Оқиға • 10 Қараша, 2020

Санитарлық талапқа салғырт қарауға болмайды

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында 12 санитарлық бекет жұмыс істей бастады. Оның төртеуі Ресеймен шектесіп жатқан Қарабалық, Ұзынкөл, Бейімбет Майлин аудандарындағы шекара бекеттеріне, үшеуі облыс орталығына кіретін жолдарға, төртеуі Қостанай ауданына, ал біреуі Жітіқара қаласының кіреберісіне қойылды.

Санитарлық талапқа салғырт қарауға болмайды

9 қарашаға қараған түні ай­мақ басшысы Архимед Мұ­хам­­бетов пен облыстық поли­ция департаментінің бас­ты­­ғы Бекет Аймағамбетов Қостанай қаласының маңындағы 3 сани­тарлық бекетте болып, кезек­ші­лік­ке шыққан қыз­мет­кер­лердің жұмыс жағдайымен танысты.

– Санитарлық бекеттерде 24 медицина қызметкері, 94 полицей және 13 автопатруль кезекшілік етіп жатыр. Барлығы қажетті қорғаныс құралдарымен жаб­дық­талған. Бекет қызметкерлері 12 сағат сайын ауысып отырады. Қалаға кіріп-шығып жат­қан жолаушыларға мұқият бақы­лау жүргізуді, сондай-ақ кезекшіліктегі барлық қызмет­кер­лерді керек-жарақпен қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді облыс әкімі.

Бекет Аймағамбетов полиция мен мониторинг топтың мүшелері бірлесіп, карантин тәртібін бұзушыларды тезге салу шараларын күшейтіп жатқанын айтты.

– Кейінгі күннің ішінде ғана карантин режімін бұзған 232 адам анықталып отыр. Алдын ала айтылған ескертулерге қара­мас­тан, облыс тұрғындары туған күн, үйлену тойы, ас беру сияқты жиындарды жасырын өткізуді доғарар емес. Мұндай жиындарға 50-ден 200-ге дейін адам жиналып, санитарлық нормалар өрескел бұзылып, індеттің етек ала түсуіне себеп болып жатыр, – деді департамент бастығы.

Санитарлық талаптардың сақталуына қамтамасыз ету мақ­са­тында күнделікті рейд шараларына шығып отыратын мо­ниторинг тобының тексеріс нәти­желеріне жүгінсек, 7 қара­ша­­да облыс орталығындағы «Ев­разия» мейрамханасында 100-ге жуық адам қатысқан үйлену тойы, «Дияр» дәмханасында 35 адам бас қосқан құдалық, бірнеше жалдамалы коттедждерде 30-дан аса адам жиналған туған күн, қыз ұзату өткен. Сондай-ақ «Тандыр» дәмханасында 30-дан аса адам отбасылық мерекеге бас қосып, «Релакс», «Лед» деген сауналардың тыйым салынған уақыт ішінде жұмыс істегені анықталып отыр.

Сауда орындарында сани­тар­лық талапқа салғырт қарай­тын сатушылардың көптігі де алаңдатады. Мәселен, бір күн­нің ішінде тауарды таразы басынан қолғапсыз, маскасыз жі­берген 70-тен аса сатушы анық­тал­ды. Мониторинг топтың мәлі­метінше, 7 қараша күні тек Қара­су мен Ұзынкөл аудандарында ғана бірде-бір санитарлық талап­тардың бұзылу фактісі тіркел­меген.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024