Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Толғауы тоқсан тоғызыншы үй

353 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген кейбір тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Мысалы, «Аэропорт» шағын ауданындағы Герасимов көшесінде орналасқан 9-үйдің жертөлесін су басып, жоғары қабаттағы пәтерлердің жел беттегі қабырға жабындыларының түйіскен тұсы мен терезелердің асты-үстінен жаңбыр суы ағып жатыр. Тоғыз қабатты жаңа үйге былтыр желтоқсан айында қоныстанған тұрғындар әлі күнге дейін пәтерлеріне лифтісіз көтеріліп жүр.

Толғауы тоқсан тоғызыншы үй

Осылайша, 15-20 жылға ипотекалық несие ресімдеп, мойындарына ұзақмерзім­дік банк қамытын киген 72 отбасы 10 ай­дан бері құзырлы орындардың табал­ды­ры­ғын тоздырып, ең болмаса лифтіні іске қосып беруді өтінгенімен, шенділер құр­ғақ уә­деден басқа ешбір көмек көрсете қоймаған.

Бұл үйдің жоғары қабатында тұратын қарт адамдар лифтінің жоғынан 10 ай бойы үйінен шыға алмай, төрт қабырғада қамалып отыр. Тоғызыншы қабаттағы 72-пәтерде тұратын зейнеткер Марфуға Төлегенова 8-9-қабатта тұратын 4-5 кейуа­на ағаш басына өрмелеп шығып, қайтып түсе алмай қалған мысықтың кебін киіп отырғанын айтады.

– Желтоқсан айында осы үйге қоныс­танғанымызға бір жыл толады. Лифт жоқ. Ай сайын уәде береді, бірақ орындал­майды. Өзім науқас адаммын. Жасым 62-ден асып барады. 9-қабатта тұрамын. Түсіп, қайта көтерілу мұңға айналды. Қан қысымым жоғарылап, қайта-қайта жедел жәрдем шақырамын. Олардың да келгісі келмейді. Өйткені 9-қабатқа баспалдақпен көтерілу қиын. Бұл қашанға жалғасады, неге бұлай созбалап отыр? Мұнда сексеннен асқан көршім бар. Желтоқсан айында кірді, содан далаға шыққан жоқ. Таяққа сүйеніп әрең жүреді. Біз де адамбыз, аулаға шығып аз-кем бой жазып, бір уақ таза ауа жұтып, демалғымыз келеді. Балконға шықсақ, терезе ашудан қорқамыз, басымыз айналады. 8-қабатта егіз баласы бар бір келіншек бар, екі баласын құшақтап алып, ол да қиналып кіріп, қиналып шығады, – деді зейнеткер.

Аталған үйдің тұрғыны Сәуле Байға­былова да 2 жасар кішкентайын көтеріп сегізінші қабатқа күніне екі-үш рет түсіп-шығады.

– Баламды далаға шығарып, таза ауа­да серуендеп қайту мен үшін нағыз азапқа айналды. Алдымен ойыншығын, одан кейін баламды көтеріп түсіруге тура келеді. Балам сырқаттанып қалса, жедел жәрдем шақырту қиын. Сегізінші қабатқа көтерілгісі келмейді. Көтеріле қалған жағдайда да «Лифті жоқ екенін алдын ала неге ескертпедің» деп ұрсып, реніш білдіреді. Зейнет жасындағы анам екеуміз бірге тұрамыз. Ол кісінің аяғы ауырады, төмен түссе, көтеріле алмай, көтерілсе, төмен түсе алмай қиналып жүр. Менің түсінбейтінім, біз ипотекалық несиемізді мерзімді уақытынан кешіктірмей 100% төлейміз. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында жасалған келісімшарт бойынша алған үйді 100% пайдалана алмай отырмыз. Міне, 10 ай болды, лифті жоқ. Қабырғадан жаңбыр өтіп, жертөлеге су ағып жатыр. Коммуналдық төлемдерді толық төлеп отырмыз. Газ, ыстық су, электр ақысын сәл кешіктірсек, ажыратамыз, кесіп тастаймыз деп қорқытуға шебер. Ал жұмыс істемей тұрған жеделсатыға тұрғындардан басқа бас ауыртып жатқан ешкім жоқ, – деді С.Байғабылова.

