екенін түсінеміз. Сондықтан бізде тұрақты негізде коуч-сессиялар, тренингтер өткі­зе­тін психологтар бар. Яғни, бұл ма­ман­дар, біріншіден, оларды әрі қарай кә­сіпкерлік қызметке психологиялық тұр­ғыдан дайындауға көмектеседі. Екін­ші­ден, әйелдерді өз ісімен айналысу үшін қызықтыру. Себебі клиенттер бірінші кезекте адамдарға барады», деді А.Әмірхан.

Курстардан өткеннен кейін қаты­су­шы­лар сертификаттар алады және өз ісін бастай алады. Ұйымдастырушылар, сонымен қатар «Кәсіпкер ана» әйелдер қауымдастығын құруды жоспарлап отыр, оның аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, бір-бірін жаңа нәтижелерге ынталандырады.

Жобада оқуға @kasipkerana_bot Telegram-боты арқылы өтінімдерді беруге болады. Бағдарламаның барлық жа­ңа­лықтарын @kasipker_ana Instagram парақ­ша­сынан қарап отыруға болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасының таныстырылымы былтыр қыркүйек айында өткен болатын. Оның міндеті – көп балалы әйелдерге, жалғыз басты аналарға, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз ісін бастауға көмектесу.