Басты талап – бәсекеге қабілеттілік
Биылғы жиын жылдағыдан өзгерек, онлайн форматта өтіп жатыр. Шараның алғашқы күні ақпарат тұтынудың жаһандық трендтері, мамандардың біліктілігін арттыру, редакция жұмысының өзгеруі, пандемия және БАҚ-қа деген сенім дағдарысы сияқты тақырыптар көтерілді. Алқалы жиынның ашылу салтанатында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ақпарат саласының қалай өзгергеніне тоқталып, сарапшылардан сындарлы диалог күтетінін мәлімдеді.
«Қазіргі заман – ақпарат тасқыны көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан уақыт. Бірегейлік, икемділік, құзыреттілік, серіктестік және коллаборация секілді дағдыларымыздың бүгінгі күні қалыптасқан жағдайда тамаша шешім бола алатынын анық білеміз. Үздік тәжірибені зерделеу және қолдану, дамыған коммуникация және жоғары кәсібилік медианы болашақтың саласына айналдырады», деді А.Балаева.
Министр пандемия салдарынан жарнама берушілер саны азайып, шығарылым көлемі қысқарғанын және кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының жабылуға мәжбүр болғанын атап өтті.
«Оқырмандар мен көрермендердің назарын аудару үшін бәсекелестік тоқтамайды. Сондықтан әрбір арна сапалы әрі қызықты контент ұсынуға тырысады. Сонымен қатар әлеуметтік желілер де белсенді жұмыс істейді. Біздің БАҚ жоғары біліктілік пен бәсекелестікке дайын екенін көрсетіп отыр. Сол себепті де мен оларға өз аудиториясы үшін әрқашан қызықты болуын тілеймін», деді Аида Балаева.
Ақпарат саласының бүгінгі ахуалы туралы өзекті сұрақтарға жауап берген Аида Балаева кәсіби журналистиканың дамуы аса маңызды екеніне тоқталды. «Ең басты міндет – халыққа жедел және сенімді ақпарат жеткізу. Жаңа технологиялар ғасырында, жаңа медиакоммуникациялар пайда болған кезде, бұл міндет күн сайын күрделене түседі. Қазір бір адамның өзі ақпараттың көзіне айналып, кейде бүкіл қоғамды адастыратынын жүргенін байқауға болады. Сол себепті кәсіби журналистиканың дамуы маңызды. Мен журналистердің қоғамды тұрақтандыру үшін жедел және сенімді ақпараттың қаншалықты маңызды екенін әрдайым есте сақтағанын қалар едім», деді министр.
Министрдің айтуынша, пандемия қоғамдағы мәселелерді шиеленістіре түсетін жалған әрі қауіпті ақпараттың қаншалықты көп болатынын көрсетті. Ал бұл мәселемен күресте кәсіби журналистика мен білікті мамандардың рөлі арта түседі. Кәсіби журналистиканың шоқтығы әрқашан биік болуы үшін министрліктің БАҚ-ты қолдауға және сапалы дамуы үшін жағдай жасауға дайын екені айтылды.
Әңгіме барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пандемия кезіндегі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалы мен өзекті мәселелерін ортаға салды. «Дүниежүзінде пандемиямен күрес бірнеше толқында жүріп жатқанын көріп отырмыз. Сол себепті де қандай да бір болжам айту қиын. Дегенмен пандемия мемлекет пен БАҚ-тың өзара байланысының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қиындықтарына тоқталатын болсақ, жарнама берушілер саны төмендеді, баспа өнімдерін жеткізуде және сатуда кедергілер пайда болды, осының барлығы басылым таралымдарының азаюына әкелді. Тіпті кейбір БАҚ-тың жабылуына тура келді», деді Аида Балаева.
Осы себепті министрліктің уәкілетті орган ретіндегі міндеті отандық БАҚ-тың дамуына қолдау білдіру болып отыр. Ведомство басшысы әлемдегі және еліміздегі оқиғалар ақпарат құралдарының әрдайым ізденісте болуын талап ететінін баса айтты. «Ақпарат саласындағы бәсеке күннен-күнге қызып келеді. Жаңа контент пен мультимедиалық өнімнің сапасы артып жатыр. Аудиторияға талас күн, сағат санап жүріп жатқандықтан, барлығы өнім сапасын жоғары деңгейге жеткізуге тырысып бағуда», деп атап өтті министр.
