Қоғам • 13 Қараша, 2020

Ерлердің ерлігі лайықты бағаланса екен

575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әріптесіміз, журналист Баян Қуандыққызының «Egemen Qazaqstan» газетінде 2020 жылғы 10 қараша күні жарияланған «Іздеусіз ер, сұраусыз ерлік» мақаласын үлкен ризашылықпен оқып шықтық. Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Серікбай Тұрлыбаевтың анасы Сәпен апаймен жүздескен журналистің әрбір сөзін тебіренбей оқу мүмкін емес. Баян Қуандыққызы бұл мақаланы Сәпен апай мен өзінің атынан ғана емес, барлық ауған соғысына қатысқан сарбаз аналардың атынан жазып отырғандай ерекше әсер қалдырады.

Ерлердің ерлігі лайықты бағаланса екен

Мақалада айтылғандай, Кеңес Армиясына қарасты 66-бригаданың 2-батальоны 7-ротасындағы 1 және 2-взвод­тағы 17 жауынгердің Ганд­жгал­да ерлікпен қаза тапқаны жайлы деректер ашылған соң, елеу­сіз қалған ерлерді іздеушілердің арқа­сын­да 17 ердің ерліктері лайықты бағаларын алған екен. Ресей елі өзінің жауынгерлерінің бәріне дерлік Ресей Федерациясының Батыры атағын берген. Өкініштісі, осы топ­та­­ғы қазақстандықтар Серікбай Тұрлы­баев, Владимир Прохоренко, Борис Бочкиннің ерліктері ескерілмей қалған. Кезінде ол жөнінде белгілі жур­налист Қайнар Олжайдың да «Табыт – біреу, тағдыр – екеу» мақаласында сөз болғанын оқи отырып, өз ұлымыздың, өз ерлеріміздің ерліктері қашан лайықты бағасын алады дегенге біз де қосыламыз.

Осы орайда, шынында да Ауған соғысындағы ерліктерді бағалауға келгенде, қазақстандық биліктің неге мойындары жар бермейтінін түсіну қиын. Қаншама жыл бойы жоғарыға жазып жүріп, Ауған соғысына қа­тыс­қандар «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес кейбір жеңілдіктерге енді ғана ілікті. Аты аңызға айналған «Қара майор» Борис Түкенұлы Керім­баев­тың ерлігі туралы қанша жазылса да, «Халық Қаһарманы» деген атаққа қол жет­кізе алмай, дүниеден өтті. Өте өкінішті.

Енді міне, тағы бір еріміз, қазақс­тандық жауынгер Серікбай Тұрлы­баев­­­тың өшпес ерлігі туралы Баян Қуан­дыққызы барлық айғақ деректерді алға тартып, «Халық Қаһарманы» ата­ғына лайықты екендігін жеріне жеткізе жаз­ған екен. Иә, Ұлы дала батыр­ла­ры­ның ерлік дәстүрі бүгінгі жастар үшін де, ер­теңге бола­шақ үшін де маңызды нәрсе.

Еліміздің жақында атап өтетін Тәуелсіздік мерекесіне орай немесе 2021 жылдың 15 ақпанында Кеңес әс­кер­лерінің Ауған елінен шығарыл­­­ға­ны­на 32 жыл толуы қарсаңында Отан ал­дындағы өз борыштарын адал атқар­ған, жауынгерлік намысты жан­кештілікпен қорғаған Борис Ке­рімбаев пен Серікбай Тұрлыбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп жатса, елдіктің, ерлік пен батырлықтың өне­гелі дәстүрі толыға түсетіні сөзсіз.

Елі үшін өшпес ерліктің асқан үлгі­­сін көрсеткен ерлеріміз осылай ла­йықты бағаларын алып жатса, Кеңес елінде ескерілмей қалған әді­лет­­сіздіктің орны толар еді, Сәпен апай сияқты батыр ұл өсірген аналар алдын­­дағы парызымыздың бір өтеуі қайтар еді.

 

 

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,

әскери журналист,

запастағы полковник