Қоғам • 06 Қараша, 2020

Баланың амандығы – басты назарда

557 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ана мен бала денсаулығы мемлекеттің терең мән беріп, ерекше назар аударатын салмақты саласы десек, артық айтқандық болмас. Себебі ұрпақтың сапасы мен ұлттың санына тікелей әсер ететін жандардың аман-саулығы – қоғам үшін қашан да маңызын жоймайтын құндылық.

Баланың амандығы – басты назарда

Жер жаһанды жайлаған пандемия кезінде ана мен бала денсаулығын қорғау тіптен де кезек күттірмейтін мә­селе екеніне мән берген абзал. Әркім әулеті түгілі жеке басының қа­мын күйттеген күрделі шақта сы­нақ­қа толы сын сағатта ана мен бала­ның саулығын алдыңғы қатарға шығарып, олардың амандығы мен алаңсыздығы үшін әрекет еткен әлдеқайда пайдалы болмақ. Осы ретте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният эпидемиялық жағдайды ескере отырып, республикадағы коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, әлемде аурудың өсуі жалғасуда. Қазіргі кезде әлем­нің 216 елінде КВИ-дың 48 млн-нан астам жағдайы тіркелген, сыр­қат­та­ну­шылықтың өсуі – 1 пайыз. 1 млн 200-дей адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші – 2,6 пайыз. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде бұрын­ғы­ша аурудың өсуі жалғасуда. Соңғы айда Германияда аурудың таралуы көбейгені байқалды.

«Соңғы 2 аптада еліміздің өңірле­рін­де КВИ-мен сырқаттанудың өсуі байқалады. Сырқаттанудың өсуі бар­лық өңірде байқалып отыр. Өткен апта­мен салыстырғанда ауру 2,6 есеге өсті. Бүгінгі таңда 14 өңірдің – Сол­түс­тік Қазақстан облысының, Батыс Қазақстан облысының, Ақмола, Маң­ғыс­тау, Алматы, Атырау, Павло­дар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері кү­шей­тілген шаралар қабылдады. Кү­шейтілген шаралар қоғамдық та­мақтану объектілерінің толтырылуын азайтуға, кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет объектілерінің және халықтың тыныс-тіршілігіне қыз­мет ететін нысандардың жұмыс кес­те­сін қысқартуға, шектеу шараларын сақ­тауға, демалыс күндері қоғамдық кө­лік қозғалысын тоқтата тұруға ба­ғыт­талған», деді вице-министр.

Сонымен қатар Ажар Ғиният еліміз­д­егі ауруханалар қай деңгейде то­лық­тырылғанын айтты. Биыл 4 қарашадағы жағдай бойынша елі­­міз­дегі ауруханаларда 14 903 орын жасақталды, оның ішінде 12 767-сі – инфекциялық, 7 136-сы – ка­ран­тин­дік. Ал реанимациялық орындар саны – 1 245. Еліміз бойынша аталған орындардың толықтыру деңгейі 15 пайызы шамасында немесе 2 944 орын науқастарды емдеумен қамтылған. Инфекциялық стационарларда толықтыру деңгейі – 20 пайыз. Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында жо­ға­ры, яғни толықтыру деңгейі 37 па­йызды құрады. Ал Батыс Қазақстан облысында көрсеткіш 30 пайыз, Нұр-Сұлтан қаласында да 30 пайыз шамасында.

Реанимациялық төсектер 17 па­йыз­ға (213 төсек) толтырылған, СҚО-да 38%, ШҚО-да 29%, Нұр-Сұлтан қаласында 28 пайызында науқастар жатыр.

Коронавирус инфекциясының панде­мия кезеңінде балалардың ден­сау­лығын сақтау – еліміздің ден­сау­лық сақтау саласының басым ба­ғыт­та­рының бірі. Күн сайын жаңа туған нәрестелер мен коронавирус инфекциясы бар балалар жағдайына мониторинг пен бақылау жүргізіліп отыр.

