Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Қостанай облысында ауыл тұрғынын алдап кеткен екі алаяқ ұсталды

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бейімбет Майлин ауданында ауыл тұрғынын алдап, ақшасын алып кеткен алаяқтардың әрекеті бейнекамераның көмегімен әшкере болды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қаржылық алаяқтық қылмысты ізін суытпай ашып отыр.

Қостанай облысында ауыл тұрғынын алдап кеткен екі алаяқ ұсталды

Тергеу бөлімінің қызметкері Әлішер Байқановтың айтуынша, полиция бөліміне 3-қараша күні шағым түсірген Николаев ауылының тұрғыны екі белгісіз әйелді жауапқа тартуды өтінеді. Бейтаныс әйелдер түрлі тауарлар сатып алуды ұсынып, ер адамның үйіне кірген. Әңгіме барысында алаяқтар жәбірленушіден бүтін 10 мың теңгені ұсақ ақшаға айырбастап беруін сұрап,  қолдарына ақша тиген соң тайып тұрған. Ер адам біраз уақыттан кейін ғана қолындағының жалған ақша екенін біледі.  

Абырой болғанда, қаскүнемдердің жеке басын анықтауға жәбірленушінің қырағы көршілерінің көмегі тиген. Олар оқиға болған уақыт шамасында жәбірленушінің есік алдында ресейлік нөмірлі көлікті көргендерін айтады. Осыған ұқсас автокөлік бұған дейін патрульдік полиция қызметкерлеріне де кезіккен. Олар сол күні шетел көлігін құжат тексеру мақсатында тоқтатқан. Елді мекендерде орналасқан бейнебақылау камералары арқылы полицейлер бұл көліктің алдымен аудан орталығына, содан кейін Тобыл кентіне барғанын анықтады.

Осылайша, қысқа мерзімде сұр түсті автомобильдің қозғалысы мен тұрған жері толық анықталады. Көлік ішінде отырғандар жәбірленуші сипаттаған әйелдер болып шықты.

-  Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлімі бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сот қарауына жіберілді, - деді тергеуші Әлішер Байқанов.  

 

 Қостанай облысы