Бірінші кезекте ол Қостанайдағы «СҚ – Фармация» ЖШС қоймасына барды. Аталмыш қойма Нұр-Сұлтан қаласындағы хабтан әкелінген дәрі-дәрмек, медициналық құрылғылары мен қорғаныш бұйымдарын аймақтағы емдеу мекемелеріне жедел жеткізіп отырады. Мұнда түрлі ауруларды стационарлық және амбулаториялық емдеуді қамтамасыз ету барысында медициналық мекемелерден келіп түскен өтінімдер бойынша, сондай-ақ коронавирустық инфекцияны емдеу бойынша тапсырыстарға қызмет көрсетіледі.
– Әкімдік дәрі-дәрмектер, дәрігерлерге қажет қорғаныс құралдарын, сондай-ақ жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмек жүктерін қабылдап алудың ашықтықтығын толық қамтамасыз етіп отыр. Әрбір жүк келген сайын бақылаушы топ құрылып, оған қоғамдық ұйымдар белсенді түрде тартылуда. Пандемия әрбір отандасымызға әсер етті. Сондықтан бармақ басты, көз қысты жұмыс болмауы тиіс. Дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналмай, тұтынушыға жетуі өте маңызды», деді Алик Шпекбаев.
Айта кетейік, бұған дейін мониторингтік топтар бірқатар ауданда дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдарының жеткілікті емес екені туралы мәселе қозғаған болатын. «СҚ – Фармацияның» Қостанайдағы филиалының өкілдері бұған дейін логистикада орын алған кемшіліктер жойылғанын, бүгінде өңірдің барлық аудандарына жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмек жеткізілгенін айтты.
Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің мәліметінше, коронавирустық инфекцияға, ЖРВИ мен пневмонияға қарсы күрес мақсатындағы кешенді шаралар аясында облыстағы дәріхана желілері мен фармацевтикалық фирмалардың дистрибьюторларына 538 млн теңге демеу қаржы бөлінген. Агенттік төрағасы облыс бюджетінен бөлінген қаржыға сатып алынған дәрілерді саудалайтын «Цветная» дәріханаларына да бас сұғып, дәрі-дәрмектердің бағасымен танысты.
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге Лисаков қаласында болды.
Мемлекеттік органдар қызметінің азаматтардың қажеттілігіне бейімделуіне ықпал ету сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды бөлігінің бірі екендігі бұрыннан айтылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ашықтық, айқындық және есептілік арқылы мемлекеттік аппаратты трансформациялау маңызды рөл атқарады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы әкімдіктерде «бір терезе» қағидатымен азаматтарға сервистік және кедергісіз қызмет көрсетуге арналған «Көмек алаңы» фронт-кеңселерінің жұмысымен танысты. Кез келген азамат кабинеттердің табалдырығында кезек күтпей-ақ жүгіне алады. Әкімдіктердің қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша кеңес береді. Электронды қызметтерді алу үшін өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары да қарастырылған.
«Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалмаған жерде таралады. Азаматтардың қажетті заңды көмек алу үшін мемлекеттік қызметшіге сыйлық беруіне жол жоқ. Шенеуніктер мәселені шешу жолдарын тарылтып, кеңселерде отырған қызметкерлердің маңыздылығын жасанды түрде асыра көтермеуі тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс барысында ұстанатын қағидалары – адалдық, тәртіп, қолжетімділік, ашықтық пен әділдік. Әкімдіктердің ыңғайлы фронт-кеңселерімен мегаполистердің ғана емес, шағын кенттердің тұрғындары үшін де қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Алик Шпекбаев.
Рудный мен Лисаков қалаларында «Көмек алаңы» ашылған сәттен бастап оларға 12 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Таяу арада облыста халық тығыз орналасқан барлық ауыл әкімдіктері осындай жұмыс нысанына көшеді.
Агенттік төрағасы жергілікті мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерімен кездесіп, азаматтар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету залдарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Лисаков қаласында Алик Шпекбаев пен Архимед Мұхамбетов күрделі жағдайларды шешуге көмек көрсету туралы өтініш білдірген азаматтарды қабылдады.
Қостанай облысы