Қоғам • 13 Қараша, 2020

Ахуал тұрақты, алайда босаңсуға болмайды

180 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсектік орын ұйымдастырылған. Пандемияның түрлі сценарийіне байланысты төсектік орнын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Медициналық ұйымдарда орналасқан зертханалар тәулігіне COVID-19-ды анықтау үшін 5 мың тест өткізуге дайын. Облыс бойынша тәулігіне ПТР-тест жүргізетін 10 зертхана жұмыс істеуде. Өңірде пандемия басталғалы күні бүгінге дейін барлығы 240 мыңға жуық тест өткізілген.

Ахуал тұрақты, алайда босаңсуға болмайды

 

Облыстық Қоғамдық ден­сау­лық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, өңірдегі медициналық мекеме­лерде өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны 178-ден 332-ге дейін артып, өсім 46,4% болған. Ал оттегі стансасының саны 2 есе артып, 8-ге жетіп отыр. Сондай-ақ 80 бірлік оксигенация аппараты сатып алынды. От­тегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, өсім 95%-ды құрады. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Биыл облыстық бюджет есебінен 1 компьютерлік томограф пен 3 сан­дық рентген аппараттары орна­тылды.

Сонымен қатар облыстағы медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 3 879-ға дейін жетіп, 95,1%-ға артқан. Коронавирус ин­фек­циясының екінші толқы­ны­на дайындық мақсатында облыстың медициналық ұйымдары дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Екі айлық қор қалып­тас­тырылған. Облыс бойынша қазіргі таңда бір адам корона­ви­руспен стационарлық ем қа­был­дауда, ал амбулаториялық жағдайда ем қабылдаушылар – 18. Қарым-қатынаста болған 116 адам – медициналық бақылауда. Әзірге Түркістан облысындағы эпи­демиялық ахуал тұрақты, блок-бекет­тер қойылмайды.

Дегенмен өңірде жеке азамат­тар­дың той-мерекелерді атап өтуі ты­­йылар емес. Осы орайда облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов пандемия уақытында облыс тұр­ғын­да­рын жалпыға ортақ тәртіпті сақтауға шақырды.

«Жаңадан қабылданған қау­лы­ға сәйкес, 3 қарашадан бас­тап облыс аумағындағы мал базарлары санитариялық-дезинфекциялық ре­­жім­ді күшейтіп, 30%-дан асырмай тол­тырумен, аптаның жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Түркістан облы­сы бойынша 31 мал базары бар. Infokazakhstan сайтына мал базарлардан ашылуға 16 өтініш түсті, оның 7-уі қаралып, төртеуіне жұмыс істеуге рұқсат берілді (Қазығұрт, Ордабасы, Келес, Төлеби), 3-уі қайтарылды, 9 өтініш қаралуда», дейді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Жалпы, індеттің таралуына қарсы күрес шараларының аясында өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-тех­никалық базасы жаңартылуда. Мысалы, жуырда облыстың шал­ғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен, жедел жәрдем стансасының паркі 13 реанимобильмен толықты. Облыстық жедел-жәрдем қыз­метін жыл соңына дейін 122 автокөлікпен жабдықтау көз­делген. Бұл медициналық жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Ал шалғай аудандар жылжымалы медициналық кешенмен толық қамтамасыз етіліп отыр. Көшпелі аурухана аудан орталығынан 100-200 шақырым жердегі ауылдарға барып, тұр­ғын­дарға қызмет көрсететін болады. Бұл өз кезегінде ауыл тұр­ғындарының медициналық қыз­меттерге қолжетімдігін арт­тырары анық. Заманауи медициналық кешен флю­рография, уль­тра­ды­быс­тық аппарат, зерттеулерге арналған анализаторлар, офтальмоскоп, глюкометр және тағы басқа құралдармен жабдықталған. Дәрігерлер азаматтарды то­лық тексеру­ден өткізіп, ауру­­ды дер ке­зін­­де анық­тай ала­ды. Барлық емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмектің 2-3 ай­лық қоры
қам­­та­­масыз етілген.

