Қоғам • 06 Қараша, 2020

Елорда экологиясы – елдің айнасы

1752 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Таза ауа таза ауладан басталатынына көпшілігіміз көңіл бөле бермейтініміз өкінішті. Айналамызға аяушылықпен қарасақ, жұтқан ауамыз жұпар аңқитыны айтпаса да анық. Табиғаттың тазалығы мен қоршаған ортаның қоқыстан ада болуы тәннің саулығына тікелей әсер ететінін естен шығармаған абзал. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат берілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін экология министрлігімен бірлесе бірқатар шара қабылданғанын мәлімдеді.

Елорда экологиясы – елдің айнасы

Бірқатар шара қабылданды

Қала басшысының айтуынша, қоқыс өңдеу кешенінің аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс, қалдықтар шы­ғарылады. Сол жерде сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен «waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр. Экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат берілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін экология министрлігімен бірлесе бірқатар шара қабылданды.

Сонымен қатар әкім атқарылатын негізгі шаруаларға тоқталып, алдағы жос­парлармен де бөлісті.

«Бірінші, қоқыс өңдеу зауытын қайта жаңартып жатырмыз. Жаңарған кәсіпорын қуатын жылына екі есе, яғни 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттырады. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ. Екінші, полигон екі ұяшықтан тұрса, оның біреуі әбден толып қалған. Салаға жауапты органдармен бірлесіп полигонға рекультивация жүргіземіз. Үшінші, былтыр «Северная гряда» кенішіне рекультивация жүргізе отырып, құрылыс қалдықтарын қоймаға жинап, қайта өңдейтін алаң құрылысын бастадық. Бұл экология мен санитарлық-эпидемиялық жағдайды айтарлықтай жақсартады», деді А.Көлгінов.

Қала басшысының сөзінше, аталған алаңда кірпіш, асфальт, бетон қал­дықтары сияқты құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарас­тырылған. Онда құрылыс қалдық­тарының 50%-ын қиыршық тасқа, 10-15% арматураға өңдеуге болады.

«Төртінші, қатты тұрмыстық қалдық­тарды бөлек жинау жұмыстарын жал­ғастыра береміз. Ол үшін қалада контейнерлер орнатылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу деңгейі – 75%, қайталама шикізатты алу 17% көрсеткішіне жетті. Бұл көрсеткіштерді жоспарлы түрде арттыру қажет. Пан­демия басталғалы бері адам көп жиналатын жерлерде медициналық заттарды, маскаларды, қолғаптарды тастайтын арнайы контейнерлер орнатылды. Бесінші, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 300-ге жуық полигон жойылды. Құрылыс нысандарына мониторинг және рейдтер жүргізетін жедел топ жұмыс істейді. Экополигонға құрылыс қоқыстарын шығару бойынша да тексерулер жүргізіледі. Мысалы, 15 қазаннан бастап әкімшілік жауап­кершілікке 37 кәсіпкер тартылса, оның ішінде 15-і – құрылыс компаниясы. Олар 900 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді. Алтыншы, қоқысты бөлек жинап, санитария ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Сенбіліктер өткізіп, жүйелі негіз­де ағаш егеміз. Барлық мемлекеттік мек­тепте экологиялық сағаттар өткізіліп, қоқыс өңдеу зауыттарына экскурсиялар ұйым­­дастырылады. Бұл бағытта бізге ерік­­тілер мен қала тұрғындары көп көмек көрсетіп келеді», деп жазды А.Көлгінов.

Иә, тазалық – қашанда адам денсау­лығы­ның мықты болуына тікелей әсер ете­тін бірден-бір маңызды фактор. Ол үшін тұрғындардың әрқайсысы жеке жауап­кершілікке жете назар аударса дейміз.

 

Сынапты шамдарды жинау үшін 600-ден аса контейнер орнатылды

Елордада қала экологиясын жақсар­ту бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жол­дауында атап өткен болатын. Қазіргі уа­қыт­та Нұр-Сұлтанда барлық ауданда құ­рамында сынап бар шамдарды, тер­мо­метр­лер мен батареяларды жинауға ар­нал­ған 600-ден аса контейнер орнатылды.

«Тұрғындар шамдарды сонда тастайды, біздің компания контейнерлерден жинап, зауытқа әкеліп, зарарсыздандырады», дейді «НТП Kazecotech» ЖШС бас директоры Владимир Андреев. 1 қа­ра­­шадағы жағдай бойынша 500-ден аса шам лампалары жиналған. Осылайша, 3 млн 908 мың текше метр ауаның улы бумен ластануына жол берілмеді. Сонымен қа­тар контейнерлерге қызмет көрсету кезін­де компания вандализм және басқа да бір­қатар мәселеге тап болады.