Аида Балаева бәсекеге құрылған нарықтық жағдайда отандық БАҚ-тың кәсібилігін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол ақпарат құралдарына өз аудиториясын, көрерменін жоғалтпауды тілеп, қызықты материалдар мен сапалы өнім жасауда сәттілік тіледі.
Пандемия һәм медиа
Бірнеше тақырыпты ортаға салған сарапшылар ең әуелі саладағы зерттеу нәтижелеріне құлақ асты. Kantar зерттеу компаниясының нәтижелерін таныстырған Татьяна Старцева коронадағдарыстың медиа мен жарнама саласына тигізген әсеріне тоқталды. Сарапшының айтуынша, пандемия өзге салалармен қатар ақпарат кеңістігінің жұмысына үлкен өзгерістер әкелген. Медиа саласының табысы жылдағымен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Дегенмен тұрғындар үшін телевизия мен интернет ең басты ақпарат көзі болып қала берген. Және дағдарыс аса әсер етпеген салалардың бірі осы – интернет екен. Т.Старцева жаңа медиаға сұраныстың арта түскенін алға тартты.
Мультимедиалық журналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ақсәуле Әлжан АҚШ пен отандық БАҚ саласының ерекшеліктеріне тоқталды. Маман еліміздегі журналистерді даярлау кезінде тәжірибеге көбірек мән берілуі керек деген пікір білдірді. Бұл ретте сарапшы отандық журналистердің «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алуы салаға оң өзгерістер алып келетініне сенімді. Өйткені Қазақстан секілді азаматтық қоғамды дамытуға мән беретін елдерде журналистердің біліктілігін арттыру алғышарттардың бірі саналады. А.Әлжан сондай-ақ журналистік этика мәселесіне де ерекше мән беруді қозғады.
Іргелі жиынға қатысқан шетелдік сарапшылар ақпарат саласындағы жаһандық ахуалға тоқтала келе, өз елдеріндегі тәжірибені ортаға салды. «Astana Media Week 2020» шарасының пленарлық сессияларының бірінде сөз сөйлеген Ресейлік «ТАСС» АА бас директорының орынбасары Михаил Гусман ақпарат тарату кезінде қандай мәселелерге назар аударылуы керектігін айтып берді.
«Ақпараттық мүмкіндіктер кеңейіп келеді, сондай-ақ жаңа технологиялардың дамуымен келетін сын-тегеуріндер саны да артты. Біз өз жұмысымызда жаңа технологиялардың мүмкіндіктеріне бейімделеміз. ТАСС агенттігі Ресейдегі мемлекеттік ақпарат агенттігі ретінде отандық және шетелдік барлық танымал платформаларда жұмыс істейді.Әлеуметтік желілерде де белсендіміз. Дегенмен мұны місе тұтуға болмайды. Заманның жаңа талаптары жаңа сын-тегеуріндер мен қиындықтарды қатар алып келді», деді Михаил Гусман.
Ресейлік сарапшы жалған ақпараттың көбеюіне аса мән берді. Бұл ретте ол фейк хабарлардың артында кім тұрғанына емес, оған қалай қарсы тұруға болатынына назар аударуға шақырды. Ол ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби қарым-қатынасы маңызды рөл атқарады деген пікірде.
«Жалған ақпараттың кеңістігімізге кіріп кетуімен үнемі күресуіміз керек. ТАСС агенттігінің тәжірибесі туралы айтар болсақ, ең басты құралымыз – біздің тілшілерімізге деген сенім. Ел ішінде, шетелде жұмыс істесе де тілшілеріміз ең негізгі әрі сенімді ақпарат көзіне айналуы үшін барынша күш салады. Біздің қызмет жаңалықты таратып қана қоймай, ол фактілердің расталуын да қадағалайды. Жылдамдық – ақпарат агенттіктерінің ең маңызды факторларының бірі. Әйтсе де агенттіктің ішінде әріптестермен пікір алмасқан кезде мен «ең алдымен жылдамдықтан гөрі шынайылыққа көп мән берілуі керектігіне» баса назар аударамын», деді Михаил Гусман.
Шетелдік тәжірибе біліктілікті арттырады
Пленарлық сессия жұмысына қатысқан UNA халықаралық бөлімінің директоры Хазем Абду пандемия БАҚ-тың трансформациясын жеделдетіп жібергенін жеткізді.
