– Қостанайда Ыбырай Алтынсарин мектебін бітіріп, 20 жасымда қазақ телевизиясына келдім. Оған дейін өнер қуып, әртіс те болғым келді. Оның себебі, екі ағам Қостанай көлеміне танымал өнерпаз еді. Сейтім ағам – конференсье, өзі сол облыстық радиода диктор болған. Ой, сұмдық еді! Дауыс қандай, дикция қандай! Ал Хайролла Тілемісов деген ағам кейін журналист-жазушы болып кетті, «Қайнар» баспасын басқарды. Мен осы екі ағама еліктеп өстім. Осылайша, мектеп бітірісімен Ақтөбеден бірақ шықтым. Ақтөбеде мәдени-ағарту училищесі деген болған. Оны Ыбырай атам 500 шақырым жерден қысы-жазы ағаш тасып, дәл қаланың ортасынан қыздар гимназиясын ашқан. Кейін ол мәдени-ағарту училищесі болып, мен сол жерде оқыдым. Қазір ол енді мейрамхана болып кетіпті. Кезінде Мәжіліс Спикері болған Марат Оспановтың әкесі ол кезде Ақтөбе филармониясының директоры болып жұмыс істейтін. Өзі еңбек сіңірген әртіс, драмалық актер. Халық театрында істеген ғажап кісі еді. Сол кісі бізге сабақ берді. Бірде сабақтың аяғында тұрғызып:
– Қорғанов, сен кім болғың келеді? – деп сұрады.
– Әртіс болғым келеді.
– Ә, әртіс болғың келе ме, оның ішінде кім болғың келеді?
– Аға, мен көркем сөз оқимын, – деймін баяғы.
– Әй, сен онда кел филармонияға, – деді.
Бардым. Тақпағымды оқып беріп едім, бірден жұмысқа алу туралы бұйрық шығарды. Дәл сол кезде конференсье керек болып жатыр екен, осылайша бір күнде филармония қызметкері болып шыға келдім. Диктор болуыма соның көп пайдасы тиді. Алғаш бізді Асқар Тоқпанов ағайлар Алматыдан бір аптаға келіп үйретіп кетіп жүрді, – дейді ардагер журналист.
Қажы Қорғанұлы Қазанғаптың көзін көрген дәулескер күйші Жәлекеш Айпақовтың қасына 70 күн еріп жүріп, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе облыстарында ауыл-ауылды аралап, күйшінің концертін жүргізеді. 1961 жылы Ақтөбеде телестудия ашылып, сонда алғашқы диктор болып жұмыс істейді. Осылайша, филармония мен телевизияның қайсысына тоқтарын білмей, біраз уақыт ойланып жүрген талантты жас ақыры телевидениеге біржола тоқтайды. Ақтөбеде сегіз жыл еңбек етіп, тоғызыншы жылы қазақ телевизиясының шақыртуымен Алматыға қоныс аударады.
– Сонымен 37 жыл телевидение саласында қызмет істедім. 12 жыл диктор болдым. 70-жылдан таза журналистік қызметке кірістім. Жаңалықтан бастадым, содан аға редактор, насихат бас редакциясының бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, комментатор, халықаралық шолушы болдым, – дейді Қажы аға.
Замандас әріптестерінің арасында әмбебап маман, тележурналистиканың еңбекторысы атанған Қажы Қорғанұлы қазір естелік кітап жазып жатыр.
– Қазір қарап отырсам, 27 обком төрағасымен, ел тарихында есімі қалған көптеген көрнекті тұлғамен кездесіп, ғибратты әңгімелерін естіп, азаматтық тұлғасы, кісілік қасиеті көрініс тапқан есте қаларлық оқиғаларға куә болыппын. Соның бәрі менің көз алдымда сайрап тұр. Мәселен, Еркеғали Рахмадиев ағай туралы естелік әңгіме жаздым. Роза Бағланованың концертін жүргізіп, ол кісімен әңгімелестім. Оны да жазып қойдым. Құрманғазының көзін көрген Мәменнің шәкірті Қалижан Тілеуов ағаймен Оралда 2 айға жуық бірге жүрдім. Өскенбайдың шәкірті Мұрат Өскенбаевпен 70 күн бірге жүрдім. Күләш Байсейітовамен бірге ән салған Рима Тұрдығұлова деген апай бір жарым айдан астам уақыт Маңғыстауда ел аралап жүріп концерт берді, мен қасында жүріп сол концерттерді жүргіздім. Сөйтіп, өнер адамдарының біразымен дидарластым, әңгімелерін естідім. Осының бәрін естелік кітапқа жазып жатырмын.
Қажы Қорғанұлы бірде Дағыстан астанасы Махачкалаға қазақ телевизиясының екі сағаттық бағдарламасын алып барады. Осы сапарында авар ақыны Расул Ғамзатовпен екі күн дәмдес, сырлас болады.
– Расул ағайдың 45-тегі, біздің 25-тегі кезіміз. Жергілікті телевизия басшыларының біразы ақын, Расул Ғамзатовқа еліктейді екен. Сонда Расул ағай: «Мен кеше ғана Қазақстаннан келдім. Қалтай Мұхаметжановтың үйінде болдым. Бізге бір үлкен қазақтың кілемін сыйға тартты. Енді мен сендерді ертең авар генералының 60 жылдық тойы болады, соған шақырамын», деді. Тойда мені көпшілікке Расул ағаның өзі таныстырып, сөз берді. Мен: «Жамбыл Жабаев пен Сүлейман Стальскийден басталған қазақ-дағыстан достығы Мұхтар Әуезов пен Расул Ғамзатов ағай арқылы жалғасты. Енді сол достықты сабақтастырушылардың бірі – қазақ телевизиясы мен Дағыстан телевизиясы. Осы достығымыз ұзағынан болсын!» дедім. Ертесі күні Расул ағай үйінен дәм татырып, бір-екі кітабына қолтаңба жазып берді, – дейді Қажы Қорғанұлы.
Қазақ телевизиясында жүріп Қажы аға негізінен ауыл шаруашылығын көп насихаттады. Ол кезде күзгі орақ науқанында қазақ теледидарының көшпелі редакциясы сайланып, сол кездегі Целиноградқа келіп қоныс теуіп, бір ай бойы солтүстіктегі жеті облыстың орақ науқаны туралы хабарлар үзбей беріліп отырады екен. Бұл жөнінде ардагер журналист: «Егін жинау елдің барлығы көз тігіп отыратын саяси науқанға айналады. «Алтын дән-Урожай» хабарын облыстық партия комитетінің бірінші хатшыларынан бастап, барлық жұрт кешке жібермей көреді. Қай облыстың қанша астық бастырғанын олар біздің хабар арқылы біледі. Облыстар арасында өзара бәсеке күшейеді. Бағдарламаны диктор ретінде екі тілде оқимын, кино материалдарды, мәтінді қараймын, редактор ретінде түзеймін, арасында сюжеттер түсіріп әкеліп, оны эфирге дайындаймын, хабарды жүргіземін».
Қажы Қорғанұлы қырық жылдық журналистік қызметінде еңбекті дәріптеп, қарапайым жұмысшы мен ауыл еңбеккерлерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Бүгінде өнегелі өмірін естелікке түсіріп жатқан ақсақал – өз кейіпкерлерінің сый-құрметіне шын бөленген журналист. Оның бақыты – кейіпкерлерінің құрметі.
Қостанай облысы