«Көбіне көліктер, бұзақылар контейнерлерге зиян келтіреді, бөлшектерді, есіктерді, сөрелерді, қораптарды және басқаларын ұрлайды. Мұның бәрі адамдар арасында түсінбеушілік туғызады», деп түсіндірді В.Андреев. Компанияға қоңырау түскен жағдайда кемшіліктерді жою екі сағат ішінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар компания қызметкерлері меншікке жауапкершілікпен қарауды талап етеді, өйткені бұл азаматтардың өмір сүру сапасына әсер етеді.

Сонымен қатар осы жылдың маусым айында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі атынан Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қолдауымен «StopMusor» әлеуметтік жобасын бастаған болатын. Жоба халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін артты­ру­ға, сондай-ақ азаматтар арасында тұр­мыс­тық қалдықтарды кәдеге жарату мәде­ниетін қалыптастыруға тәрбиелеуге бағытталған.

«StopMusor» жобасы шеңберінде кең ауқымды түсіндіру ақпараттық кампания­сын, сондай-ақ экологиялық акциялар мен іс-шараларды өткізу, сайт, әлеуметтік желілердегі беттер және ел тұрғындарын жаппай тарту үшін жобаның мобильді қосымшаларын іске қосу жоспарлануда. Жоба көшелерде шашылған қоқыстың қоршаған ортаға және адам денсаулығына теріс әсері туралы халықтың хабардар болуына мүмкіндік береді. «StopMusor» жобасы 2021 жылдың наурызына дейін жалғасады. Өкінішке қарай, COVID-19 пандемиясына байланысты тұрғындардың жаппай оқшаулануына қарамастан, қаладағы қоқыстану деңгейі артты және көрініс бояуы қоюлана түсті.

«Осы жылы Қазақстанның эко­логия­лық ұйымдары қауымдастығы «StopMusor» жобасын жүзеге асыруда елдің барлық эко-волонтерлерінің күш-жігерін біріктіруге ниетті. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 11 жел­тоқсанда Жастар жылының жабылуында сөйлеген сөзінде атап өткен «Таза әлем» бағытының ажырамас бөлігі. Қоғамдық пікір көшбасшыларын, эстрада жұлдыздарын, актерлерді, қоғам белсенділерін, жастар көшбасшыларын және Қазақстанның барлық азаматын таза қала идеясын танымал етуге және еріктілер жылында қоршаған ортаны сақ­тауға өз үлесін қосуға шақырамыз. Қазақ­станның экологиялық ұйымдары қауым­дастығының «StopMusor» әлеу­меттік жобасы «Филип Моррис Қазақ­стан» ЖШС қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады», дейді жобаны ұйымдастырушылар.

Айта кететін тағы бір жайт, «Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану бас­қармасы» мемлекеттік мекемесі Жабайы табиғат бүкіл әлемдік қоры (WWF) қам­қорлығымен жыл сайын «Жер – сағаты» халықаралық шарасын өткізе­ді. Онда 170 елден және 7 мың қаладан 2 млрд-тан аса адам қатысады. Биыл «Жер – са­ғаты» халықаралық акциясы 13-ші рет өткізілді, ал Қазақстанда 11-ші рет өтті.

Күніне 700 тоннадай қоқыс төгіледі

Иә, елорда еліміздің бет-бейнесі, мемлекеттің мерейі, болашағымыздың бой түзейтін айнымас айнасы деуге болады. Қаламыздың қақпасынан кірген әрбір адам тазалығына таңғалып өтсе, атқарылған жұмыстың ақталғаны болар. Осы ретте шаһардың тазалығына шабыттана кірісіп, таңмен таласып еңбек етіп жүрген «Clean City NC» компаниясының мамандарымен сөйлескен едік.

Аталған мекеме Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Нұр-Сұлтан қаласы аймағынан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару­шы ұйымдарға таңдау жасау жөнінде жария­лаған тендерде жеңімпаз атанды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды тасы­мал­дау және жинау бойынша жүргі­зіле­тін кешенді жұмыстар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Табиғи ресустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқар­ма­сымен жасалған келісімшарты талабына сәйкес, 2017 жылдан бастап 5 жыл жүзеге асырылады.

«Clean City NC» ЖШС – Нұр-Сұлтан қаласындағы қатты тұрмыстық қалдық­тарды (ҚТҚ) шығарумен айналысатын мамандандырылған ірі компания. Бұл заманауи техникалық базамен, білікті қызметкерлер мен арнайы техникамен жарақталған автопаркі бар компания сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Компания қалдықтарды шығаратын заманауи техника паркімен жабдықталған. Онда «Еуро-4» экологиялық стандарттағы 66 заманауи (оның ішіндегі 30 көлік 2017 жылы шыққан) арнаулы көлік бар.

