22 Қараша, 2013

Гендерлік теңдіктен бәсекеге қабілеттілікке дейін

382 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

s6Кеше елордадағы «Radisson SAS» қонақүйінде «Әйелдердің саяси және экономикалық ілгерілеуі – бәсекеге қабілетті әлемге жол» деген тақырыпта конференция ұйымдастырылды.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігі мен «Конрад Аденаур» қорының қаржылай қолдауымен өткен жиында негізінен 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы мен «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңды іске асыру арқылы әйелдердің экономикалық және саяси мәртебесін жоғарылату жайы әңгіме өзегіне айналды.

 

Кеше елордадағы «Radisson SAS» қонақүйінде «Әйелдердің саяси және экономикалық ілгерілеуі – бәсекеге қабілетті әлемге жол» деген тақырыпта конференция ұйымдастырылды.

s6

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігі мен «Конрад Аденаур» қорының қаржылай қолдауымен өткен жиында негізінен 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы мен «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңды іске асыру арқылы әйелдердің экономикалық және саяси мәртебесін жоғарылату жайы әңгіме өзегіне айналды.

Осыдан он бес жыл бұрын, яғни, 1998 жылы 22 желтоқсанда Елбасының Жарлығымен Президент жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылғаны белгілі. Жиын барысында осы он бес жылда жеткен жетістіктер айтылды, әйелдер еңсерген істерге баға берілді.

Конференцияда алғашқы құттықтау сөзді айтқан Президенттің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова комиссия құрылғалы әйелдердің жағдайын жақсартуға қатысты қабылданған бағдарламалардың көпшілігі іске асырылғанын мәлімдеді.

«Ұлттық комиссия құрылған кезде Елбасы Н.Назарбаев оның қызметінің негізгі төрт бағытын белгілеп берген болатын. Бұл – әйелдердің және олардың отбасыларының денсаулығын жақсарту, әйелдердің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы және оларды шешімдер қабылдай алу деңгейіне дейін алға жылжыту, әйелдерді экономикалық тұрғыда алға жылжыту және әйелдерге қатысты зорлық көрсетудің барлық түрін жою. Еліміздің барлық әйелдерінің мүддесін қорғайтын, сондай-ақ, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланыстырушы буын болып табылатын ұлттық комиссияның бұл күнгі жетістігі осы бағыттағы істерінен айқын көрінеді», деді Г.Әбдіқалықова.

ТМД көлемінде еліміз алғаш рет әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою туралы БҰҰ конвенциясына қосылды. Пекин іс-қимылдар платформасын орындау үшін Үкіметтің қаулысымен 1999 жылы әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралардың ұлттық жоспары әзірленді. 2003 жылы елімізде гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. Онда негізгі басымдықтар, ұстанымдар мен тапсырмалар айқындалды. Бір жарым жылдан кейін 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Осы жылдар ішінде гендерлік саясатқа бағытталған екі заң өмірге келді. Оның бірі – «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заң болса, екіншісі – «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері» туралы Қазақстан Республикасының заңы.

Г.Әбдіқалықова Парламенттің төменгі палатасында әйелдердің саны 25,2 пайызға жеткенін, бұның жалпы ЕҚЫҰ кеңістігіндегі орташа көрсеткіштен жоғары екенін баяндады. Ол сондай-ақ, елімізде Ұлттық комиссияның бастамасымен 2002 жылдан бері әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша бағдарламалар жүзеге асырылып, қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкер әйелдердің үлесі 52 пайызды, ал жеке кәсіпкерлікте әйелдер саны 66 пайызды құрап отырғанын жеткізді.

Жиында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық комиссияның мүшесі Айгүл Соловьева өзі кезінде басқарған «Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі мен «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің бүгінгі жетістіктері мен жеңістеріне ризашылық білдірді. Депутат Орталық Азия мемлекеттері арасында көшбасшылыққа ұмтылып отырған Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағын, сондай-ақ, гендерлік теңдік ұғымын қоғамға сіңіру үшін аянбай еңбектеніп жүрген барлық қыз-келіншектерді Ұлттық комиссияның он бес жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Осыдан он бес жыл бұрын біз гендерлік теңдікті әйелдерді белгілі бір орындарға «қою», кандидатурасын «өткізу» тұрғысынан түсінетінбіз. Қазір жағдай өзгерді. Соған сәйкес түсінік те өзгерді. Енді ерлермен тең дәрежеде бәсекеге қабілеттілік туралы өркениетті түрде мәселе қозғайтын дәрежеге жеттік», деді А.Соловьева.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева министрліктің әйелдерге қатысты барлық жобаларды қолдап келе жатқанын, бұдан былай да қолдай беретінін баяндады.

Қоғамдағы ақылды, көрікті, іскер, тіпті, үй шаруасындағы әйелдердің де отбасының алтын қазығы екенін айтқан «Конрад Аденаур» қорының директоры Амос Регинальд Хельмс бұл жиында ер-азаматтар атынан әйелдерді құттықтауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев та құттықтау сөз сөйлеп, гендерлік теңдікке байланысты көзқарасын ортаға салды.

Жиында Астана қаласы, Есіл ауданының әкімі Сабиля Мұстафина, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков, «Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаева, «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев, т.б. лауазымды тұлғалар түрлі тақырыпта баяндамалар жасады. Жиын барысында әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудағы Ұлттық комиссияның рөлі, парламенттік фракциялар жұмысындағы әйелдер рөлі, ел экономикасын дамытуға әйелдердің қатысуы, БАҚ-та қазіргі қазақстандық әйелдің имиджін қалыптастыру туралы, басқа да мәселелер талқыланды. Конференция соңында республика көлемінде ұйымдастырылған «Әйелдердің қолынан бәрі келеді!» атты үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байқау қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар