Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысында қызмет мерзімдері аяқталған М.А.Сәрсембаев пен В.К.Фоос Орталық сайлау комиссиясы мүшелегіне қайта сайланды. Сондай-ақ депутаттыққа тағайындалған Қ.Ыдырысов Қаржы және бюджет комитетінің құрамына сайланды.
Әдеттегі депутаттық сауалдар бұл жолы бір жарым сағатқа созылып кеткендігін айта кету керек. Тіпті спикердің өзі сауалдардың қысқа да нұсқа болуын талап етіп отырды. Бұл жолы да депутаттар Қызылағаш апатын айналып өткен жоқ. Қырғызстандағы саяси жағдайға байланысты да әңгіме қозғалды.
Заң жобаларының ішінде “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” және соған жапсарлас заң жобалары депутаттардың ерекше қызығушылығын тудырды. Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, ИКАО талаптарында елдің авиация жөніндегі заңнамасына азаматтық авиация қызметі мен оның мемлекеттік жүйесін қалыптастыру үшін мықты іргетас қалыптастырылуы тиіс деп жазылыпты. Олай болса, еліміз ИКАО-ның 11 мың стандартын қабылдауы және ұлттық заңнамаларға енгізуі тиіс екен. Қазіргі таңда аталған авиация ұйымы құрамында 192 мемлекет бар. Осы ұйымның мүшесі болып табылатын Қазақстанда 611 әуе кемесі болса, соның 66-сы шетелдік өнімдер екен. Жолаушылар тасымалының 85 пайызын осы әуе кемелері жүзеге асыратын көрінеді. Министр әуе компанияларына бірқатар талаптардың күшейтілгендігімен бөлісті. Мәселен, енді уәкілетті орган келісім бермей, қару-жарақ пен әскери техника және өзге де маңызды жүктер тасуға рұқсат етілмейді. Сонымен бір мезгілде шағын авиацияға жол ашылмақ. Әуе кемесінің ұша алатындығы туралы сертификат пен ұшқыш куәлігі болса, кез келген жеке тұлға төмен биіктерде самғай алады. Ол үшін өңірлік аэроклубтар ашу көзделіп отыр екен.
Осы ретте министр депутаттардың көптеген сұрақтарына да жауап берді. Оның мәліметіне қарғанда, қазіргі кезде елімізде 20 әуежай бар көрінеді. Соның тек 5-еуі ғана жекеге тиесілі екен. 2020 жылға қарай барлық әуежайлар халықаралық талаптарға сай жарақтандырылуы тиіс. Кадр мәселесінде өткен жылдың ақпан айында Азаматтық авиация комитетінде 35 ұшқыш тіркеуде болса, қазір олардың саны 51-ге жетіпті. “Әр жыл сайын АҚШ-тың Флорида штатында ондаған қазақстандық курсант оқытылып жатыр”, дейді министр осы орайда. Арнайы инженерлік-техникалық құрамды даярлау мақсатында Қазақстанда Рига авиация институтының филиалын ашу туралы келісімдер жүргізілуде көрінеді. Негізінен кәсіпқой ұшқыштар даярлау Астана қаласында жүргізіліп отырғаны да депутаттар назарына салынды.
Сөйтіп, екі заңдық құжат та депутаттар тарапынан қолдау тауып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.