Ал 1935 жылы Жамбыл атындағы 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін 18-шахтаның кітапханасына қызметке орналасады. Сонда қызмет атқара жүріп, 1937 жылы Мәскеудің кітапхана қызметкерлерін даярлайтын техникумын бітіреді. Одан кейінгі жылдары «Қазақ кітап саудасы» мекемесінің Қарағанды бөлімшесінде есепші болып қызмет істеп жүргенде, заң орындарының шақыруымен, 1938-1939 жылдары аудандық, облыстық прокуратурада тергеуші болып қызмет атқарады. 1939 жылы Қарағанды ұшқыштар клубының оқуын бітіріп, запастағы ұшқыш атанады.
1940 жылы Нұркен Әбдіров әскер қатарына шақырылып, Орынбордағы ұшқыштар училищесіне оқуға жіберіледі. Ол ұшқыштар даярлайтын оқу орнында әскери ұшақтарды басқаруды үйренді.
Соғыс басталғанда Нұркен Ташкенттегі әуе атқыштары курсына жіберіледі де, оны бітіргеннен кейін Сібірдегі қалалардың біріне шабуылшы-ұшқыш мамандығын меңгеруге аттанды. Сөйтіп ол 267-ұшқыштар дивизиясының 808-шабуылшы полкіне қосылып, майданға аттанады. Нұркен «ИЛ-2» шабуылдаушы ұшағымен айқасқа кіреді. 16 рет аспанға көтерілген Нұркен Әбдіров жаудың 12 танкісін, 28 жүк машинасын, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, 3 жанармай цистернасын, үш қару ұясын талқандайды. 1942 жылы 19 желтоқсанда өзінің серігі атқыш, байланысшы А.Комиссаровпен соғыс аспанына 17-рет, яғни соңғы рет самғап шыққан еді. Олар Боков-Пономаревка ауданындағы жаудың шоғырланған күшін жоюға тапсырма алады. Өзінің осы соңғы шайқасында он алты танкті, зенит артиллериясының екі ұясын, көптеген жау сарбазын жояды. Жау зеңбіректері де Нұркенді үздіксіз атқылаумен болады. Ақырында Нұркеннің ұшағы лаулап жана бастайды. Секіріп-ақ кетуге болатын еді, бірақ Нұркен бұл ойдан аулақ болды. «Жаралы қыранын» неміс техникасының шоғырланған жеріне қарай бағыттады. Ұшақтағы өзінің экипажымен, лапылдаған жалын құшағына, жау танктерінің қалың ортасына сүңгіп кете барды. Өзі де мерт болды, дұшпанды да зор шығынға ұшыратты.
Батырдың ақтық сөзін екінші ұшқышы кейінгі ұрпаққа жеткізді. Ол алматылық жерлесі Алексей Писанко еді. Ақтық сөзі: «Қош бол, Леша, Отанға деген менің жалынды сәлемімді жеткіз. Қарағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!». Міне, нағыз батыр осылай депті.
Батыр Ростов облысындағы Боков стансасы маңындағы Коньки деген хутордың іргесіне, бауырластар зиратына жерленген. Алпысыншы жылдардың мұғдарында бауырластар зиратының басына қызыл граниттен ескерткіш қойылған. Ескерткіштің қабырғасындағы тақтада мынандай жазу жазылған: «Бұл жерде Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров пен атқыш-радист Александр Комиссаров жерленген».
Нұркен Әбдіровке неміс басқыншыларына қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1958 жылы Қарағандының жастары қаражат жинап, Нұркен Әбдіровке ескерткіш тұрғызды. Кеншілер астанасында кең де көркем көшенің бірі, спорт комбинаты даңқты жерлесіміз Нұркеннің атын алды. Ұшқыштың теңдесі жоқ ерлігі запастағы подполковник, бір кезде Нұркеннің сүйікті ұстазы болған Г.Якимовтың кітабына арқау болды. Осы кітаптың желісімен «Қазақ телефильм» студиясы деректі кино түсірді.
Ақтоғай селосы орталығында бір көше батыр есімімен аталса, Нұркен селосы орталығындағы мектепке батырдың аты берілген, мектепте мұражай үйі ашылған. 2019 жылы батырдың 100 жылдығы Қарағанды облысы көлемінде аталып өтіліп, Ақтоғай селосындағы Батырлар саябағында қызыл граниттен ескерткіш орнатылды. Әр жыл сайын батырды еске түсіру мақсатында әртүрлі спорттық және мәдени шаралар өткізу жалғасын тауып келеді.
Серік АЯУЛЫМ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті