Саясат • 10 Қараша, 2020

Жаңа ұрпақтың мүмкіндік алаңы

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақ­стан Жастар конг­ресі­нің атсалысуымен, респуб­ли­ка­мыздың түкпір-түкпі­рін­дегі жастарды онлайн-форматта байланыстыра отырып, «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» атты жастарға білім беру жобасын іске қосты.

Жаңа ұрпақтың мүмкіндік алаңы

Жастарды жаңашылдық­қа бейімдеп, олардың өзін өзі дамы­туына жағдай жасауды мақсат еткен жобаның ашылу сал­танатына Нұрсұлтан Назар­баев Қорының директоры Да­риға Назарбаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстан Жастар конгрессінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов қатысты.

Дариға Назарбаева эпидемия­ның аяқталып, қалыпты өмір­ге қайта оралатынымызға сенім білдіре отырып, панде­мия кезінде жақынынан айрыл­ған­дарға көңіл айтты. Осындай ауыр кезеңде тынбай еңбек еткен волонтерлердің жұмысын ерекше атап өтті.

«Қазақстан Жастар конгре­сінің белсенділеріне, волонтерлерге қиын кезеңде адамдарға адал ниетпен қол ұшын беріп, көмек көрсеткені үшін алғыс айтамын. Елбасының бастамасы Biz Birgemiz жобасын сәтті іске асыру үшін көп жұмыс атқарылды. Мыңдаған мекен жайға азық-түлік, санитарлық құралдар жеткізілді. Осы кезеңде еліміздің барлық тұрғынының бірлігін, бір екенімізді сезіну маңызды болды. Жеке компа­ния­­лар да атсалысты. Жоба аясында 850 мың адамға көмек көр­сетілді. Қазақ елі жомарт адам­дарға бай. Олардың мәрттігі үшін зор ризашылығымызды біл­діреміз», деді ол.

Сонымен бірге пандемияны тез арада аяқтала қояды деп ойламайтынын, ондай жағдайда әлі ұзақ уақыт әрекет етуге дайын болуымыз керектігін атап өтті. «Ал бұл – қолдауды қажет ететін адамдарға барынша көмек көрсетуді жалғас­тыру керек деген сөз. Өзіміз бен жа­қын­дарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Онымен қоса үздік тәжі­ри­бені қолдап, насихаттау қажет», деді Д.Назарбаева.

«Бағдарламаның атауын­да көрсетілгендей, қазіргі жас­тар­дың алдында жаңа міндет­тер тұр. Елбасы Нұр-Сұлтан қа­ласында жасыл белдеу салу туралы бастама көтерді. Қазір

15 мың гектар жерде 11,5 млн ағаш өсіп тұр. Астананың климаты өз­герді, қала тұрғындары орман­дарда демала алады. Бұрын мекендемеген құстар келді, жануарлар көбейді. Мұндай белдеу­лер басқа да аймақтарға қажет. Осы жобаны біздің ұзақмерзімді міндетімізге айналдырсақ деймін. Конгреске қарасты «Жасыл ел» ұйымы бар. Жастардың осы салада тәжірибесі мол. Сонымен бірге Үкімет пен әкімдіктердің көмегінен үміттенеміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры.

Одан бөлек Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл жастарын қолдау бағдарламасы «Мың бала» жобасына тоқталып өтті. Дариға Назарбаева конгресс жастарын ауыл балаларына кө­мек көрсетуге, оларға тәлім­гер болуға шақырды. Сонымен қатар тәуелсіздіктің 30 жылдығы ая­сында іске асырылатын жобаларды талқылауды ұсынды.

«Жастар үшін қоғамға, яғни елімізге қалтқысыз қызмет етуден маңызды іс болуы мүмкін бе? Осы қызмет арқылы сіздер тәжірибе жинақтайсыздар, құрмет пен беделге ие боласыз­дар және өмірде көп жетістік­терге жетесіздер. Мен сіздерге шын жүректен осыны тілеймін. Осындай өмірлік ұстаным жаңа ұрпаққа, жаңа адамдарға кез келген дағдарысты жеңуге және ұлттық егемендігімiзді ны­ғай­туға күш-қуат береді деп сене­мін», деп түйіндеді сөзін Дариға Назарбаева.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Коро­навирустық пандемия біз­дің жоспарларымызға бір­қа­тар түзету енгізді. Сонымен бірге онлайн режімінде тиімді жұ­мыс істей алатынымызды және жұмыс жасауымыз кере­гін көрсетті. Эпидемия адам­дар­дың ойлау қабілетін, өмір­ге деген көзқарасын өзгер­тіп, бар­­лығымыз да өз жұмысы­мыз­­да және күнделікті өмірде үлкен жауапкершілікті сезінетін болдық», деп атап өтті.

Министр бүгін ел жастары үшін маңызды шараның бас­талғалы тұрғанын айта келе, Елбасының «Біздің мақсатымыз – жастарға жаңа әлемде өмір сүруді үйрету» деген сөзін еске салды. Тәуелсіздік алғалы елі­мізде жаңа да жасампаз жас­тардың қалыптасқанын айтты. «Бұл жоба жастарға білім берумен қатар, құнды пікірлері мен керемет идеяларын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр», деді А.Балаева. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында бір ай­дың ішінде жас қазақстандық­тар өз білімін арттырып, білікті жат­­тықтырушылардан, сарап­шы­лардан және өзге де шақы­ры­­латын қонақтардан көшбас­шы­­лық және өмірлік қарым-қабі­летті үйренуге мүмкіндік алады.

Жоба барысында жастар­дың өзекті мәселелері бойынша әлеу­меттік диалогты жандандыру және әлеуметтік серіктестік тетік­терін әзірлеу үшін, орта­лық мемлекеттік органдар бас­шылығының қатысуымен  пікір­таластар жоспарланған.

Жобаның жұмысы бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар – азаматтық бел­сен­­ділік, волонтерлер, ақпа­рат­тық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және жеке даму.

Сабақтар онлайн-форматта жүзеге асырылатындықтан оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың қатысуға  толық мүмкіндігі бар.