Агенттік төрағасы Рудный қаласында болып, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және мемлекеттік қызметшілермен кездесті. А.Шпекбаев жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға енгізілген соңғы өзгерістер туралы сөз қозғап, коррупцияның алдын алу және ескерту бағытында ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты баяндады.
Агенттік төрағасы қарамағындағы лауазым иесінің жемқорлық әрекетіне басшылардың тікелей жауап беретінін тағы бір ескертіп, азаматтармен ашық диалог құруды қалыптастырудың маңызына тоқталды. Бұл жерде биыл қыркүйек айында Қашар кентінің әкімі жасаған жемқорлық қылмыс үшін Рудный қаласының әкімі қызметінен кеткенін айта кеткен жөн.
Жергілікті атқарушы органдардың азаматтарға қолайлы жағдай туғызып, жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатындағы жұмыстарды күшейту қажет екенін қадап айтқан А.Шпекбаев: «Бүгінгі жемқорлыққа қарсы заңнамалар әрбір басшыға жоғары талап міндеттеп отыр. Сіздер мемлекеттік органдардың жұмысы әр басшы қызмет барысында адалдық пен тазалыққа ұмтылғанда ғана нәтижелі болатынын естен шығармауларыңыз керек. Сондықтан басшылар жемқорлыққа қолайлы ахуал тудыратын кез келген жағдайды түбегейлі жою шараларын белсенді жүргізуі тиіс. Бүгінде бұған қарсы күрес құралдары жеткілікті, тек шынайы ұмтылыс қажет», деді.
Қостанай облысы