Аймақтар • 07 Қараша, 2020

Қостанай облысы сапалы жолдардың үлесін 95%-ға жеткізуді көздеп отыр

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысында биыл Әулиекөл, Алтынсарин, Федоров аудандарына қарасты бірқатар елді мекендерге газ құбыры тартылып, тұрғындар алты ай қыс көмір тасып, пеш жағып, күл шығару сияқты күйбің тұрмыстың күнделікті бейнетінен арылды. Көгілдір отын  жыл соңына дейін тағы бірнеше ауылға жететін болады.

Қостанай облысы сапалы жолдардың үлесін 95%-ға жеткізуді көздеп отыр

Жергілікті телеарнаның тікелей эфирі арқылы облыс тұрғындарымен байланысқа шығып, көк жәжікке көз тіккен көпшілікке газ құбыры тартылатын ауылдар қатары жыл санап еселене беретінін жеткізген «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев  аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан басқа да игі шаралар жөнінде айтты.

Әсіресе, облыс халқының өмір сапасын жан-жақты жақсарту,  тұрғындарды таза ауыз су, баспана және сапалы жолмен қамтамасыз ету,  әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері өзекті болып қала береді.

"Жаһандық коронавирустық пандемия облысымыздың экономикалық жағдайына кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Алайда мемлекет тарапынан азаматтарды қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шаралар әзірленіп,  күн сайын жол-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, сондай-ақ салауатты экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатыр", - деді Эльдар Күзенбаев.

Облыстық филиал төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінде көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында автомобиль жолдарының сапасын арттыру және 2025 жылға қарай сапалы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Онымен қоса, 300-ден артық адам тұратын ауылдарда орталықтандырылған су құбыры тартылады. 200-ден 300-ге дейін, немесе одан да көп тұрғыны бар елді мекендерге келісімімен су тазарту және су тарату пункттері салынады. Сондай-ақ, халық саны 200 адамға дейінгі   суы сапалы құдығы жоқ шағын ауылдарға орталықтандырылған су құбыры тартылғанша ауыз су сырттан тасымалданады.

Бүгінде жергілікті атқарушы биліктің күшімен облыстың 11 елді мекенінде сумен жабдықтау желілерін қайта құру,  93 ауылда сумен жабдықтау нысандарын салу жоспарлануда. Нәтижесінде, ауылда тұратын 98,3 мың тұрғынның сапалы ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік туады.

Тікелей эфирде  филиал төрағасының орынбасары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру барысына да тоқталып өтті. Айтуынша, былтыр «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары шеңберінде 1580 отбасы баспаналы болған.

- Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты - аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші болып табылады. Біз білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қызметтер саласындағы сапалы қызметтерге қол жетімділікті қамтамасыз ету арқылы аймақ тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартамыз. Жергілікті билік Қостанай облысы тұрғындарының талап-тілектерін қанағаттандыру мақсатында, қолдан келгенінше, мүмкін шаралардың барлығын тиімді жүзеге асырып келеді» - деді Эльдар Күзенбаев

«Nur Otan» партиясының аймақтық филиалы жергілікті телеарна мен әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер арқылы облыс тұрғындарымен тұрақты тілдесіп, пікір алмасып, ой бөлісіп отыратынын айта кеткен жөн. Мұндай шараларда тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауал қойып, бірден жауап алуға мүмкіндік алады. Бұл жолғы тікелей эфир  партияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында алдын ала хабарландырылды.

 

Қостанай облысы