Тарих • 05 Қараша, 2020

Отан үшін, ел амандығы үшін қаза тапқан қазақ батыр­ларының бірі – Нұркен Әбдіров

1758 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры Нұр­кен Әбдіров 1919 жылы 9 тамызда қазіргі Қарағанды облысы, Ақто­ғай ауданы Нұр­кен (бұрынғы Жәм­ші) селолық округінен екі шақырым­дай жерде, Қаратал (бұрынғы Ка­линин) ауылы маңындағы Тезекбай тауының етегінде дүниеге келген. 1929 жылы Қарағандыда кө­мір өндірісі ашылып, жұмыс орын­дарының көбеюіне байланысты Нұркен ата-анасымен Қа­ра­ғанды қаласына қоныс аударып, осы қалада білім алады.

 

Отан үшін, ел амандығы үшін қаза тапқан қазақ батыр­ларының бірі – Нұркен Әбдіров

Ал 1935 жылы Жамбыл атын­­дағы 7 жылдық мек­тепті бітір­геннен кейін 18-шахтаның кі­тапха­насына қыз­метке орнала­сады. Сонда қызмет атқара жүріп, 1937 жылы Мәскеудің кітапха­на қызметкерлерін даярлайтын тех­ни­кумын бітіреді. Одан ке­йін­гі жылдары «Қазақ кітап сау­да­сы» мекемесінің Қарағанды бөлім­шесінде есепші болып қызмет істеп жүргенде, заң орындарының ша­қы­руымен, 1938-1939 жылдары аудандық, облыстық прокуратурада тергеуші болып қызмет ат­қарады. 1939 жылы Қа­рағанды ұшқыш­тар клубының оқуын бітіріп, запастағы ұшқыш атанады.

1940 жылы Нұркен Әб­ді­­­ров әскер қатарына шақы­ры­лып, Орынбордағы ұш­қыш­тар учи­­лищесіне оқуға жібе­ріледі. Ол ұшқыштар даярлай­тын оқу орнында әскери ұшақ­тарды бас­қаруды үйренді.

Соғыс басталғанда Нұркен Таш­­кент­тегі әуе атқыштары кур­сына жіберіледі де, оны бітір­геннен кейін Сібірдегі қалалар­дың біріне шабуылшы-ұшқыш маманды­ғын меңгеруге аттанды. Сөйтіп ол 267-ұш­қыштар ди­визиясының 808-шабуылшы пол­кіне қосылып, майданға атта­нады. Нұр­кен «ИЛ-2» шабуылдаушы ұшағымен айқас­қа кіреді. 16 рет аспанға көтерілген Нұркен Әбдіров жаудың 12 тан­кісін, 28 жүк машинасын, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, 3 жанармай цис­тернасын, үш қару ұясын тал­қандайды. 1942 жылы 19 жел­тоқ­санда өзінің серігі атқыш, бай­ланысшы А.Комиссаровпен соғыс аспанына 17-рет, яғни соңғы рет самғап шыққан еді. Олар Бо­ков-Пономаревка ауданында­ғы жаудың шоғырланған күшін жою­ға тапсырма алады. Өзінің осы соңғы шайқасында он алты танкті, зенит артиллериясының екі ұясын, көптеген жау сарбазын жояды. Жау зеңбірек­тері де Нұр­кенді үздіксіз атқылаумен болады. Ақырында Нұркеннің ұшағы лаулап жана бастайды. Се­кіріп-ақ кетуге болатын еді, бірақ Нұркен бұл ойдан аулақ бол­ды. «Жаралы қыранын» неміс тех­никасының шоғырланған жеріне қа­рай ба­ғыттады. Ұшақтағы өзінің экипа­жымен, лапылдаған жалын құ­шағына, жау танктерінің қалың ортасына сүңгіп кете барды. Өзі де мерт болды, дұшпанды да зор шы­ғынға ұшыратты.

Батырдың ақтық сөзін екінші ұшқышы кейінгі ұрпаққа жеткізді. Ол алматылық жерлесі Алексей Писанко еді. Ақтық сөзі: «Қош бол, Леша, Отанға де­ген ме­нің жалынды сәлемімді жеткіз. Қа­рағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!». Міне, нағыз батыр осылай депті.

Батыр Рос­тов облысындағы Боков стансасы маңын­дағы Конь­ки де­ген хутордың іргесіне, ба­уырластар з­иратына жерленген. Алпысыншы жылдардың мұғ­да­рында бауырластар зира­ты­ның басына қы­зыл граниттен ес­керткіш қойылған. Ес­керт­кіш­­тің қабырғасындағы тақтада мы­­нан­дай жазу жазылған: «Бұл жер­де Ке­ңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров пен атқыш-радист Алек­сандр Комиссаров жерленген».

Нұркен Әбдіровке неміс бас­қыншы­ла­рына қарсы соғыста көр­сеткен ерлігі үшін Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағы бе­рілді. 1958 жылы Қарағандының жас­та­ры қа­ражат жинап, Нұркен Әб­ді­ровке ескерткіш тұрғызды. Кен­ші­лер ас­танасында кең де көр­кем көшенің бірі, спорт комби­наты даңқты жер­лесіміз Нұр­кен­нің атын алды. Ұшқыш­тың тең­десі жоқ ер­лігі запастағы подпол­ковник, бір кезде Нұркен­нің сүйік­ті ұстазы болған Г.Яки­мов­тың кітабына арқау болды. Осы кі­тап­тың желісімен «Қа­зақ теле­фильм» студия­сы деректі кино түсірді.

Ақтоғай селосы орта­лығында бір көше батыр есімімен аталса, Нұр­кен селосы орталығындағы мек­тепке батырдың аты берілген, мек­тепте мұражай үйі ашылған. 2019 жылы батырдың 100 жыл­дығы Қарағанды об­лысы көле­мінде аталып өтіліп, Ақ­тоғай село­сындағы Ба­тырлар саябағында қы­зыл граниттен ескерткіш ор­на­тыл­ды. Әр жыл сайын батырды еске түсіру мақ­сатында әртүрлі спорт­тық және мәдени шаралар өткізу жалғасын тауып келеді.

Серік АЯУЛЫМ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің студенті