«Біз тар жерде орналасақан ҚТҚ шығарып алу үшін арнайы шағын көлік­тер сатып алдық. Айта кететін тағы бір жайт, біздің компания тұрғын үй алаптары мен жеке ұйымдар аймағындағы қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша кең көлемді қызмет ұсынады. Арнаулы көлік құралдарының қозғалыс бағдарына GPS жүйесі арқылы «құпия бақылау» жүргізіліп отырады. Ұсынылған қызметтердің сапасына кепілдік беретін өзге де Know-how сияқты техникалық мүмкіндіктер мониторинг жасайды. Тазалық кестесіне келетін болсақ, күн сайын 66 қоқыс таситын және басқа да 25 бірлік техника екі ауысымда қаланы тазалауға шығады. «Алматы» ауданындағы 10 учаскенің 8-і күн сайын 2 реттен әр ауысымда тазартылады. «Есіл» ауданындағы 7 учаскенің 3-і күн сайын 2 реттен әр ауысымда тазартылады. «Сарыарқа» ауданындағы 10 учаске күн сайын әр ауысымда, «Байқоңыр» ауданындағы 8 учаске күн сайын 2 реттен әр ауысымда тазартылады. Бірінші ауысымдағы қызметкерлер таңғы 06.00-ден 14.00-ге дейін, екінші ауысымдағы қызметкерлер 14.00-ден 22.00-ге дейін қала тазалығын қадағалайды. Бірінші ауысымда 65 көлік, екінші ауысымда 8 көлік шығады. Әсіресе жазғы уақыттарда, қарбыз-қауынның қаулап өскен шақтарында күніне 800 тоннаға дейін қоқыс төгеміз. Ал қазіргі уақытта таңнан кешке дейін есептегенде 657 тоннадай қоқыс төгіп жатырмыз», дейді «Clean City NC» ЖШС Өндіріс басқармасының директоры Дастан Сатыбалдыұлы.

«Clean City NC» ЖШС 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару қызметтері бойынша тарифі өзгерген. Нақтырақ айтсақ, абаттандырылған сектордағы жеке тұлғаларға айына 1 тұрғынға – 390 теңге, абат­тандырылмаған сектордағы жеке тұл­ғаларға – 414 теңге, саяжай коо­пер­тиві­нің бір қатысушысынан ҚТҚ шығару төлемі – 715 теңге, заңды тұлғаларға (1 тек­ше метр үшін) – 2 144 теңге. Компания әлеу­меттің белгілі бір тобына жеңілдіктер де жасаған. Мысалы, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына – 100%, Ұлы Отан соғы­сының қатысушыларына парапар, көп­балалы аналарға, I топтағы мүгедектерге – 50%, II топтағы мүгедектерге, зейнеткерлік жасқа жетіп зейнетке шыққан зейнеткерлерге 25% пайыз жеңілдік жасалған.

 

Сұрыпталған үй қалдықтары өңдеу көлемін арттырады

«Kazrecycleservice» ЖШС – елордағы қалдықтарды өңдейтін жалғыз кәсіпорын. Нұр-Сұлтан қаласынан шығатын барлық қал­дық осы зауытқа жеткізіледі. Зауыт жыл­ы­­на 350 мың тоннаға дейін қатты тұр­­­­мыс­тық қалдықты қабылдайды. Кә­сіп­­­орын­­да полиэтилен, пэт-бөтелке, плас­­тик қал­­­дық­тар қайта өңделеді. Саға­тына 800 кг ПЭТ және 1 тонна полиэтилен өң­дей ала­тын мүмкіндігі бар зауыт, да­­­йын ши­кі­зат­ты өнім жасауға жібереді. Кәсіп­­орын 130 адамд­ы жұмыспен қамтып отыр.

2018 жылы елордада қалдықты сұрып­­тау жобасы қолға алынды. Нұр-Сұлтан қала­сы бойынша 6 276 сары түсті кон­тей­нер қойылды. Сары түсті кон­тей­нер – қағаз, картон, пластик, шыны қал­дық­тарын тастауға арналған. Жасыл түсті кон­­т­ей­нерге қайта өңдеуге жара­май­тын қал­­дық­тар салынады. Сары контейнер­дегі қал­дықтарды арнайы машина алып кетеді. Нұр-Сұлтан қаласынан шығатын қал­дық­тар қоқыс өңдейтін зауытқа жеткізіледі.

«Біздің зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға жуық қатты қалдықтар қабылдайды. Сол қалдықтардың барлығы сұрыптаудан өтеді. Сұрыптау барысында келіп түскен қалдықтардың 15 пайызы ғана қайта өңделеді. Өйткені қалдықтар араласып келетіндіктен оның сапасы жоғалады. Бізде бірнеше цехтар бар. Сұрыптай­тын және қайта өңдейтін цех жұмыс істей­ді. Сұ­рыпталған шикізат автоматты түр­де та­зартылады. Зауыттың сағатына 800 кг ПЭТ және 1 тонна полиэтилен өң­­дей алатын мүмкіндігі бар. Дайын бол­ған шикізат қажетті өнім жасауға жіберіледі. Халық үйден шығатын қалдықты жаппай сұрыптап тастайтын болса, өңдеу көлемін арттыруға болады», дейді зауыт мамандары.