Биыл астықты аймақ ел көлемінде ұн өндіруден бірінші орынға шығып, йогурт, жарма және макарон өнімдерін шығарудан үшінші орынға табан тіреп отыр. Жиында биылғы ауа райының егінге қолайсыз болғанына қарамастан, күзгі жиын терінде бітік шыққан егінді шығынсыз жинап, қамбаға 4,2 млн тонна астық құйған диқандардың ерен еңбегі дәріптелді. Орақ науқаны нәтижесі бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген дәнді аудандардың жетістігі жөнінде де әңгіме қозғалды. Мәселен, биыл Сарыкөл ауданына қарасты шаруашылықтар әр гектар алқаптан – 14,5 центнер, ал Федоров ауданының диқандары – 13,4, Ұзынкөл, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара аудандары 12 центнерден бидай алып, табысты еңбектің озық үлгісін көрсетіп отыр.
Көк шықпай жатып жер қыртысына соқа түсіріп, төскейге себілген әрбір дәнді ала жаздай маңдай терімен суарған кәнігі диқан үшін биыл бес айлық бейнеттің бәсі жоғары. Жиын барысында тәжірибе мен озық технологияны сәтті ұштастырып, мол өнім алып, көптен озық шыққан бірқатар шаруашылықтардың жоғары жетістігі жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов те сүйсіне сөз етті.
– Агротехнология жетістіктерін жетік игерген ауылшаруашылық кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары ауа райына тәуелділіктен арылып, соңғы екі жыл бойы жаздың аптап ыстығы пен қуаңшылығына қарамастан тұрақты түрде жоғары өнім алып келеді. Мысалы, Сарыкөл ауданындағы «Сарыкөл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы егін ору науқанында әрбір гектардан 40 центнерден, Алтынсарин ауданындағы «Айдала» серіктестігі – 21, Меңдіқара ауданындағы «Орлан 2004» серіктестігі – 20, осы ауданға қарасты «Олжа Арыстан» ЖШС-і 17,6 центнерден бидай алып отыр, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Аймақтың егін шаруашылығына қатысты ауыз толтырып айтуға тұрарлық тағы бір жақсы жаңалық – биылғы бидайдың сапасы жоғары. Әсіресе солтүстік аудандарда бидай қамырлылығы өткен жылдардың көрсеткішінен асып түсті. Биыл элеваторларға қабылданған бидайдың 79%-ы 3-класқа жатады. Бұл бидайдың 60%-ға жуығының қамырлылығы 28% және одан жоғары.
Онлайн-жиынды түйіндеген аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов биылғы каратиндік шектеулер көктемгі дән егу науқанына да, күзгі жиын-терін барысына да айтарлықтай кедергі келтіргенін тілге тиек етті.
– Аймақта жаппай шектеу шаралары қабылданғанына қарамастан, жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау көрсетті. Мұның сыртында биыл ауа райы қолайсыз болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірақ шаруашылықтар жоғары өнім алды. Біз егін шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды әртараптандыру бойынша басталған жұмысты алдағы жылы да жалғастырамыз. Жылдан-жылға майлы дақылдардың үлесін еселей түсуіміз керек. Бұған қолдау көрсететін жаңа бағдарламалар бар. Осы мәселеге көбірек назар аудару қажет, – деді А.Мұхамбетов.
Жиын соңына қарай ауылшаруашылық еңбеккерлері күніне орай, облыс әкімі еселі еңбегімен дараланған агрономдарға, инженерлерге, шаруа қожалықтарының басшыларына грамоталар тапсырды. Бірқатар диқанның омырауына төсбелгілер тағылды. Диқан еңбегі дәріптелген осы тақылеттес салтанатты жиындар облыстың барлық аудандарында өтті.
Қостанай облысы