Аймақтар • 06 Қараша, 2020

Шектеу шаралары қатаяды

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында кітапхана, музей, галереяларға, сондай-ақ өнер­сүйер қа­уым көп жиналатын көрмелерге 65 жастан асқан адамдардың бас сұ­ғу­ына тыйым салынды. Мәдени нысандарға келушілердің саны 30 адам­нан аспауы тиіс.

Шектеу шаралары қатаяды

65 жастан асқан егде кісілер азық-түлік дүкеніне, дәріханаға, емдеу мекемелеріне бару қажет болғанда немесе қоқыс шығаруға тура келген жағдайда ғана көшеге шыға алады. Аймақтың бас санитарлық дәрігері В.Нечитайло қол қойған қаулыға сәйкес, талап сақталмаған жағдайда тәр­тіп бұзған қарттарға 30 АЕК мөл­ше­­рінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар қоғамдық моншалар мен сауналар бір адамды кем дегенде 4 шаршы метрлік орынмен қамтамасыз етуі керек. Бұл нысандар жұмыс күндері жуынушыларды міндетті түрде жазбаша түрде алдын ала тіркеуге қою арқылы таңғы 8.00-ден 21.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Онда да жуыну бөлмесінде моншаға сыятын адамның 30%-ы ғана болуы талап етіледі.

Спорт кешендері, спорт мектеп­тері, спорт клубтары, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, спорттық-сауықтыру орталықтары сияқты жабық спорт нысандары сағат 7.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Жаттығуларға қатысушылардың саны 5 адамнан аспауы қажет.

Ұжым немесе топ болып табиғат аясына шығуға, көрнекі орындарды аралауға шектеу қойылды. Мұндай экскурсияларға тек құрамында әрі кеткенде 3-4 адамы бар отбасылық топтарға ғана рұқсат етіледі.

Сондай-ақ балалар мен ересектерге электромобиль, педальды автомобиль, картинг, гидроскутер сияқты қозғалыс құралдарын жалға беру орындарының жұмысына да тыйым салынды.

Азық-түлік және басқа да тауарлар сататын ашық сауда орталықтары жұмыс және демалыс күндері 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал жа­бық сауда орталықтарына демалыс күндері жұмыс істеуге шектеу қойылды.

Діни мекемелер демалыс күндері жұмысын тоқтатпайды. Алайда 1 адам­ға 5 шаршы метр қарастырылып, келу­шілер ғимаратқа сыятын адам­дар­дың 30 пайызынан аспауы керек.

 

Қостанай облысы