Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлауға да санаулы күндер қалды. Бүгінде қатарлары селдіреп қалған көзі тірі майдангерлер осы бір мерейлі күнге аман-есен жетсек деп асықса, бүгінгі ұрпақ өкілдері – соғысқа қатысы бар әр отбасы, әр мекеме, ұжым осы айтулы мерекені қалай атап өтіп, қалай құрмет көрсетсек деп өз дайындығын жасауда. Сондай бір үлкен шараны болашақ ұстаз-аналарды дайындап отырған қазақ қыздарының қасиетті білім шаңырағы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйымдастырып, күнгейдегі бас қаланың бас сахнасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында дүйім ел-жұртты жинап, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, көрнекті қаламгер Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы аясында “Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, тарихтың түкпірінен сөз келгенде!..” атты әдеби-сазды кешті дүркіретіп өткізді. Мерекелік іс-шараға Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еліміздің зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар, батырдың ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметова қатысып, ғибратқа толы тағылымы мол кештің куәсі болып қайтты.
Тау тұлғалы дара батырымызға арналған кештің беташарын қоғам және мемлекет қайраткері, университет ректоры Шәмша Беркімбаева айтып, Бауыржан Момышұлының көзі тірісінде артындағы ұрпағына аманат етіп кеткен осы бір ауыз сөзіне адалдық танытқан қара орман қазағы батырдың жүз жылдық мерейтойын аста-төк ықыласпен, ерекше құрметпен тойлап жатқанын жеткізді.
– Шүкіршілік, халқымыздың батырлары да аз емес, жазушылары да баршылық. Алайда, Бауыржан сынды құдіретті тұлғаға, ұлы есімге халықтың шексіз сүйіспеншілігінің сыры, құпиясы неде? – дей келе Шәмша Көпбайқызы оның сырын да ашып берді. Ол – “Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық” деп, ұлтын өлермендікпен сүйгендігінде, өлім мен өмір бетпе-бет келгенде, еліне қорған болғандығында, “Адамзатқа өмірден ар қымбат, өлімнен ұят күшті” деп, пәнилік сапарға ары да, жаны да таза аттанғанында, қызыл империяның ызғарынан тайсалмай, сұрапыл соғыс жылдарында да ана тіліміздің мүшкіл халін баяндап, Орталық комитетке жанайқай хат жолдаған ерлігінде, өзіне зияны тиіп жатса да, шындықты шырылдатып айта алатын турашылдығында.
– Ендеше Бауыржан Момышұлы – ең бастысы қазақ деген халықтың бар құндылықтарының іздеушісі, сақтаушысы, жанашыры, яғни туған халқының жадында бүкіл қазақ болмысының шырақшысы ретінде қалады. Ұлы тұлға халқының асқақ рухына айналған, ұлттық намысымыздың төлқұжаты іспетті. Сондықтан “Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты” деп өзі айтқандай, ол көзден кетсе де, әр қазақтың көңілінің төрінде тұр. Батырдың 80 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілді. Награда тапсырарда Елбасының “Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн” дегені, бүкіл жұртшылық сүйіспеншілігінің салтанаты болды, – деді ол.
Одан кейін сөз алған Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев өтіп отырған жиын біздің халқымыз, жастарымыз үшін өнеге тұтатын партиоттық, ұлттық негіздегі тәрбиелік үлкен мәні бар шара, елеулі оқиға екеніне екпін түсіре айтты.
– Биылғы жылы Жеңіс күнінің орны бөлек. Оған 65 жыл толып, бүкіл ТМД аясында кең көлемде атап өтілмек. Міне, осы дата айналып келген сайын еліміздің тарихындағы елеулі тұлғалар, ардагер ағалар мен апаларымыз, Ұлы Отан соғысының қаһарман батырлары ойға оралады. Солардың ішінде шоқтығы биігі әрі бірегейі – жыл өткен сайын елдік пен ерліктің киесіндей, батылдық пен батырлықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналып жатқан баһадүр батыр Баукеңнің алып тұлғасы. Баукең адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың символы, көркем бейнесі, – деді еліміздің бас ұстазы.
Баукең жайлы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин тереңнен, жүректен тебірене баяндай келе, Батырдың көзін көрген, оның өткір жанарынан сүрініп, қолы дірілдеп сәлемін алған кешегі бозөкпе жігіттердің қатарынан екендігін, батыр тұлғамен Алматы жұртшылығы Қыздар педагогика университетінің ақ жүрегінен, адал көңілінен ұйымдастырған кешінде қайтадан табысып отырғанын, жүз жылдықтың ұлы жиындары әлі бола жатар, әлі елдіктің, қазақтың намысын қайрайтын, жігеріне қанат бітіретін талай-талай жиындар өткенімен, мына басқосудың жөні бөлек екеніне, оны ұйымдастырып отырған оқу орнының басшысына, ұжымға, ат арытып жиынға Астанадан арнайы келіп отырған министр мырзаға рахметін білдірді.
