Жергілікті жас суретшілердің туындылары карантин режімі күшейтілгенге дейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залынан орын алып, қала тұрғындарының тамашалауына мүмкіндік туды. Байқауға өзге өңірлерден қатысқан суретші, қолөнер шеберлерінің дүниелері онлайн көрмеге орналастырылды.
Бұған дейін мәдениет басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі, Суретшілер одағының жергілікті филиалының ұйымдастыруымен облыс көлемінде ғана өткізіліп келген өнер байқауы былтырдан бастап республикалық деңгейде өте бастаған.
– Бүгін үздіктерді марапаттап, байқауға қатысқан жұмыстарды тамашалап көрдім. Қаншама жас дарынның өсіп келе жатқанына шын қуандым. Ұлттық нақыштағы тамаша туындыларды көріп, ұлттық сананы жаңғыртудың нақты мысалына куә болдым. Тағы бір қуантатыны, жас дарындардың азаматтық ұстанымы қалыптасып келе жатыр екен. Қоғамда қызу талқыға түскен Көбейтұздың жағдайы, браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшының бейнесі тәрізді көріністер ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. 10 жыл бойы облыстық деңгейде өткізіліп, өткен жылдан бері республикалық мәртебеге ие болған байқаудың шын мәнінде деңгейі жоғары екеніне көзіміз жетті, – дейді мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Байқау қорытындысы бойынша «Бейнелеу өнері», «Графика», «Мүсін», «Декоративті-қолданбалы қолөнер» аталымдарының жеңімпаздары арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Байқауға қатысқан өнерпаздардың ешбірі құр қол қалған жоқ, ұйымдастырушылар талапкер суретшілердің ұстаздары мен өнер мекемелерінің мекенжайына арнайы сертификат қағаздарын жолдады. Қазылар алқасы бірауыздан қабылдаған ұйғарым бойынша Лисаков қаласынан қатысқан жас суретші Әсел Нұркенова байқаудың Гран-приі мен мәдениет басқармасы тағайындаған 300 мың теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болды.
Қостанай облысы