Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев газ құбыры тартылатын ауыл қатары жыл сайын еселене беретінін жеткізіп, аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан басқа да игі шаралар жөнінде айтты.
Әсіресе облыс халқының өмір сапасын жан-жақты жақсарту, тұрғындарды таза ауыз су, баспана және сапалы жолмен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері өзекті болып тұр.
– Жаһандық коронавирус індеті облысымыздың экономикалық жағдайына кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Алайда мемлекет тарапынан азаматтарды қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шаралар әзірленіп, күн сайын жол-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, сондай-ақ салауатты экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатыр, – деді Э.Күзенбаев.
Облыстық филиал төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінде көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында автомобиль жолдарының сапасын арттыру және 2025 жылға қарай сапалы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұған қоса 300-ден артық адам тұратын ауылдарда орталықтандырылған су құбыры тартылады. 200-ден 300-ге дейін немесе одан да көп тұрғыны бар елді мекендерге келісіммен су тазарту және су тарату пункттері салынады. Сондай-ақ халық саны 200 адамға дейінгі суы сапалы құдығы жоқ шағын ауылдарға орталықтандырылған су құбыры тартылғанша, ауыз су сырттан тасымалданады.
Бүгінде жергілікті атқарушы биліктің күшімен облыстың 11 елді мекенінде сумен жабдықтау желілерін қайта құру, 93 ауылда сумен жабдықтау нысандарын салу жоспарлануда. Нәтижесінде, ауылда тұратын 98,3 мың тұрғынның сапалы ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік туады.
Филиал төрағасының орынбасары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру барысына да тоқталып өтті. Айтуынша, былтыр «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары шеңберінде 1 580 отбасы баспаналы болған.
– Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші. Біз білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қызметтер саласындағы сапалы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы тұрғындардың тұрмысын жақсартамыз. Жергілікті билік Қостанай облысы халқының талап-тілектерін қанағаттандыру мақсатында қолдан келгенше мүмкін шаралардың барлығын тиімді жүзеге асырып келеді, – деді Э.Күзенбаев.
Қостанай облысы