Саясат • 06 Қараша, 2020

Шекара қызметінің тиімділігі артады

295 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар мемлекеттік шекара, көші-қон және кеме қатынасы туралы заңдарды қабылдады.

Шекара қызметінің тиімділігі артады

Шекара қызметінің тиімділігі артады

Отырыс барысында се­на­торлар «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.

Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мемлекеттік шекара – ұлттық қауіпсіздігіміз бен елдігіміздің кепілі. Бұл заң ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту және арнайы техникаларды қолдану арқылы мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау жүйесін же­тіл­діруге жол ашады.

«Заңда маңызды нормалар қа­растырылды. Олар Президен­тіміздің мемлекеттік шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналған. Қазіргі таңда әлемде түрлі сын-қатерлердің туындап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан шекараны уақыт талабына сай күзетудің және қорғаудың мықты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда бүгін қабылданған заң ұлттық қауіпсіздік органдары мен шекара қызметінің тиімділігін арт­тыруға, шекарамыздың берік­тігін қамтамасыз етуге қызмет етеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Аталған заң жобасы жөнінде Сенат депутаты Нұржан Нұрси­па­тов баяндама жасады. Оның ай­туынша, құжат ұлттық қауіп­сіздік және мемлекеттік шекара­ны қорғау саласындағы заңна­маны одан әрі жетілдіруге бағыт­талған.

«Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің жалпы жүйесіне қосу, бірік­тіру арқылы Шекара қызме­тінің басқару моделі оңтай­лан­дырылды. Әскери басқару органдары құрылымын қалыптастыру қағидаты өзгереді. Бұрын ол әскери принципте негізделсе, енді әкімшілік-аумақтық жағдайды да қарастырады.

Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетудің тиімді жүйе­сін құ­ру өте маңызды. Сонымен қатар бұл барған сайын кешенді сипат­қа ие бо­лып отырған сын-қатер­лер мен қа­уіптерге іс-қимыл жа­сау қажет­тігінен туындап отыр. Мемлекеттік шекараны қор­ғау органдары аралас принцип бо­йынша жасақталады. Құрамы әс­кери қызметшілерді де, қызмет­кер­лерді де қамтиды. Осыларды ес­ке­ре отырып, оларды бір санаттан екінші санатқа өткізу құқы­ғы қарастырылған», деді Н.Нұр­си­патов.

Сонымен қатар сенаторлар «Ке­ме қатынасы туралы келі­сім­ді ратификациялау туралы» заң қабылдады. Сенат Төр­ағасы бұл құжаттың Еуразия­лық экономикалық одаққа мү­ше мем­лекеттердің байланысын ны­ғайтуға, көлік инфрақұ­ры­лымын дамытуға және тауар айна­лымын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

«Қазақстандық флоттың ашық теңіздерге шығуы үшін осы келісім мен заңның стратегиялық маңызы бар. Бұл құжат алдағы уақытта Ресейдің ішкі су жолдары арқылы Қара және Жерорта теңіздеріндегі порттарға дейін тасымалданатын жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол арқылы ел экономикасының өркендеуіне ықпал етеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасын депутаттарға Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қама­лиев түсіндіріп берді. Келісімнің негізгі ережелері ішкі су жолдары бойынша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңіл­детуге бағытталған.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, жаңа келісімге сәйкес транзиттік өтуге арналған өті­німді қарау мерзімі 10 күн болып  бел­гіленді. Ал оған рұқсатты Ресей үкіметі емес, Ресейдің Көлік министрлігі бермек.

«Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық ком­паниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар. Еуразиялық одаққа мүше емес Каспий маңы елдері Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүк тасымалдау үшін қазақстандық тасымалдаушыларды тартуға дайын. Ақтау және Құрық порттарының Транс­каспий халықаралық көлік мар­шруты бойынша мүмкіндігі артады. Келісімді қабылдау арқылы Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін 2025 жыл­ға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр», деді Б.Қамалиев.

Сондай-ақ келісім аясында екі­жақты тасымалдарды хабар­лама тәртібіне ауыстыру қарас­тырылған. Жыл сайын 1 сәуірге дейін уәкілетті органдар екіжақты тасымалдарды жүзеге асыратын кемелердің алдын ала тізімдерін келіседі. Қажет жағдайда бұл тізімге өзгеріс енгізу мүмкіндігі қаралған.

