Қашықтан оқыту кезінде білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында облыстың білім басқармасы жергілікті бюджеттен және үкімет резервінен бөлінген 3,8 млрд теңгеге 21 мың компьютер сатып алып, техникалық құралға зәру болып отырған оқушылардың қолына уақытша ұстатты. Басқарма басшысы Зәуре Байменованың айтуынша, биылғы оқу үдерісі барысында оқушылар жалпы саны 50 мыңнан аса компьютер пайдаланып отыр. Мұның сыртында таяуда ғана облыс әкімдігінің ақпараттандыру және білім сапасын бағалау орталығының мамандары 870 ноутбук қабылдап алып, тексерістен өткізді. Бұл техникалық құралдар осы апта ішінде алдын ала жасалған мұқтаж балалардың тізіміне енген оқушылардың қолына табысталады.
Бірінші тоқсанда кезекші топтардағы негізгі пәндерді бір мұғалім жүргізіп отырды, ал қазақ тілі, орыс тілі, әдебиет, ағылшын тілі, дене шынықтыру, көркем еңбек, музыка сабақтары қашықтан ұйымдастырылды. Жалпы, кезекші сыныптардағы оқушылар екі топқа бөлініп оқыды. Бұл жағдайда мұғалімдер жүктемесі де екі есе артатыны белгілі. Басқарма мәліметінше, қосымша жұмыс істеген әр мұғалімге нақты неше сағат жүктеме орындағанына байланысты жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен қосымша еңбекақы төленген.
Аймақта штаттық режімде жұмыс істеп жатқан мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуы – қатаң қадағалауда. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен білім беру мекемелеріне жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялау құралдарын сатып алу үшін 30,5 млн теңге бөлінген.
– Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында мектептерде санитарлық қауіпсіздік шаралары жүргізілді. Мектепке кіріп-шығу, сынып парталарында отырып білім алу талаптары күшейтіліп, оны бұлжымай орындау барысы күнделікті қадағалауға алынды. Бірінші тоқсанда күн сайын әр мектептің кіреберісінде медицина қызметкерлері кезекшілік етті. Олар қызметкерлер мен оқушыларды термометрмен тексеріп, қолдарын, аяқ киімдерінің табанын дезинфекциялап, фильтрден өткізіп барып қана мектепке кіргізіп отырды. Облыста қосымша дезинфекциялау құралдарын, яғни санитайзерлер, аяқкиімге арналған дезинфекциялау кілемшелері, термометрлер, ауа рециркуляторлары, кварц шамдары, антисептиктер мен деохлор сатып алу үшін тағы 206,5 млн теңге қаражат бөлініп отыр, – деді білім басқармасының басшысы.
Оқу жылы басталғалы, әсіресе, ақпараттық платформалардың қызметі күшейіп, оны пайдаланушылардың саны еселеп артқан. Мәселен, бүгінге дейін «Onlinemektep», «Еdupage», «Zoom» сияқты білім беру платформаларына 361 мыңнан аса мұғалім, 2,5 млн-ның үстінде оқушы кіріп, пайдаланушылардың жалпы саны 2,9 млн-ға дейін жеткен.
– 30 мыңнан аса сабақ осы білім беру платформалары арқылы ұйымдастырылып, 12 мыңнан аса сабақ синхронды, 18 мыңға жуық сабақ асинхронды түрде өтті. Білім беру платформаларының бір ерекшелігі, мұнда мұғалімдерге сабақты видеоконференция түрінде онлайн режімде өткізуге, онлайн-чат арқылы сыныппен бірге бір уақыт ішінде жұмыс істеуге, үй тапсырмаларын онлайн түрінде тексеруге мүмкіндік қарастырылған. Ал асинхронды режімде мұғалімдер өз сабақтарын береді. Оны шәкірттер қалаған уақытта қарап, меңгере алады. Сондай-ақ ұстаздар балалардың оқу алгоритмін сипаттайтын маршрут парақшаларын жасайды. Аталған платформаларда оқушылардың білімін бағалау, сыныптың сабақ үлгеріміне мониториг жасау, өтілген тараудан алған білім мен тоқсандық білімді қорытындылау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар оқушы аталмыш платформалар арқылы онлайн-жаттығулардың орындалу жолдарымен танысып, күнделікті сабақ барысында үйде орындаған тапсырмасы үшін қандай баға алғанын қадағалай алады. Әрине, бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқу барысында ата-аналарының көмегін қажет етеді, – деді З.Әнуарбекқызы.
Бірінші тоқсанда облыс мектептеріндегі оқу үдерісі ұйымдасқан түрде, жоспарлы режімде жүзеге асырылған. Алайда көпшілік ата-аналарды оқу жылының екінші тоқсанында оқыту қалай ұйымдастырылады деген ой толғандырады. Басқарма басшысы бұл сауалға «Барлығы аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Өңірде ахуал ушығып бара жатса, білім беру мекемелері қашықтан оқыту форматына көшуі мүмкін. Оқу түріне қатысты мәселе – Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде», деп жауап берді.
Қостанай облысы