![Өздеріне жауапкершілік алуға дайын](/media/2020/11/12/df7e6f9b-9f02-4ad0-ac1f-61ede098670c.jpg)
Іс-шараға Альянстың Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Жезқазған және Семей қалалары мен облыстарындағы 19 өңірлік бөлімшенің 100-ге жуық өкілі қатысты.
Дариға Назарбаева пандемия кезінде мұқтаж жандарға, әлеуметтік мекемелерге көмек көрсеткен, дәрі-дәрмектермен, жабдықтармен, ыстық тамақпен қамтамасыз еткен қайырымды жандардың игі ісін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол көп жандардың өмірін сақтап қалған, адамдарға үміт сыйлаған дәрігер әйелдерге, медбикелерге, санитарларға өз кәсібіне адалдығы, қайырымдылығы үшін ерекше алғысын жеткізді.
Дариға Назарбаева гендерлік саясатты іске асыру тұрғысынан алғанда осы жылдың маңызды оқиғасы – әйелдердің Nur Otan партиясының праймеризіне қатысуы екенін атап өтті. Партияның ішкі іріктеуіне тіркелген 10 990 қатысушысының 4 033-і әйелдер. Әйелдер барлық үміткерлердің жалпы санының 36,7 пайызын құрады.
«Қазақстанның әйел күштерінің Альянсының» рөлін ерекше атап өткім келеді. Праймеризге қатысқан әйелдердің шамамен 40 пайызы – альянс өкілдері. Бұл іс жүзінде кадр саясатына қатысуды білдіреді. Альянс үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. 1 500 әйелден тұратын республикалық кадрлық резерв қалыптасты. Олардың барлығы кәсіби, танымал, табысты жандар», деді ол.
Дариға Назарбаева сондай-ақ «Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы» форумына қатысушылардың талқылауына шығарылған мәселелердің өзектілігіне назар аударып, елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін баса айтты.
«Есейген сайын әр әйел көшбасшы болады. Көшбасшылық – бұл ең алдымен өз өміріміз бен жақсы көретін барлық адамдар үшін алатын жауапкершілік. Олардың қатарында ата-ана, бауыр, күйеу, балалар, достар мен әріптестер бар. Сондықтан әйелдер үшін әлеуметтік дамудың мақсаттары түсінікті. Ортақ игілік, бейбітшілік пен амандық, олар үшін елдің табысы туған үйіндегі, отбасындағы бақытпен, амандықпен тығыз байланысты», деп атап өтті Д.Назарбаева.
Ол қазақстандық әйелдер ауыл, қалалар, облыс, республика деңгейінде тәжірибе, қажетті кәсіби құзыреттілік тұрғысынан да жауапкершілік алуға дайын екенін айтты.
Өз кезегінде «Қазақстанның әйел күштерінің Альянсы» ЗТБ төрағасы Раушан Сәрсембаева ұйым жұмысының нәтижелеріне тоқталып, альянстың белсенді қатысуымен сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген түзетулердің қабылданғанын, оған сәйкес партиялық тізімде әйелдер мен жастардың үлесі кемінде 30% болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ әйелдердің саяси көшбасшылығының онлайн мектебі іске қосылды. Онда 330-дан астам әйел білім алады. Одан бөлек альянстың қатысуымен отбасылық және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі заң жобасына 15-тен астам түзету, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасына 50-ден астам түзету енгізілген, коронавирустық пандемия жағдайында медицина қызметкерлері мен әлеуметтік осал отбасыларды қолдау бойынша 67-ден астам қайырымдылық акциясы өткен.
Екі сағаттық онлайн конференция барысында қатысушылар өзге де өзекті мәселелерді талқылады. Әйелдердің құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және әйелдердің қоғамдағы мәртебесін арттыру тақырыптары көтерілді.
Талқылау барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсу проблемасына ерекше назар аударылды. Соңғы бес жылда отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың саны екі есеге артқан. Заңсыз әрекеттердің 37,8%-ы әйелдерге қарсы жасалған.
Іс-шара соңында қатысушыларға «2021-2023 жылдарға арналған Қазақстанда әйелдердің өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі альянстың жол картасы» таныстырылды және «Қазақстанның әйел күштері Альянсы» форумының қарары ұсынылды.