Руханият • 04 Қараша, 2020

Елдік сана – ұлттық рухтың өзегі

1052 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда еліміздің тарихын тәуелсіздік талаптарына сәйкес, жаңа заман биігінде қайта қарастыру қажеттілігі туып отыр. Бұл – қоғамдағы құбылыстарды қайта зерделеу күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер қатарына көтеріліп жатқанда, жаңа тарихи пайымдарды қалыптастырудағы әлеуметтік-саяси модельдердің түкпілікті ауысуы деп білеміз.

Елдік сана – ұлттық рухтың өзегі

Халықтың тарихи санасы, ұлттың менталитеті, егемен елдің рухы, рухани тынысы қоғамдық ғылымдардың ахуалына байланысты болса, тарих, ел тарихы – халықтанудың негізгі арнасы. Әлемде, оның мәдени арналарында тарихи өлшем бойынша айтарлықтай маңызды, бірақ, соған қарамастан адамзат үшін әлі де жұмбақ болып отырған, лайықты деңгейде бағаланбаған құнды құбылыстар көп. Олар көбіне-көп тарих қойнауының шырғалаң қатпарларында шырмалып, өркениет дамуының сарабдал жолдарынан түрлі себептермен тыс қалып қойды. Тарих тағылымы жаңа тәуелсіз мемлекет болған сәтте ауадай қажет. Ал тарих тағылымын үйрену үшін кейбір алғышарттар керек.

Халық өзінің әлемдік өрке­ниеттегі орнын айқын білуі қажет. Тәуелсіз елдің мүддесін әлемдік деңгейде қорғау үшін өткенді біліп, бүгінгіні талдап, болашақты болжау керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық, та­рихи сананы қалыптастыру өмір мүддесінен, тәуелсіз мемле­кет мүддесінен туындайды. Мем­ле­кет­ті­лікті тұғырлы ету ұрпақ­тың Отан алдындағы басты парызы десек, отан­сүйгіш ұрпақ қалыптастыру ар­қылы ғана мем­лекеттіліктің ір­гесін бе­кітіп, нығайтамыз. Ал ұр­пақты отан­сүйгіш, патриот етіп тәр­биелейтін ұлттың тарихи санасы. Даналық тарихы – ұлтты тәр­биелейтін қуатты құрал десек, адам өмірінің мәні кейінгі тол­қынға өзіндік із қалдырумен өлшенеді. Сол са­лынған сүрлеудің қалпына қарай тарих қойнауынан келе жатқан ұлт болмысы заман талабына сай қаруланып, келер ұрпаққа аманат ретінде беріледі.

Қазақ ұлты да ұлт болып қа­лып­тасқан уақыттан бері өзін­дік мәндегі саяси жүйесін қалып­тастырып, елдік санасын бекітіп, өзіндік дербес саясатын жүргізе білді. Сана еркіндігі ұлт­тық рух­тың өрістеуіне жағ­дай жасады, жас ұрпақтың отан­шылдық кел­бетін күшейтті, азаматтардың мемлекетшіл санасын нығайтты.

Кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғам тұсында барлығымызға мәлім себептермен ұлт тарихының теориялық-методологиялық негіз­дері бұрмаланып, соның салдарынан ұлттық сана, тарихи та­ным мәселесінде дағдарыс, бұр­­малаушылық орын алды. Ал тарих­пен ұлт тәрбиеленеді.

Тарих міндеті өткен заман бейнесін, ондағы түрлі оқиғаларды шындық жүзімен кейінгі ұрпақтың санасына жеткізу. Тарихи фактілер осы мақсатқа қызмет ететіндігі сөзсіз. Тарихтың басты міндеті, ұлтты, одан кейін жас ұрпақты тарих бесігінде тәрбиелеу. Ұлттың отаншылдық, ұлтжандылық санасын ояту тарихи таным арқылы жүзеге асырылады.

Осы орайда, отандық тарих ғы­лымы алдында ұлан-ғайыр мін­деттердің тұрғанын көреміз. 1995 жылы академик М.Қозыбаевтың басшылығымен Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданып, онда тарих ғылымының негізгі басымдықтары айқындалған бо­латын. Қазіргі таңда тарих ғылымы алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешіп, негізгі басымдықтарын айқындау мақ­са­тында ұлттық тарихты зерттеудің жаңа тұжырымдамасын жасау мәселесі көтерілуде. Ірі концеп­туалдық тұжырымдаманың негізі жасалды да. Ұлттық тарих – Қазақ­стан тарихының негізгі өзегі ретінде халқының ұлттық-мем­ле­кеттік бірегейленуінің негізі болуы шарт. Елдің елдік санамен тәр­биеленуі маңызды мәселе десек, елдік сана – ұлттық рухтың өзегі.

