22 Қараша, 2013

«Бір Отан, бір тіл – тәуелсіз Қазақстан» форумына 400-ге тарта үміткер қатысты

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының облыстық форумы бұл жолы Шемонаиха ауданында өтті. Тіл жанашырларының форумы мұның алдында Риддер, Зырян, Серебрянка және Өскемен қалаларында болған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған онкүндік аясында ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Шемонаиха аудандық әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған бұл бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады.

 

Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының облыстық форумы бұл жолы Шемонаиха ауданында өтті. Тіл жанашырларының форумы мұның алдында Риддер, Зырян, Серебрянка және Өскемен қалаларында болған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған онкүндік аясында ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Шемонаиха аудандық әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған бұл бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады.

Форумның мақсаты – рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін өзге ұлт жастары арасында кеңінен насихаттау. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясының одан әрі кеңеюіне ықпал жасау. Аталмыш форумның өтуіне қолдау жасаған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ең алдымен форумға жиналған жастармен «дөңгелек үстел» басында кездесіп, тілдің болашағы, оның қолданысының кеңейіп келе жатқаны жайлы әңгімелеп берді. Шемонаихадағы форумға арнайы келіп қатысқан Асылы Османова мемлекеттік тілді меңгерген жастарға алғысын білдіріп, өзінің ғұмыр бойы қазақ тілінің болашағына жаны ашып, оның қолданыс аясын кеңейту үшін күресіп келе жатқанын тілге тиек етті. Бұдан кейін аудандық Мәдениет үйінде форум өз жұмысын бастады.

– Өңірде жастардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Қазір барлық аудандар мен қалаларда жастар орталығы жұмыс істеп тұр. Тілді меңгеремін деушілерге білікті мамандар көмекке келеді. Ең бастысы, ынта мен жігер керек. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тілінің болашағы – қазақ тілінде» деп текке айтпаса керек. Мемлекеттік тілді меңгерудің қиындығы жоқ екеніне жиналған жастар куә болса керек. Ендеше, сіздердің пікірлеріңізге құлақ салайық, – деді өңір басшысы Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосқан бірнеше жасқа өңір басшысы Құрмет грамоталары мен облыс әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды. Бұл құрметке ие болғандардың арасында Е. Рудакова, З.Смыкова, Ю.Соскина, О.Тюрина, тағы басқалар бар.

– Мен қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өстім, қазақ тілін ерекше құрметтеймін, тіпті, қазақша ойлаймын. Тілге деген құрмет пен ынта-жігер болса жетіп жатыр, тез үйреніп алуға болады. Ал кейбір қазақ жастарының тілге мұрнын шүйіріп, ана тілін құрметтеуі былай тұрсын, оны үйренуді қажет деп таппауы мені қатты толғандырады, – деді өскемендік студент Оксана Черткова.

– Менің ата-анам таза неміс. Қазақстанда туып-өскен соң қазақ тілін білуге тиіспін деген қағиданы қадір тұттым. Кейбір достарым қазақ болғанымен, ана тіліне шорқақ. Олардың намысын жанып, тілді құрметтеуге, үйретуге үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Кейде мен қызмет ететін дүкенге сауда жасауға ата, әжелер келіп, орысшаға қиналып тұрғанда, қазақ тілінде не қажет екенін сұрағанда, олардың жүзінен маған деген ілтипат пен құрметті анық сезінемін. Соның өзі мен үшін үлкен бақыт. Құрметті достарым, ниет болса мемлекеттік тілді үйренудің ешқандай қиындығы жоқ, – деп ағынан жарылды Ұлан ауданынан келген Олеся Жұмағұлова.

«Мемлекеттік тілдің тірегі – мемлекеттік органдар» атты баяндама жасаған Марина Мақсұтова қазіргі кезде басқарма, департаменттер өткізген жиындардың тек орыс тілінде өтетінін, ана тілінің аясын кеңейту үшін алқалы бас қосулар қазақ тілінде өтсе, басқаларға ой салатыны жайлы айтты. Глубокое және Өскеменнен келген К.Кашкин мен С.Пискарев мемлекеттік тілді меңгеруге тиісті органдардың жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын ашып айтты. Форумда сөз алған тіл жанашыры Асылы Османованың ақыл-кеңесі жастарды бей-жай қалдырмады. «Қазақ тілінің мәртебесін арттыру сіздерге байланысты. Оқып, үйрену көп ізденісті қажет етеді», деді ол.

Форумға қатысушылар облыс жастарына үндеу қабылдады. Бұдан кейін аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Шемонаиха ауданы.