Өңірдің қала, аудан­дарында да медициналық мекемелердің бүгінгі талапқа сай болуы, қажетті жабдық, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілуі – басты назарда. Дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне, бұл орайда еңбегінің адал бағалануына да ерекше мән берілуде. Мысалы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қо­ры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы корона­ви­рус инфекциясының алдын алуға, диагностикалауға, ем­деуге, эпидемияға қарсы іс-ша­ра­­ларға қа­тыс­қан медицина қыз­мет­кер­ле­ріне үстемеақы төлеуге 12,7 млрд теңге бөлген. Қор филиалы медициналық қыз­мет көрсету сапасын мо­ни­то­рингтеу бөлімінің бас сарап­шысы А.Ибрагимованың мәлі­ме­­тінше, биылдың наурыз-қыр­күйек айлары аралығында 9,3 млрд теңге төленген. Оның ішін­де эпидемияға қарсы іс-шара­ларға тартылған ме­ди­цина қызметкерлерінің үс­теме­ақысы 6,6 млрд теңге болып отыр. Сондай-ақ науқастарды про­визорлық және карантиндік ста­цио­нарларға емдеу­­­ге жатқызуды қаржыландыруға 1,8 млрд теңге жұмсалған. Облыс бойынша 395 мобильді бригада қызмет көрсетеді. Қор бригаданың әрбір шақыруға шыққаны үшін 5 400 теңге ақы төлейді.

Ал Түркістан қалалық ор­та­лық ауруханасының бас дә­рі­гері, медицина ғы­лым­да­ры­ның кандидаты Жанболат Ділдәбеков эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қыз­мет­кер­­лері ішінен коронавирус ин­фек­циясын жұқтырған 11 маманға, оның ішінде 8 дәрігерге мемлекеттік әл­еуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге бір реттік төлемақы төленгенін айтады. Оның айтуынша, қазіргі таңда аурухана медициналық құрал-жабдық­тар­мен толық қам­тыл­ған. Түркістан қаласындағы «Яссы» шағын ауданында 200 тө­сек­тік орынды модульдік типтегі жұқ­палы аурулар ауруханасының жаңа ғимаратының құрылысы бас­тал­ды. Дәрі-дәрмектер, дезинфек­ция­лық заттар мен жеке қорғаныш киім­дерінің екі айлық қоры қойма­ға жеткізілді. Сондай-ақ қалалық әкім­­діктің қолдауымен оттегі беке­ті іске қосылды. Жалпы, аурухана өзінің кезекпен және кезектен тыс түскен науқастарына жоғары технологиялық қызметтер көрсетіп келеді.

Ауруханаларға қайы­рым­ды­лық көмек көрсету­шілер әлі де көп. Жуырда Шардара аудандық орталық ауруханасына жомарт жандардың демеушілігімен 10 оттегі концентраторы табыс­тал­ды. Игі іске ықпал болған «ICC» мақта өңдеу компания­­­сы Қазығұрт және Төлеби аудандық орталық ауруханаларына да оттегі концентраторларын тарту еткен. Коронавирус инфекция­сы­мен күресте аса қажетті дүниені қабылдап алған аудандық ауру­ха­наның бас дәрігері Нұржан Нөсе­ров демеушілерге бүкіл ұжы­мы атынан алғысын білдірді. Жалпы Шардара аудандық ауруханада оттегі концентраторларының саны 40-қа жетті.

Коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары аясында аудандық ауруханаға жақында ғана жылжымалы медициналық кешен берілген болатын. Қазіргі таңда ауру­ханада коронавирус инфекциясымен ем қабылдап жатқан науқас жоқ. Ықтимал екінші толқынға дайындық тұрғысында аурухана 200-ге жуық пульсоксиметр, 9 дана өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен қамтылған. 100 төсек­тік орын орталықтандырылған от­те­гі нүктесімен жасақталған. Ме­­­­ди­­циналық ұйымның қыз­мет­­­кер­лері тарапынан коро­на­ви­рус­­­қа қарсы опера­тив­ті жоспар даяр­­­­­­­­­ланды. Дезинфекциялық ері­тін­ділердің, медициналық мақ­­сат­та­ғы бұйымдардың, жеке қор­ға­ныс құралдарының және дәрі-дәрмек қоры толық жаб­дық­талған. Індетке шалдыққан нау­қас­тарға медициналық көмекті көрсету үшін 16 мобильді топ құрылған.

 

Түркістан облысы