«Осы жылы республикада Сovid-19 диаг­нозы расталған бар­лы­ғы 3 164 бала тіркелген, оның
114-і – жаңа туған нә­ресте. Барлық жағ­дай­да ПТР нәти­желермен рас­талған. Covid-19 диагнозы зертханалық растал­маған 1 810 бала тіркелді. Бұл бар­лық тіркелген жағдайдың 4,8 пайызын құрайды. Балаларда Сovid-19 инфекциясынан өлім-жітім болған жоқ. Короновирус инфекциясының ағымы 85 пайызы балаларда симптомсыз жеңіл өтті. 14,2 пайызы баланың орташа дәрежесінде және 19 балада ауыр болды. Бұл барлық жағдайдың 0,6 пайызын құрады. Қазіргі кезде індет бар 340 бала бақылауда тұр, оның ішінде жаңа туған – 3 нәресте, 18 жасқа дейінгі балалар – 337, емдеуге жатқызылғандар – 55, амбулаториялық емдеуде – 285. Сондай-ақ 7 бала арасында вирустық пневмония диагнозы қойылған, 3 пациентте пневмония негізінен бактериялық сипатта болды», деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Сovid-19 індеті бар 200 оқушы, балабақшаның кезекші тобына барған 18 бала және интернаттан 21 бала бақылауда тұрғанын жеткізді.

«Тамыздан бастап республикада COVID–19 індетімен астасқан муль­ти­жүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) жағ­дай­ла­ры тіркеле бастады. Ауру ушыққан жаз айларынан кейін балалар арасында аталған індет анықталды. Үш аптадан бері балалар арасында бұл ауру тіркелмеді», деді вици-министр.

Оның сөзіне қарағанда, биыл мультижүйелік қабыну синдромы бар 42 бала тіркелген, қазіргі уақытта мұндай диагнозы бар пациенттер жоқ. Балалар стационарлардан емделіп шыққан.

Халықаралық деректерді талдау кезінде (ЮНИСЕФ) қазіргі уақытта Сovid-19 таралуын жалпы құрылымдағы балалар популяцияның рөлі жеткіліксіз зерттелген дейді. Со­ны­мен қатар аурудың зертханалық рас­талған жағдайлары бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы мәліметтеріне сәйкес жағдай­лар­дың 1-7 пайызы балаларға тиесілі. Ал осы жас тобындағы өлім басқа топтармен салыстарғанда төмен деген мәлімет берген.

Денсаулық сақтау вице-министрі А.Ғиният биыл балалар арасында ауруға шалдығу деңгейі төмендегенін айтты.

«Жалпы, негізгі статистикалық де­рек­терде еліміз бойынша бала туу артты, балалардың аурушаңдығы мен өлім-жітімінің деңгейі төмендеді, оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, 2020 жылдың 9 айында 320 302 бала дүниеге келді, 2019 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш 5 пайызға жоғары», деді ол.

Осы жылдың 9 айының қоры­тын­дысы бойынша 18 жасқа де­йі­нгі балалардың жалпы сыр­қат­­тану­шылық көрсеткіші 15 па­йыз­­ға төмендеді. Былтырмен салыс­тыр­ған­да балалардың арасында тұмау жағдайлары 28 пайызға аз тіркелді. 2020 жылдың 9 айында пневмониямен жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 2019 жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 3,5 пайызға төмендеді. Сондай-ақ нәресте өлі­мі­нің көрсеткіші 2,5 пайызға, балалар өлімінің көрсеткіші 8 пайызға азайды.

Қазіргі пандемия кезінде бала­лар­дың денсаулығын сақтау мақсатында денсаулық сақтау жүйесінде көптеген шара қабылданып жатыр.

«Біріншіден, Сovid-19 пандемиясы кезінде балаларға көрсететін меди­ци­налық көмектің тәртібі бекітілді. Балаларды Сovid-19-ға коронавирус инфекциясы диагностикасымен емдеу клиникалық хаттамасы әзірленіп, халықаралық стандарттарға сәйкес бекітілді. Қазір осы клиникалық хаттамамен барлық баланы өңірлерде медициналық қызметкерлер емдеп жатыр. Сонымен қатар өңірлердегі аурудың қатаң жағдайындағы балаларды осы республикалық деңгейде қалыптасқан эксперттік жұмыс тобы бар. Оның құрамына белгілі ғалым­дар, дәрігерлер кіреді. Әрбір балаға тәулік бойы консультативтік көмек көрсетуде. Пандемия кезінде балаларға амбулаториялық-емха­на­лық деңгейде медициналық көмекті ұйым­дастыру шеңберінде әрбір бала­ға, жүкті әйелдерге бөлек фильтр бөлме­лер қарастырылды», деді вице-министр.