«Бұл ретте Келісім қабыл­дан­ғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзеніне дейін жүк таси алады. Бұдан бөлек, Атырау, Астрахань, Волго­град порттары арасындағы екі­жақты тасымалдарды жаңарту мәселесі пысықталып жатыр. 2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу болжанып отыр. 

Келісімге сәйкес, тараптар порттар қызметтеріне тең жағ­дай­лар жасайды, сондай-ақ кеме және экипаж мүшелерінің құжаттарын өзара таниды. Бұл бақылаушы ор­­ган­дардың кемелерді қарап-тек­­серу рәсімдерін жеңілдетуге мүм­кіндік береді», деді Б.Қа­малиев.

Бұдан бөлек, отырыста де­пу­­тат­­тар «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Үкіметі мен Бела­русь Рес­публикасының Үкі­меті арасын­дағы көші-қон сала­сын­дағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Осы келісім аясында мемлекеттер азаматтардың көші-қоны, көші-қон заңнамасының бұзылуы және заңсыз көші-қон жолда­ры туралы ақпараттарды, сон­дай-ақ елдердің бірінің аума­ғында тұруға негіздемесі бар тұлға­лар­дың құқықтық мәртебесі жөнін­дегі мәліметтерді алмасуға мүмкіндік алады.

Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құжаттың азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заң­сыз көші-қонмен күресуге мүм­кіндік беретініне тоқталды. Атап өтерлігі, Келісімге 2019 жыл­ы 25 қазанда Нұр-Сұлтан қала­сында қол қойылды.

«Статистика мен ақпарат алма­суға мүмкіндік бар. Азамат­тар туралы жеке ақпарат алуға болады. Екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Қазақстан мен Беларусь азаматтарының құқық­тық мәртебесі анықталады. Көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады», деді министр.

 

Облыстар қаражатын қайта қарау қажет

Отырыс кезінде сенаторлар тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар депутаттық сауал жол­дады. Сенатор Әли Бектаев Түр­кістан қаласының инфра­құ­рылымын дамыту бойынша бірқатар мәселеге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

«Түркістан қаласында салынып жатқан көркем ғима­рат­­тардың көпшілігін ауыз сумен, кәріз жүйесімен, электр желі­­ле­рімен, жылу жүйелерімен қам­та­масыз ету шешілмеген. Қала кө­­шелерінің ирригациялық жүйе­­лері мен инженерлік-инфра­құ­­ры­лымдарына қаржы жеткілікті деңгейде қарал­маған. Инфрақұ­рылымы шешіл­меген ғимарат­тарға, тұрғын үйлерге тұрғын­дарды қалай орна­лас­тыруға болады, сол ғима­раттардың жұмыс істеуі мүмкін бе? Ертең инфра­құ­рылымдарды қайта жүргізген уақытта салын­ған жолдар мен көшелер қайта бұ­зылмай ма?» деген сауал тастады депутат.

Ол қаланы абаттандыру жұ­мыс­тарын да құрылыс жобала­рымен бір мезгілде жүргі­зуді ұсынды. Сондықтан 2021-2023 жыл­дарға арналған Респуб­лика­лық бюджетті қарау барысында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету мен кәріз жүйелеріне, электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станция салуға, тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуге шақырды. Депутат жаңадан салынып жатқан қала аумағын абаттандыруға, қаладағы жаңа тұрғын үй алабына инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуге, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұра­жайының айналасын абаттан­дыруға қаражат бөлуді сұрады.

Депутат Әбдәлі Нұралиев Жам­был облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасын республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы Премьер-Министр А.Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Сенатор өзінің сауалында ауылдық аумақтар кез келген мемлекеттің маңызды ресурсы екенін айта келіп, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатқанына тоқталды.

«Бүгінгі күні жергілікті атқа­­рушы органдардың тарапы­нан атқарылған қажырлы ізденіс пен ұйым­дас­тырушылық жұ­мыс­­тар­дың нә­тижесінде ау­қым­­ды іс-шара­лар жүзеге асы­рыл­ған. Өкінішке қарай, белгілі се­беп­­термен жобаны қаржы­лан­дыру 2020 жылы тоқтап қалған. Бүгінгі таңда жобаның екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Қанатқақты жобаның екінші кезеңін одан әрі іске асыру үшін қосымша 20 ауылдық округ ірік­теліп алынған. 3 631 жоба­ға қажетті қаражат –11,5 млрд тең­ге», деді сенатор Әбдәлі Нұра­лиев.

