Білім • 11 Қараша, 2020

Атыраулық "Үздік мұғалім" неліктен сыйақысын ала алмай жүр?

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі физика пәнінің мұғалімі Арнұр Қазбековтің әлеуметтік желі арқылы ведомство басшысы Алик Шпекбаевқа айтқан шағымын бақылауға алды, деп хабарлайды Egemen.kz

Атыраулық "Үздік мұғалім" неліктен сыйақысын ала алмай жүр?

Биыл ұстаз "Үздік педагог – 2020" конкурсының республикалық кезеңінде жеңіске жеткен және 2,7 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталған. Алайда ол Атырау облысының жергілікті атқарушы органдары облыстық кезеңдегі жеңісі үшін тағайындаған 300 АЕК көлеміндегі сыйақысын бермеді деп шағымданып отыр. Ал оның әріптестері мұндай сыйақыны алып қойған.

"Мен "Үздік педагог – 2020" конкурсының облыстық кезеңінде жеңіске жеткенімде Атыраудың бір мектебінде жұмыс істейтін едім. 2 қазанда мені Атырау облысының өкілі ретінде марапаттады, алайда жергілікті атқарушы билік берілуі керек соманы берген жоқ. Ал қалған әріптестерім 5 қазанда бұл сыйлықты алып қойды", деп жазады А.Қазбеков.

"Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдерге 300 айлық есептен кем емес көлемде ақшалай сыйақы беріп, қосымша ынталандыруға құқылы. Бірақ оны беру-бермеуді өз бетінше шешеді. Оның үстіне ол 1 қыркүйекте басқа қалаға көшіп кетті. Яғни 5 қазанда біз басқа мұғалімдерді марапаттағанда ол біздің мектепте жұмыс істеген жоқ", дейді аймақтық Білім басқармасының өкілі.

Аталған шағымды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы бақылауға алды.

"Бұл шағым Атырау облысының Білім басқармасына қарау және шара қабылдау үшін жолданды", деп жауап берді ведомстводағылар.