Ұлттық рух ұлттық мүддеге қызмет етеді. Ұлтымыздың тарихына үңілген сайын елдік пен ерліктің, даналық пен ізгіліктің, отаншылдықтың үлгілерін жиі кездестіреміз. Ұлттық рухы биік мемлекет, ұлттық мүддесін қорғай білген мемлекет өзгелерге өзін мойындатып, әлемдік өркениеттен өзіне тиісті орынды иеленеді. Ал Отан тарихынан отаншылдықтың, ұлтжандылықтың, ұлттық рухтың лебі еседі.

Жаңа мыңжылдыққа Қазақ­стан тәуелсіз, дербес мемлекет болып қадам басты. Әлеумет­тік-эко­номикалық жүйе өз­герді. Қа­зақстан әлемдік қауым­дастықтың, БҰҰ-ның тең құқықты мүшесі болып, өз еге­мендігін заң жүзінде де, іс жүзінде де дүние жүзіне тегіс мойындатты. Яғни дүние жүзі картасында Қазақстан атты өз билігі өзінде, өзгелермен терезесі тең жас мемлекет пайда болды. Қазақ халқы – Қазақстан Республикасындағы мем­лекетті құрушы негізгі ұлт. Әлем­де үш мыңға тарта ұлт, халық бар, ал мемлекеттер саны 226 ғана. Де­мек, саяси тәуелсіздікке қол жет­кізіп, мемлекет құру оңай шаруа емес.

Әлемдегі ең озық дамыған елдер­дің қай-қайсысының да жо­ғары деңгейге көтерілуінің бас­ты себебі – олардың өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесін, ұлт­тық ерекшелігін сақтауы. Қазақ ұлтының ұлттық өзегі, ұлттық ұйысуының негізі, сан ғасырлық тарихын бүгінге жеткізуші ғана емес, сонымен қатар бүгінгі ұлтты жаңғырудың да бастауы – тілі мен тарихы.

Қазақстан қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер мәнін дұрыс түсіну үшін реформаларды нәтижелі ету үшін елімізде жаңа таным жүйесі негізделді. Ондағы мақсат ел тәуелсіздігін жан-жақты нығайту. Әсіресе, мемлекеттік рухтың, отаншылдықтың күшеюі, ұлтаралық келісім мен қоғамның топтасуы тәуелсіз мемлекетті нығайта түсетіндігі анық. Себебі ой мен таным түзелмей, іс түзел­мейді. Тәуелсіздік танымы тәуелсіздікті қорғай білуге, ел­дің саяси тұрақтылығымен қатар экономикалық қауіпсіздігіне сүйенеді. Яғни тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны шайқалтпай сақтап қалуға соншалықты күш-жігер қажет.

Тәуелсіздік ата-бабаларымыз­дың сан ғасырлар бойы аңсап жеткен арман-мақсатының айғағы. Арғы замандағы сақ, үйсін, ғұн, түр­кілерді айтпағанның өзінде, кешегі қазақ елінің шаңырағын кө­терген Керей мен Жәнібек, босағасын бекіткен атақты Қасым, Хақназар, Тәуекел, Жәңгір, Есім, қазақ мемлекеттігін кемеліне кел­ті­ріп, елдігін еселеген әз Тәуке, ел басына күн туып,«Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұламаға» ұшы­рап, тарих сахнасынан жо­ғалып кету қаупі туғанда айбынды елдің айдынды басшысы Абылай билікті, даналықты, қаһарман ха­лық күшін біріктірді.

Ел басына күн туған кезеңде ұлттық сана қалыптасты. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Ұлы­тауда үш жүздің өкілдері қол қой­ған «Таңбалы тас» шын мәнін­де қазақтың тұңғыш конституциясы болды. Қазақ бүкілхалықтық мүд­дені түсінер – іргелі ұлт санатына осылай жетті. Таңбалы тас­­­тағы қазақ руларының таң­басы дала руларының бірлік пә­­­туасына айғақ, тұтастығына бел­гі, ант беріп ауыз біріктірген орны екенін көрсетеді. Мұның өзі қазақ руларының ерте заманда-ақ біріге бастағаны, ел болып топтасып, бас құрағанын көрсетеді. Мемлекеттіліктің бір күнде орнамайтыны және оны бір ғана ұрпақ құруы мүмкін еместігі белгілі. Қазақ мемлекеттігін құруға сан ұрпақтың, сан ғасырлық ғұмыры мен күш-жігері кетті.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәде­ни құндылықтарымызды ыж­дағаттылықпен қайта зерттеу­ге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Өйткені, тарих ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын жете білуі және оның жақ­сысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы керек. Тарихымызды тереңнен тану, оны оқытуды дұрыс жолға қою мәселесінде алдымызда тұрған, атқарылуға тиісті мәселелер де ауқымды. Тәуелсіздікті құрмет­теу, тәуелсіз елдің азаматы бола білу, оның қадірі мен қасиетін түсінудің айқын жолы өз халқың­ның жүріп өткен тарихын білуге, құрметтеуге барып тіреледі.