Депутат жобаны одан әрі жал­ғастыру және «2021-2023 жыл­дарға арналған респуб­ли­калық бюджет туралы» заң жобасы­на түзету енгізу үшін тиісті мем­ле­кеттік органдарға тапсырма беруді сұрады. Сенатор сауалына әріп­тестері депутаттар Мұхтар Жұма­ғазиев, Дүйсенғазы Мусин, Қай­рат Қожамжаров және Еділ Мамыт­беков қол қойған.

Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында еліміздегі үш мыңнан астам жұмысшы жалақы ала алмай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Жұмыс берушілердің қарызы бүгінгі таңда 1 миллиард 77 миллион теңгеге жеткен көрінеді.

Депутат еліміздегі 50 кәсіп­орында еңбек етіп жүрген жұ­мыс­шылардың төленбеген жала­қы­сының жалпы сомасы 530 мил­лион теңгеден асып кеткенін айтты. Сондай-ақ 190 қызметкер жұмыс істейтін 16 кәсіпорынның қарызы 115 млн теңгені құрап отыр, оны болашақта да төлеу мүмкін емес көрінеді.

«Әлеуметтік шиеленістер мен еңбек қақтығыстарының қаупін бақылау мүмкіндігін қарастыру, әр кәсіпорын үшін әлеуметтік тұрақтылық индексін анықтау, оларды шешудің нақты шараларын әзірлеумен әр проблемалы кәсіпорынның жағдайын бағалау және жұмыс істеп тұрған қала құраушы әрі ірі кәсіпорындарға айрықша көңіл бөлу керек. Олардың жағдайы аймақтардағы саяси-әлеуметтік ахуалға әсер етеді», деді Андрей Лукин.

Андрей Лукин жұмыс­шы­лардың жұмыспен қамтылуын бақылау үшін, сондай-ақ жалақы бойынша берешектің өсуіне жол бермеу үшін еңбек келісімшарт­тарын есепке алудың бірыңғай жүйесін қолдануды ұсынады.

 

Білім саласының кемшілігі көп

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына жолдаған сауалында отандық жоғары оқу орындарының жұмысындағы түйткілдерге тоқталып өтті.  Депутат университеттердің бас­қару жүйесіне енгізілген рефор­ма­лардан өзге ғылыми әлеуетінің, білім беру бағдарламалары мен инфрақұрылымының сапасына ерекше мән беру керектігіне назар аударды.

А.Күрішбаев шетелдің жетек­ші университеттеріндегі тәжі­рибені мысалға келтіріп, еліміз­дегі ЖОО студенттеріне іргелі ғы­лымдар бойынша тиісті дең­гейде заманауи білім бере алмай отырғанын жеткізді. Соны­мен қатар бізде алынған теория­лық білімге іс жүзінде машық­тану үшін тәжірибелік базалар жоқ­тың қасы екенін атап өтті. Ше­телдік алдыңғы қатарлы универ­ситеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, еліміздегі білім беру ошақтарын ғылыми-зерттеу оқу орны ретінде айқындау ғылыми жобалардың нәтижелі болуына әрі тәжірибе жинақтауда тиімділікке ықпал етеді. 

Сенатор жалпы универси­тет­тердегі басқару жүйесіне реформа қажет екенін атап өтті. Арнайы ғылыми кеңестің алқалы құрамын тағайындау және оның функцияларын заңмен бекіту қажеттігі, ал ректорларды сол Ғылыми кеңесте сайлау туралы ұсыныс айтылды.

Бүгінде Ресей, Германия се­кілді мемлекеттердің жоғары оқу орындарының басым бөлігі зерттеу бағытындағы университеттер ретінде жұмыс істейді. Сенатор дәл осы жүйені елімізде де енгізу жастардың ғылымға ықыласын арт­тырып, сапалы мамандарды даяр­лауға жол ашатынына сенімді.

Білім және ғылым минис­тр­лігінің мәліметіне сәйкес 2019 жылы мамандарды даярлау үшін мем­лекеттік грантта оқыған университет түлектерінің тек
40-74%-ы жұмысқа орналасқан. Түлек­тер­дің өз мамандығына  сай жұмыс­қа орналасқаны туралы нақты ақ­парат та жоқ.

«Егер жағдай өзгермесе, біз жыл сайын бюджет қаржысының кем дегенде 10 млрд теңгесін тиім­сіз жұмсап отырамыз. Бұл дәйек­­тер еліміздің жоғары білім са­ла­­сындағы елеулі кемшіліктер­дің бетін ашып отыр», деді сенатор.

Үкімет басшысының атына де­путаттық сауал жолдаған Әлім­жан Құртаев Түркістан қаласын­дағы Халықаралық туризм және меймандостық университетін жабдықтауға және Қажымұқан Мұңайт­пасовтың 150 жылдығына арнал­ған мемориалды кешен құры­лысына қажетті қаражат бөлу мәселесін сөз етті.

Жаңа оқу жылынан бастап студент қабылдаған Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық универ­си­тетінің ғимараттары қаңырап бос тұр. Өйткені оқу орнын жаб­дық­тауға қажетті қаражат әлі бөлінбеген.

Депутат Түркістан қаласының отандық туризм саласындағы рөліне назар аударып, осы бағыт­та маман даярлайтын білім орда­сының маңызы зор екенін айтты. Алайда Елбасының бастамасымен және Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған университет ғимараттарының әлі күнге дейін жабдықталмағанына қынжылыс білдірді.

«Әзірге бұл дау-дамайдан пандемия құтқарып тұр деуге болады. Себебі студенттер індетке байланысты қашықтан білім алып жатыр. Қазір Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі білім алуға көшу мәселесін қозғап жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда бұл университеттің студенттері не істейді?», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, Түр­кістан облысының әкімдігі оқу орнына арнайы 4 ғимарат бөлген. Оның екеуі жаңа болса, екеуі жөндеуден өткізілген бұрынғы нысан. Сондай-ақ қазіргі таңда аталған білім ордасында 588 студент 6 бағыт бойынша білім алып жатыр. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін сенатор тиісті қаражат бөлуді сұрады.

«Қазір Халықаралық туризм және меймандостық университеті толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Оқу үдерісі бірінші курста ғана жүргізіліп жатыр. Соны ескере отырып, 4 негізгі ғимараттың біреуін жабдықтауға қажетті 577 мил­лион теңгені 2021 жылдың бюд­жетінде қарастыруды сұрай­мыз», деді Әлімжан Құртаев.

Сонымен қатар депутаттық сауалда қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай салынуға тиіс мемориалдық кешен құрылысына да қаржы бө­лінбегені айтылды. Сауалға Әлімжан Құртаевпен бірге сенатор Әли Бектаев қол қойған.

Бақытжан Жұмағұлов өз сауалында оқулықтардың сапасын арттыру мәселесіне тоқталды. Сенатордың сөзіне сенсек, кейінгі жыл­дары оқулықтар сапасы мүл­дем төмендеп кеткен.

«Оқулықтар туралы сын бұрын да айтылатын. Бірақ 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мұндай сын бұрын-соңды болған емес. Неге? Өйткені білім беру жүйесі Кембридж моделіне көше отырып, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбеді. Оқулықтар асығыс, үстірт жазылды, жыл сайын үш сынып осы жүйеге көшірілді. Авторлар мен сарапшылардың жеткілікті деңгейде дайындығы мен айтарлықтай тәжірибесі болмады. Әрі оқу пәндері қалыптасқан модельге сәйкес келмеді», деді сенатор.

Депутаттық сауалда оқулық­тардың құрылымы мен мазмұны терең өзгерістерге ұшырағаны айтылған. Бүгінде оқулық мәтін­дері, грамматикалық қателер, иллюстрациялар және тағы басқа мәселелер жұртшылық тарапынан сынға ұшырап келеді.

Сенатор сараптама жүргізу рәсімдері мен тетіктерін жетіл­діруді, оқулық басылымдары сарап­шыларын жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Олардың білік­тілігін арттыру әдістемесін әзірлеу, қажетті құзыретін және олар­дың жауапкершілік дәрежесін айқын­дау керек. Оқулық авторла­рының өздеріне деген көзқарасын да өзгерту қажет. Баспалардың бар­лығы дерлік оқулықтар жазуға жоғары оқу орындарының ғалым­дарын, мектеп мұғалімдері мен әдіс­керлерді тартады. Барлық тар­тылған авторлардың негізгі жұмысы бар, олар үшін шығар­ма­шылық демалыстар жоқ. Сенатор тер­минология мәселесіне де тоқ­талды.

«Лингвистердің өзі кейбір ғылыми терминдерді пайдалануда бір пікірге келе алмайды. Авторлар терминдерді әр сәт­те әртүрлі пайдаланып, шатас­тыру­ға жол береді. Оқу әдебие­тіне қа­тысты терминдерді бекі­ту үшін ауқымды жұмыстар жүр­гізу қа­жет», деді Бақытжан Жұма­ғұлов.