– Есімізде, Баукең дүниеден өткенде сібірлеп жаңбыр жауды. Ғ.Мүсірепов атындағы театрға қоштасуға келген халық та, табиғат та жылап тұрды. Біз Кеңсайдың басына барғанда жауын басылды. Қаралы жиында Бауыржан феномені туралы толассыз теңеулер айтылып жатты, бірақ, сол кезде бәріміздің жанымызда қалып қойған бір сөз бар еді. Сонда қазақтың талантты қаламгерінің бірі Тахауи Ахтанов: “...Стандартты замандағы стандартсыз тұлға өтті өмірден” деген еді. Кейін осы сөзді Шерхан ағамыз қазақыландырды. Сөйтіп, “Ноқтаға басы сыймаған” деген пьеса жазды, – деді ақын.
Бүгінде баһадүр батырдың 100 жылдық мерейтойына орай жасалып жатқан сый-сияпаттың қомақтысы көрнекті ғалым, бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметов бастаған бір қауым қаламгер шығарған Баукеңнің 30 томдық таңдамалы шығармалар жинағы болмақ. Кеште сөз алған Мекемтас ағамыз Баукеңнің ақжал толқын өмірінде қиянатты да, қиындықты да көп көрген бірегей қазақ екендігін, оның қолымен жазылған мұрасы халықтың қолына түгел тимей отырғанын, қазір дайындалған 30 томдық шығармаларының толық жинағы деп айтқанмен, бірақ ол толық еместігін, академиялық деңгейге әлі де көтеріле алмағанын алға тартты.
– Баукеңнің Мәскеудегі мұрағаты қолымызға тимеді, тигізбеді. Кубадағы дүниелер де жатыр. Ол кісінің араласқан әдеби ортасы өте кең. Сібірден бастап Мәскеу, Петербор, тағы басқа ТМД елдеріндегі ең маңдай алды зиялыларымен араласты, солармен жазысқан хаттары, суреттері, дауысы бар, олардың бәріне үлгере алмадық. Ал ең қиын мұрасы – әскери мұрасы. Ол тұтас тұр. Батыр жайлы жазылған еңбектер қаншама. Баукеңді толық көрсету үшін бүкіл дүние жүзіне жайылған деректердің бәрін жинауымыз керек. Меніңше, Баукең өзінше жатқан ілім, терең мұхит. Соның бәрін жинақтар болсақ, 100 томдығы қиналмай шығады. Сонда ғана оны барлық қырынан танитын боламыз. Міне, бұл келе жатқан ұрпақтың алдындағы парыз, – деді ғалым.
Әрине, кеш барысында батырдың айбынды, гүрілдеген дауысын, қатулы қабағын сағынған қауым Б.Момышұлы туралы түсірілген деректі фильмді көріп, үнтаспадағы үнін естіп, өзімен қауышқандай болды. Сонымен қатар Батырдың өлеңдерінен композиция құрылып, соғыс жылдарындағы әскери әндер, хореографиялық қойылымдар орындалып, Әлия мен Мәншүк бейнелері сомдалды.
Кешті жүргізген талантты жас актерлер Айгүл Иманбаева мен Ерлан Біләл “Ұшқан ұя”, “Ақиқат пен аңыз” кітаптарынан, Зейнеп Ахметованың “Шуақты күндерінен”, 1 курс студенттері Д.Тайженова, М.Қайтбаевалар Бақытжан Момышұлының “Во имя отца” кітабынан үзінділер оқыды. Сахна ажарын ашып, жиналған қауымды желпіндірген университеттің халық аспаптар оркестрінің орындауындағы С.Мұхамеджановтың “Шаттық Отаны”, Құрманғазының “Сарыарқасы”, ақын Г.Құрманбайдың сөзіне ән жазып, орындаған, аталмыш оқу орнының түлегі, дарынды әнші, ҚР мәдениет қайраткері, әнші-сазгер Гүлнұр Өмірбаеваның жүрекке жеткен “Нұр дидарлы Нұриләсі” барша аналарға деген құрмет болса, қайратқа қайрат, жігерге жігер қосатындай батыр ағасына арнаған “Батыр Бауыржан” әні де сәтті шыққан дүние дер едік. Музыкалық білім және мәдениет факультетінің студенттерінен құралған хордың орындауындағы “Көгершіндер”, “Эх, дороги”, “День Победы” әндері де сонау алыс жылдарды жақындатқандай. Осылайша, екі жарым сағатқа созылған кештің бір деммен қалай өткенін байқамай қалыппыз. Сыртқа немересін жетектеп шыққан, Батырдың ұрпағы, өзі болмаса да көзі – Бақытжан ағамыз бен Зейнеп жеңгейге әсерлерімен бөлісуді өтіндік.
– Кеш ойлы, терең мағынада, керемет өтті. Қыздарымызға үлкен рахмет. Бұл Алматыдағы төртінші кеш, – деді Бақытжан ағамыз. – Бұған дейін Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Жүргенов атындағы өнер академиясы, №9 қалалық лицейі өткізді, әрқайсысы үлкен әсер қалдырды. Жаңа Мекемтас аға айтты ғой, әкеміздің тұлғасы сарқылмайтын мұхит деп. Соның шет жағасынан тамшылатып тануға, түсінуге тырысудамыз. Ол кісіні толық білеміз дей алмаймыз, ол мүмкін де емес. Бірақ, күнде бір жаңалық естиміз. Оған көмектесетін халық бар, ғалымдар, жастар бар, соларға рахмет айтқым келеді.
Иә, қашанда ерлік ұмытылмайды, ерлік өлмейді. Осы кеш соның бір парасындай...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.