Даңқты боксшылардың әкесі – Владимир Радионович әскери адам болды. Шені – генерал-майор. Сол себепті де олар өз отбасы мүшелерімен үнемі көшіп-қонып жүрді. Үйдің үлкені Василий 1971 жылы Қырғызстанның Беловодск қаласында туса, Владимир 1976 жылы Семей өңірінде дүниеге келді. Кейіннен Жамбыл облысы мен Алматы қаласында да бірер жыл тұрақтаған екен. Олар жастайынан спортпен шұғылданып, түрлі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Василий Кличко алғашқы қадамын кикбоксингтен бастады. Екі рет әуесқойлар және төрт рет кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атанды. Алайда спорттың бұл түрі Олимпия ойындары бағдарламасына енбегендіктен, көп ұзамай боксқа ауысты. Әуесқойлар рингінде ол біраз белесті бағындырып үлгерді. Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Василий Украина біріншілігінде үш мәрте бас жүлдені ұтып, Римде өткен әскерилердің дүниежүзілік ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 1995 жылы Кличко әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Владимир Кличко 17 жасында бокстан жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы атағын жеңіп, Украина біріншілігінде бес мәрте топ жарды. Сондай-ақ әскерилердің дүниежүзілік ойындарының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Владимир әуесқойлар рингінде өзінің ең зор табысына 1996 жылы қол жеткізді. +91 кило салмақта бақ сынаған украиналық боксшы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында бас жүлдені қанжығасына байлады.
Әуесқойлар арасында орасан зор табысқа жеткен ағайындылар Олимпиада аяқталған бетте Германияға аттанып, кәсіпқой боксқа мықтап ден қойды. Екі айға жетер-жетпес уақыт даярланған олар 1996 жылдың 16 қарашасында тұсаукесер кездесулерін өткізді. Гамбургте жалауы желбіреген жарыста Виталий америкалық Тони Бредхэмді екінші раундта есінен тандырса, Владимир АҚШ боксшысы Фабиан Мезаны бір жарым минутқа жеткізбей ұрып жықты. Тырнақалды айқастағы айқын жеңіс Кличколарды қанаттандырды. Содан кейін екі жыл бойы олар ешкімге есе жібермеді.
1998 жылдың 14 ақпанында Владимир Штутгартта WBС нұсқасының интерконтиненталдық кубогы үшін таласуға мүмкіндік алды. Үшінші раундта украиналықтың ауыр соққыларынан кейін АҚШ боксшысы Маркус Макинтайр орнынан тұра алмады. Ал Виталий Любек қаласында өткен WBО тұжырымының тәжі үшін бәсекеде Дик Раянды бесінші раундта нокдаунға жіберді. Жерлестерінің жағдайы мүшкіл екендеріне көздері жеткеннен кейін АҚШ бапкерлері рингке ақ орамал тастады.
Соған дейінгі өз жекпе-жектерінің барлығын Германияда өткізген Кличколар 1998 жылдың жазында АҚШ-та өнер көрсетуге шақырту алды. Бұл тәкаппар америкалықтардың олардың мықтылығын мойындаумен пара-пар еді. Өйткені екінің біріне кәсіпқой бокстың отанында өнер көрсету бақыты бұйыра бермейді. Владимир Луизиана штатының Марксвиль қаласында Карлос Монроны алтыншы раундта, ал Владимир Майамиде Рикардо Кеннедиді бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді. АҚШ-тан басқа жерде өткен бәсекелерге аса мән бермейтін жергілікті мамандар осындай әдемі жеңістерден соң Еуропада тамаша боксшылар өсіп келе жатқандығын еріксіз мойындады.
Спортта жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні белгілі. Ерте ме, кеш пе төрт тұяғын тең басқан тұлпарлардың да сүрінетін кезі болады. Сол жылдың желтоқсан айында Владимир Киевте өз жерлестерінің көз алдында оңбай ұтылды. WBС нұсқасының интерконтиненталдық кубогы үшін айқаста ол америкалық Росс Пьюриттиді көгала қойдай сабап жатып, 11 раундта абайсызда қатты соққы алды. Кличконың есі ауып қалғанын көрген бапкері дереу жекпе-жекті тоқтатыңдар деп төрешіге өтініш айтты. «Бұл сәтсіздік мен үшін үлкен сабақ болды. Бапкерімнің ақылын тыңдағанның орнына мен қызбалыққа салындым. Жанкүйерлер айқайлаған сайын алға ұмтылып, қарсыласымды ұрып жығуға асықтым. Көрермендерді ерекше шаттандырғым келді. Ал оның ақыры осындай жағдайға әкеліп соқтырды», деп бәсекеден кейін Владимир ағынан жарылды.
Ал Виталий болса, қарсыластарын бірінен соң бірін ұтып жатты. Әуелі италиялық Франческо Спинеллиді ұтып, Еуропадағы теңдессіз боксшы екенін тағы бір дәлелдесе, 1999 жылы ұлыбританиялық Херби Хайдты екінші раундта есінен тандырып, WBО нұсқасының чемпиондық тәжін иеленді. Маусымның соңына дейін Виталий Кличко сол атағын тағы екі мәрте қорғады.
Аталған боксшылардың бір ерекшелігі – жеңіліп қалған жағдайдың өзінде олардың жігері жасымады. Келесі жолы есесі кеткен қарсыласын сабамай тынбады. Мәселен, 2000 жылдың ақпанында Виталий Берлинде Крис Бердтан ұтылды. Ұтылғанда қолынан жарақат алып, тоғызыншы раунд аяқталған соң жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Сол кезде жанкүйерлер мен журналистер оны АҚШ боксшысынан құлап қалудан қорқып, осындай қадамға барды деп айыптады. Тіптен, «қорқақ», «сужүрек» деген сөздер де айтылды. Ал өзінің бұл шешімін Кличко «Әр адам үшін ең басты байлық – денсаулық. Ал денсаулығың сыр бергенде жеңіске жету өте қиын. Сол себептен де WBO-ның чемпиондық белбеуін өз еркіммен Бердке бердім. Соның қызығын уақытша көре тұрсын. Чемпиондық атақ қайда кетер дейсіз, жарақатым жазылған соң белбеуді қайта қайтарып аламын ғой» деп түсіндірді.
Қос мықтының жолы рингте әлі қиысқан жоқ. Алайда сол жылдың қараша айында інісі Владимир Кельн қаласында Крис Бердті екі рет есеңгіретіп, айқын басымдықпен жеңді. Сөйтіп арада сегіз ай өткен соң WBO-ның чемпиондық белбеуі Кличколардың шаңырағының төрінен орын тапты.
Ағасы да қарап қалған жоқ. Бір кездері Киев қаласында Росс Пьюриттиге інісі жіберген есесі есіне түсіп, сол боксшымен жұдырық түйістірудің амалын қарастырды. Араға үш жыл салып олардың жолдары қиысты. Дортмундта ұйымдастырылған бәсекеде Виталий Пьюриттидің бет-аузын қанға бояды. Бұл оқиға жайында баяндалған «Ағайындылардың кегі», «Қанға – қан, жанға – жан» атты құлаш-құлаш мақалалар кезінде баспасөз беттерінде жарық көргені де есімізде.
Кәсіпқой рингке ауысқалы бергі жеті жыл аралығында азулы боксшыларға айналған ағайындылар үшін 2003 жыл аса сәтсіз болды. WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын алтыншы мәрте қорғауға шыққан Владимир ойда-жоқта 38 жастағы Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Корри Сандерстен екінші раундта ойсырай ұтылды. Бұл жеңіліс оның беделіне елеулі нұқсан келтірді. Ал Виталий «құласаң нардан құла» деп, WBС нұсқасының тәжі үшін атақты Леннокс Льюистің өзімен жұдырықтасты. Бұл украиналық жігіттің кәсіпқой рингке табан тірегелі бері аңсап жүрген арманы еді. Енді сол арманды ақиқатқа айналыру үшін Кличко барын салып айқасты. Екінші кезеңде Виталийдің ауыр соққысынан әлем чемпионы құлап қала жаздады. Жалпы статистикаға сүйенсек, Кличконың әрбір төрт соққысына Льюис бір ғана соққымен жауап қайырып отырған. Алайда бұл кеште әлем чемпионы атану бақыты Виталийге бұйырмады. Бәсеке барысында Кличконың қабағы жарылып, дәрігер алтыншы раундтан соң оған айқасты әрі қарай жалғастыруға рұқсат бермеді. Бірақ содан кейін Виталий Кличконың қаншалықты мықты екенін сезген ұлыбританиялық қарымта матчта оңбай ұтылатынын сезсе керек, бокспен қош айтысты.
Қуаныш пен өкініш алмасқан күндер өтіп жатты. Ал алдарына биік мақсат қойған ағалы-інілі Кличколар жанкешті жаттығуларын жалғастырып, көз арбаған белестерге көз тікті. Ақыры Виталий іріктеу сайысында Кирк Джонсонды, ал шешуші бәсекеде Корри Сандерсті айқын басымдықпен ұтып, ең белді тұжырым – WBС бойынша әлемдік тәжді иеленді. Іле-шала үлкен Кличко Денни Уильямсты сегізінші раундта есінен тандырып, аса ауыр салмақтағы төрткүл дүниедегі ең мықты боксшы екенін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді.
Кәсіпқой рингтегі Виталий Кличконың карьерасы 16 жылға (1996-2012 жылдары) созылды. Сол аралықта 47 жекпе-жектің тек екеуінде ғана ұтылды. 41 қарсыласын есінен тандырды. Ол тек Крис Берд пен Леннокс Льюиске ғана есе жібергенін жоғарыда айттық. Владимир 20 жылға жуық уақыт бойы (1996-2017 жылдары) кәсіпқойлармен күш сынасты. Семей өңірінің тумасы 69 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 64 рет жеңіс тойын тойлады. 54 бәсекеде қарсыластарын есінен тандырды. Екеуі де ең белді нұсқалар бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп, өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатқан саңлақтар екені еш дау туғызбайды.
Ағайынды Кличколардың рингтен тыс өмірлері де өзгелерге үлгі боларлық. Олар басқа боксшылар секілді бос уақыттарын ойын-сауық орталықтарында, казинолар мен мейрамханаларда өткізбейді. Жанжал мен дау-дамайдан да бойларын аулақ ұстауға тырысады. Екеуі де кезінде білім нәріне сусындап, бірі – философия ғылымдары бойынша, екіншісі – спорт тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Түрлі ұйымдар мен қорларда басшылық қызметтер атқарды. Қайырымдылық шараларын да жиі қатысып жүр. Ағайындыларды саяси додаларда да жиі көріп жүрміз. Бұл ретте Виталий ерекше белсенділік танытуда. Кезінде ол Украина президентінің кеңесшісі болса, бұл күндері Киев қалалық әкімшілігінің басшысы қызметін атқаруда. Екеуі де түрлі марапаттан кенде емес. Інісі бірнеше орден мен медальды кеудесіне тақса, ағасының «Украина батыры» деген аса мәртебелі атағы бар. Міне, Виталий мен Владимир осындай жандар. Олар тек спортта ғана емес, күнделікті өмір мен саясатта да тек биіктен көрінуде.