2019 жылдың желтоқсан айында пай­да­лануға берілген көпқабатты үйге тұр­ғындар биыл қаңтар айынан бері кіре бас­таған. Жаңа қоныстарында лифті жұмыс істе­мей тұрғанын айтқан тұрғындарға қала әкім­дігі «Алдымен пәтер иелерінің 50%-ы құт­ты орнына қонып алсын, лифтіні со­дан кейін қосамыз», деп жауап береді. Ақ­панда тұрғындардың 80%-ы көшіп келіп, пәтерлеріне біржола орналасады. Лифті сонда да жұмыс істей қоймаған соң, тұрғын­дардың қайта шағымдануына тура келеді. Әкімдік бұл жолы жеделсатыға қосалқы бөлшек болмай тұрғанын, таяуда Ресейден әкелінетінін айтып, тұрғындардың сабыр сақтап күте тұруын сұрайды. Осылайша, пәтеріне ақ тер-көк тер болып көтеріліп жүріп ақпанды өткізген тұрғындар 25 сәуірде қала әкімі Қайрат Ахметовтің атына жазбаша түрде тағы бір шағым хат жолдайды. 11 мамырда әкімнің сол кездегі орынбасары Андрей Финктен «Ресейден әкелінетін қосалқы бөлшекті күтіп отырмыз. 25 мамырға дейін жетуі тиіс» деген жауап хат келеді. Уәделі уақыт өтіп кетсе де, жеделсатыны жөндеген жан көрінбеген соң, тағатсызданған тұрғындар маусымның 8-інде қала әкіміне ПИК өкілі Т.Отаров арқылы хат жолдап, 10 маусымда №9 үйдің тұрғындары лифтіні іске қосу мәселесіне қатысты 30-дан аспайтын адамның қатысуымен пәтер иелерінің жиыны өтетінін хабарлап, аталған жиынға қала әкімінің де қатысуын талап етеді.

Бұл тұрғындар жиынына әкім келмейді, бірақ үйді тұрғызған «Сәулет» құрылыс компаниясының басшысы Д.Михаилов қатысып, Ресейден келе жатқан қосалқы бөлшек 15 маусымға қарай Қостанайда болатынын, лифті 30 маусымда іске қосы­латынын айтып, жиналғандарды тағы да уәдеге тойдырып кетеді. Алайда 30-ы күні Михаилов қарасын да көрсетпейді. Уәдеге тойғызған қала әкімдігі мен мердігер «Сәулет» серіктестігінен әбден күдер үзген тұрғындар енді аймақ басшысына шық­пақ болып, облыс әкімдігінің ап­пара­­тына қоңырау шалып, Архимед Мұ­хам­­бетовтің қабылдауына кезекке тіркеу­ді өтінеді. Әкімдік маманы А.Шә­ріпова шағымданушылардың әкімнің қабыл­дауына жазылуға асықпай қоя тұруын сұрап, «Сәулет» серіктестігі 30 шілдеге дейін лифтіні қосатынын айтып, уәде еткенін хабарлайды. Өкінішке қарай маманның сөзі де өтірік болып шықты.

Ашынған тұрғындар 6 тамызда А.Мұ­хамбетовке шағым хат жолдаған. Облыс әкімі тұрғындардың шағымын қала әкіміне жібереді. Қала әкімі оны құры­лыс бөліміне ысырады. 28 тамыз күні құ­ры­лыс бөлімінің басшысы Нұржан Құр­ман­ғалиев тұрғындарға кезекті жауап хат жолдайды. Мазмұны «23 тамызға дейін «Сәулет» серіктестігіне сіздер тұрып жатқан үйдің жеделсатысына қажет қосал­қы бөлшекті тауып, лифтінің ақауын жөнге келтіруді міндеттеп, ескертпе хат жолдадық. Сондай-ақ сіздерге құрылыс бөлімі «Сәулет» серіктестігін өзіне тиісті міндетті 5 қыркүйекке дейін заң күшімен мәжбүрлі түрде орындату туралы талап-арыз дайындап, қалалық сотқа жібергелі жатқанын хабарлаймыз», деген.

Бірақ «Сәулет» серіктестігіне соттың да шамасы жетпеді ме, әйтеуір қыркүйек келгенімен, лифті қозғалмады. Еріксіз «Мақта қыз» ертегісі кейіпкерінің кебін киіп, тауы шағылған тұрғындар енді Президентке шағым хат жолдап, №9 үйде тек жас отбасылар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көпбалалы және жалғыз басты аналар тұратынын, осыны ескеріп, 9 ай бойы әуре-сарсаңға түсіріп, тапжылмай тұрған лифтінің іске қосылуына септігін тигізуін өтінеді.

Көп кешікпей тоғызыншы үйдің тұрғындары Қостанай қаласы әкімінің орын­басары Рүстем Қаркеновтің уәде ха­тын алады. Ол лифтінің Қостанай облы­сы­ның мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында тіркеуден өтіп жатқанын, одан кейін жеделсатының дұрыс жұмыс істейтінін тексеру үшін қалалық төтенше жағдай басқармасына хат жіберілетінін, лифт 1 қараша күні орнатылатынын хабарлаған екен, бірақ уәделі күні лифт іске қосылмай қалды.

 

Қостанай облысы