«Коронавирус бұқаралық ақпарат құралдарының трансформациясын жеделдетіп жіберді. Дәстүрлі БАҚ жаңа медиа тәсілдерін көбірек қолдана бастады. Қазіргі жағдайда дәстүрлі медиа заманға сай құралдарды пайдалана білуі тиіс. Ол үшін жаңа арналар, жаңа форматтар мен құралдар керек», деді Хазем Абду.
Спикер сонымен бірге жалған ақпарат мәселесіне де тоқталды. Себебі бұл үрдістің өршуіне пандемияның әсері зор. Хазем Абдудың айтуынша, әлемнің кейбір мемлекеттерінде, әсіресе әлеуметтік желілерде жалған ақпарат өте көп тарап кеткен. «Егер осы үрдіс үдемегенде індеттен көз жұмғандардың да саны едәуір аз болар еді. Бұл ретте дәстүрлі ақпарат құралдары цифрлық құралдарға ілесе алмай келе жатқанын нақты факт ретінде қабылдай білу керек», деді ол. Спикер сөз соңында БАҚ-ты әрі қарай қалай дамыту керек деген мәселе бойынша әлі де ойлану керектігін айтты.
Кореяның бас ақпарат агенттігі YONHAP-тың жаһандық стратегия тобының жетекшісі Жун Сын Ли ұйым тәжірибесі туралы айтып берді. «Кореяның барлық жаңалық таратушы ұйымдары YONHAP агенттігінің жаңалықтарына 40 жыл бойы сүйеніп келді. Әсіресе ел ішіндегі және шетелдегі ең шұғыл жаңалықтарды таратады. Агенттік әрдайым уақыт пен заман талабына сай бейімделуге тырысады», деді Жун Сын Ли.
Спикердің айтуынша, агенттік әлеуметтік желілердің ықпалын ескере отырып, барлық платформаларда хабар таратуды қолға алған.
«Біздің агенттіктің Facebook, Instagram парақшаларының жұмысы ретке қойылған. Сонымен бірге агенттіктің Youtube контентіне де сұраныс өте жоғары. Әлем халқына қолжетімді болуы үшін ақпаратты ағылшын тілінде де таратамыз. Медиаплатформалардың көмегімен тұрақты өсімді сақтап келеміз», деді кореялық сарапшы.
Шетелдік сарапшылардың бірі Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) Медиа академиясының директоры Стив Ахерн өз сөзінде пандемия салдарынан болған карантин кезінде адамдардың ақпарат тұтыну дағдылары қалай өзгергенін баяндады. Сарапшының айтуынша, медиа өнімдердің ішінде жаңалықтарға сұраныс бірнеше есе өскен. Карантин кезінде үйден жұмыс істегендердің де саны артты. Олардың ішінде ақпарат саласының қызметкерлері де бар. Эфирді үйінен шықпай жүргізген, онлайн сұхбат алған, тікелей эфирге шыққан журналистердің қатары көп. Үйінен шағын студия жасау арқылы ақпарат таратудың тәсіліне қауіпсіз өткен. Қызметкерлердің үйде жұмыс уақытында радио тыңдауға, жаңалықтар қарауға, телевизиялық бағдарламалар көруге және әлеуметтік желіде отыруға мүмкіндігі көбейген. Осылайша медиаға сұраныс артып, тұтынушылардың әдеттегі дағдылары өзгере бастаған. Аустралиялық сарапшы сауалдамаға қатысқан халықтың көбі үйден жұмыс істеуді жөн көргенін жеткізді.
Үшкүндік шараға қатысуға отандық және шетелдік топ-менеджерлердің өкілдері, жетекші медиаагенттіктердің сарапшылары, ірі халықаралық ұйымдар мен шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, мемлекеттік сектор мен продакшн компаниялардың өкілдері шақырылған. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Нью-Йорк киноакадемиясының профессорлары журналистерге арналған шеберлік сыныптарын ұсынады. Сонымен қатар Ресей мен Қазақстанның тәжірибелі медиа жаттықтырушыларының да кеңесін тыңдауға болады.
Медиа саласының қатысушыларына арналған жыл сайынғы «Контент-маркет» көрмесі алғаш рет онлайн форматта өтеді. Қатысушылар отандық және халықаралық продакшн компаниялардың медиа нарықтағы өзекті ұсыныстарымен танысып, өндірушілерге, сатып алушыларға өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады.
Шараның соңғы күні баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктері үшін дәстүрге айналған «Үркер» ұлттық сыйлығы табысталады. Жеңімпаздар мүсінше мен 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады.