Экономика • 04 Қараша, 2020

ШЫҰ және ЕАЭО: Экономикалық әлеуетті іске асыру арқылы күш біріктіру

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аймағындағы экономикалық ынтымақтастықтың болашағы "ШЫҰ және ЕАЭО: аймақтың экономикалық әлеуетін және жаһандық экономиканы іске асыру үшін күш біріктіру" тақырыптық сессиясының назарында болды, деп хаарлайды Egemen.kz  ЕЭК порталында жарияланған деректерге сілтеме жасап.

ШЫҰ және ЕАЭО: Экономикалық әлеуетті іске асыру арқылы күш біріктіру

Талқылау 3 қарашада ШЫҰ-ның Іскерлік форумында өтті. Іс-шараны Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасының көмегімен Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырды. Сессия барысында ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа Мүшесі (Министр) Сергей Глазьев негізгі сөз сөйледі.

Сергей Глазьев ШЫҰ мемлекетаралық өзара іс-қимыл және Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграция архитектурасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын және ШЫҰ-мен диалогты дамыту Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасында қарастырылғанын айтты.

"ЕАЭО мен ШЫҰ-ға мүше елдер Еуразия континентінің өзегін құрайды және олардың өзара байланысы көбінесе аймақтың одан әрі дамуының векторын анықтайды", – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Қазақстан, Қырғызстан және Ресей бір уақытта ЕАЭО мен ШЫҰ-ға мүше. Беларуссия ШЫҰ-да бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие екені,  ал Армения - диалог бойынша серіктес болып отырғаны, біздің интеграциялық бірлестіктеріміздің өзара байланысын қамтамасыз ететіні  С. Глазьевтың назарынан тыс қалмады.

Сергей Глазьев Комиссияның ШЫҰ-мен қатынастарды ресімдеу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы, атап айтқанда, ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасасу жөніндегі келіссөздер процесінің аяқталуы туралы хабарлады.

"Меморандум жобасының негізі көлік, тасымалдау, инвестиция, сауда және кедендік рәсімдерді жеңілдету сияқты салаларға баса назар аудара отырып, экономикалық өзара әрекеттесу болып табылады", - деген ЕЭК министрі цифрлық экономика, сондай-ақ техникалық реттеу және SPS мәселелері ерекше маңызды болуы мүмкін екеніне тоқталды.

ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары туралы ақпарат бере отырып, министр екі құрылымды да біріктіру қажеттілігін атап өтті және ұлттық валютадағы өзара саудадағы есеп айырысу үлесінің өсуін басымдықтар ретінде белгіледі. Енді алдағы уақытта  ұлттық валютадағы инвестицияларды және қаржы нарықтарын, соның ішінде қор биржаларын интеграциялауды қолдайтын ортақ даму институттарын құруға басымдық берілмек.

Сергей Глазьев сондай-ақ валюталық реттеу жүйелерін үйлестірудің, банктік жүйелерді интеграциялаудың, ақша айналымы үшін бірыңғай цифрлық кеңістікті құрудың, сондай-ақ еуразиялық қаржылық архитектураны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сессияға қатысушылар ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты және өзара түсіністікті дамыту жолдарын, оның ішінде Үлкен Еуразиялық серіктестік идеясының шеңберінде диалог құру арқылы, сондай-ақ Қытайдың "Белдеу және жол" бастамасын іске асыру аясында іздеу қажеттілігіне назар аударды.

Олар жекелеген мемлекеттердің протекционистік саясатының аймақ елдері экономикасының дамуына кері әсерін атап өтті, сонымен қатар Еуразия континентінде әділ экономикалық қатынастардың қалыптасуын жақтады. Кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері бизнес-қауымдастықтың ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы диалогты дамытуға, оның ішінде тосқауылсыз экономикалық ортаны қалыптастыру тұрғысынан жоғары сұранысына назар аударды.