Білім • 12 Қараша, 2020

Қазақша үйрететін платформа

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

NIS мектебінің оқушылары қазақ тілін үйренуге арналған онлайн-медиатека платформасын жасады.

Қазақша үйрететін платформа

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мекте­бі­нің 10-сынып оқушылары Бөрте Құрбанбай, Жібек Әлиақбар, Альмира Әбдіқадыр және Аида Маликова «U:hack» идеялар фестиваліне қаты­сып, соның аясында 24 сағат­­тың ішінде мектеп жасы­­на дейінгі және мектеп оқу­шыларына қазақ тілін үйре­те­тін онлайн-медиатеканы жасап шығарды. Олар әзірлеген «Ynta» жобасының мақсаты − қазақ тіліндегі медиа-файлдар, кітаптар мен фильмдер арқылы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін үйренуге қызықтыру.

Платформаның негізін қалау­шылардың бірі Б.Құр­бан­байдың айтуынша, жоба­ның идеясы − фильмді немесе сериалдың эпизодын қарау кезінде немесе подкасты, я аудиокітапты тың­дау барысында мәтіндегі бей­мәлім сөзді белгілеп, сол сөздің мағынасын, орыс және ағылшын тіліндегі аударма­сын, синонимдерін және сөйлемде қолдану мысалын табу арқылы қазақ тілін үй­рену, лексикалық және грам­ма­тикалық қолданысын кеңейту. Бұл үшін сайтта беймәлім сөздің мағынасын көрсету және сөздікті толтыру функциялары қамтылған.

Сондай-ақ қазақ тіліндегі контенттің жетіспеушілігі, қазақ тілінде аударылған әлемдік әдебиет пен әлемге әйгілі фильмдердің шектеулі тізімі мәселесі де қыздардың жобасында көрініс тапты. Бұл мақсатта қыздар әуесқой және кәсіби аударма, сондай-ақ дыбыстау мамандарымен ынтымақтастық орнатуды ұсынған.

«Біздің жоба  –  әрі танымдық, әрі қызық контенттің симбиозы. Өз бетімен тіл үйренудің қаншалықты қиын екенін бәріміз білеміз. Сондықтан тіл үйренуде жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін өзіңе қызықты нәрселерді қараған жөн», деп атап өтті А.Әбдіқадыр.

«U:hack» – инновациялық идеяларды іске асыруға арнал­ған идеялар алаңы. Фес­тиваль аясында командалар 24 сағат ішінде ұйымдастырушылар берген тапсырмалардың оңтайлы шешімін тауып, оны жан-жақты ойластырып, өз жобасын ұсынады.