Осы орайда, Қазақ тарихының түйінді мәселелері шешілген, Абы­лайдың ақ ордасы қонған Ақ­мола-Көкшетаудай тарихы бай өлке тарихын жете зерттемейінше, қазіргі Қазақстанның толық тарихын жасау мүмкін емес. Солтүстік өңір, оның ХХ ғасырдағы тарихы қазақ халқының тарихына, территориялық тұтастығы тарихына қатысты оқиғаларда көрнекті рөл атқарған. Әсіресе ХІХ-ХХ ғасырлардың тарихы жаңа пайым­дауларды қажет етеді, өйткені бұл өңірде Ресей империясының отарлау кезеңдеріне байланысты мәселелердің кейбір қырлары әлі де толықтай ашылған жоқ. Мысалы, бүгінгі таңдағы өңір тарихындағы ең өзекті мәселе біздің өңірде орын алған полиэтностық үдерістерге тиіс­ті талдаулар жасалынбай келе­ді.

Жер тарихы – ел тарихы де­сек, қазіргідей түрлі геосая­си қатерлер төнген заманда жер-судың тарихи атауларын қайтарып, тарихи шындықты қалпына келтіру кезек күттірмес мәселелердің бірі. Осы бағытта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­лекет­тік университетінің та­рихшы-ғалымдары бірқатар жұмыс­тар атқаруда. Бұл жұмыс­тар нәти­желі болуы үшін уни­верси­тет ғалымдары облыс әкім­шілігімен бірлесе отырып, Ақ­мола облысының тарихи топонимикасы атты ғылыми зерттеулер жұмысын жүргізуді жолға қойса. Өлкедегі географиялық атаулар тұрғылықты жер, көше, сквер, саябақ, өзен, көлдердің аттарының тарихын зерттеуге мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар тарихшы ғалымдардың өлке тарихына қатысты зерттеу еңбектерін қалың жұртшылыққа таныстыру жұмыстары бел­сенді түрде жүргізілсе, қазір­гідей жеріміздің тұтастығы мәселелеріне байланысты әртүрлі бағыттағы пікірлердің алдын алу шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылар еді. Және бұл жұмыстар жүйелі түрде бір орталықтан басқарылса нәтижелі болар еді.

Ұлттық тарихты өзінің дең­гейіне көтеру үшін, тарихты ұлттық сананы, ұлттық танымды қайта қалыптастыру құралына айнал­дыратын болсақ, бұл мәселелерге жіті назар аударуы­мыз керек. Саяси және мәдени-рухани саладағы бүгінгінің ше­шіл­мей жатқан көптеген проб­лемаларының түп- тамырлары осы кезеңдерде жатқандығы күмәнсіз.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында оның мемлекеттік мүддесіне сай халықтың тарихи санасын қайта қалыптастыру елдің айқын келешегі мен ұрпақтар сабақтастығы үшін аса қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда тарих ғы­лымының атқарар рөлі де, көтерер жүгі де ауыр, елдің ұлттық нышанын, тарихи дәстүрі мен мәдениетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізудегі жауапкершілігі зор. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің тұғырын биіктетер мәселелер көбейді, солардың негізгісі болып, тәуелсіз еліміздің біртұтас халқының ортақ мүддесі бекіді. Ол мүдде – тәуелсіздігімізді нығайта отырып, Қазақ елінің Мәңгілігін баянды ету болып табылады. Тарих – тәуелсіздік тірегі. Тәуелсіздік жолы – күрес жолы. Та­рихқа тағзым – отаншылдықтың, ұлтжандылықтың белгісі.

Ұлттық тарихымыз ұлттық мақ­танышты күшейтудің, отан­шылдықты, елжандылықты арт­тырудың қуатты тетігі. Ал отан­шылдық сезім ұлы істердің бастауы. Сондықтан болашақ ұрпақты жасампаздыққа үйрету парыз, ал жасампаздық білім мен өнер арқылы келеді. Қазақстанның бүгінгі ұрпағы мемлекетімізді алға қарай лайықты алып жүре алатын білімді әрі дарынды ұрпақ деген сенімдемін.

 

Ақбота БЕКСЕЙІТОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты